Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап сыйлау дәстүрі

16.02.2026, 17:55 63

HALYQLINE.KZ

Кітап – адамзаттың рухани байлығы, ақыл мен парасаттың сарқылмас қазынасы. Жыл сайын 14 ақпан күні әлем жұртшылығы Халықаралық кітап сыйлау күнін атап өтеді. Бұл мерекенің басты мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, балалар мен жасөспірімдердің бойына рухани құндылықты сіңіру, сондай-ақ кітапты бір-біріне сыйлау арқылы білім мен мейірімнің көпірін қалыптастыру. Кітап сыйлау – жай ғана сыйлық беру емес, жүректен-жүрекке жететін ізгі ниет, келер ұрпаққа қалатын өнеге.

Осы атаулы күн аясында Шиелі кентіндегі №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде кітапханашылар Тұрсынкүл Дүйсебайқызы, Гүлмира Мұстафақызының ұйымдастыруымен  жазушы-сатирик Нұрмахан Елтаймен кездесу кеші өтті.

Іс-шара жазушының өмірдерегімен басталып, оқушыларға қаламгердің шығармашылық жолы кеңінен таныстырылды. Кездесуге 6, 10-сынып оқушылары қатысып, өздерін толғандырған шынайы әрі қызықты сауалдарын қойды. Оқушылардың белсенділігі мен кітапқа деген ықыласы кештің көркін аша түсті.

Кездесу барысында журналист адам баласының өміріндегі ең тәтті кезең – балалық шақ пен мектептегі қызықты естеліктер туралы әңгіме өрбітіп, жас ұрпаққа кітап оқудың маңызы, шығармашылықтың қыр-сыры жайлы тағылымды ойларымен бөлісті. Қаламында қуаты, сиясында сарқыты бар ақжүрек жанның балаларға деген мейірімі ерекше байқалып, оқушыларды рухани әсерге бөледі.

Іс-шара барысында мектеп кітапханашысы Тұрсынкүл Нәбішева қонағымыздың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы презентация ұсынып, қаламгердің еңбектері мен жетістіктерін оқушыларға кеңінен таныстырды. Бұл таныстырылым жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсті.

Директордың тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары Ләйлә Мұханбетжанқызы  кездесуге тыңғылықты дайындықпен келген 6-сынып білім алушыларын белсенділігі үшін алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде қаламгер жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, оқушыларға жылы лебізін арнады. Кеш соңында Нұрмахан Назымханұлы мектеп кітапханасына 66 дана әдеби кітап сыйға тартып, оқушылар жазушымен естелік суретке түсіп, рухани әсерге толы кездесу тағылымды оймен түйінделді.

***

Әрі қарай тағылымды мерекелік іс-шара №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде жалғасын тапты. Бұл кеш оқырман мен қаламгер арасындағы рухани байланысты нығайтып, жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуды мақсат еткен мәні терең іс-шара болды.

Іс-шараның өз деңгейінде өтуіне кітапханашылар мен ұстаздар қауымы белсене атсалысты.

Кеш барысында мектеп кітапханашысы Жанар Құлахметова жазушының өмір жолы мен шығармашылық жетістіктері, қаламгердің еңбектері жайында кеңінен таныстырылым жасады. Сондай-ақ, іс-шараның үлгілі өтуіне Д.Әлжанова, Қ.Кенбаева, тәлімгер М.Сағындықова мол үлес қосты.

Кездесуде жазушы-сатрик Нұрмахан Елтай өз шығармаларынан үзінділер оқып, туындыларының жазылу тарихына тоқталды. Қаламгердің әсерлі әңгімелері мен шынайы естеліктері оқушылардың жүрегіне жол тауып, шығармашылық әлеміне жетеледі.

Іс-шараға қатысқан 8, 9-сынып оқушылары белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жазушымен мазмұнды сұхбат өрбітті. Еркін форматтағы әңгіме барысында оқушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, әдебиетке деген ықыласын көрсетті.

Кездесу кешінің ерекше сәттерінің бірі – кітап сыйлау рәсімі. Оқушылар мен ұстаздар қаламгерге құрмет білдіріп, ал жазушы өз кезегінде оқуышылар мен мектеп кітапханасына 70 дана кітап сыйлап, естелік ретінде қолтаңба берді. Бұл оқушылар үшін ұмытылмас әсер мен рухани олжаға айналды.

Кітап сыйлау күні аясындағы бұл тағылымды кездесу жас ұрпақтың рухани-мәдени дамуына оң ықпал етіп, кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызын айшықтай түсті. Осындай мазмұнды іс-шаралар оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты бекемдеп, жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыра беретіні сөзсіз.

Ғазиза  РҮСТЕМБЕК,

Шиелі  ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: