Танымал стендап-комик Нұрлан Сабуров соңғы күндері өзіне қатысты тараған ақпараттардан кейін әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялады. Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдарында оның Ресейге 50 жылға кіруіне тыйым салынғаны туралы хабар тараған болатын. Өнер иесі жазбасында қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартатынын айтты.
– «Қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдірмеймін. Бұл мәселемен заңгерлер айналысып жатыр, олар барлық құзырлы органдармен өз деңгейінде жұмыс жүргізеді. Уақыт бәрін өз орнына қояды», – деп жазды Сабуров.
Комик өзінің шығармашылық жолына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, стендап-комик ретіндегі жолы шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбург қаласында басталып, кейін Мәскеуде жалғасқан.
– «Менің стендап-комик ретіндегі жолым шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбургте басталды, кейін Мәскеуде жалғасты. Осы жылдар ішінде Ресейдің көптеген қалаларында болдым, кейбіріне бірнеше рет бардым. Барлық жерде мені жылы әрі достық пейілмен қарсы алды», – деді ол.
Сондай-ақ Сабуров өзін шығармашылық тұрғыда қалыптастыруға мүмкіндік берген елге алғыс білдірді.
– «Шығармашылық дамуға мүмкіндік берген, өнер адамы ретінде қалыптасуыма жағдай жасаған елге ризамын. Ресейде де, оның сыртында да көпұлтты үлкен аудитория жинай алдым. Баршаңызға рақмет», – деп жазды әзілкеш.
Мәлімдеме соңында Нұрлан Сабуров журналистер мен блогерлерге арнайы өтініш білдіріп, отбасының жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.
– «Журналистерге, блогерлерге және бұқаралық ақпарат құралдарына жеке өтінішім бар: отбасымның, жұбайым мен балаларымның, ата-анам мен жақындарымның жеке өміріне құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Баршаңызға амандық тілеймін», – деді ол.
Айта кетейік, бірқатар БАҚ-та тараған мәліметтерге сәйкес, әзілкешке Ресей Федерациясының аумағына 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат бар. Алайда бұл шешімге қатысты ресми органдар тарапынан әзірге толық түсініктеме берілген жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!