Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заң жолындағы қызметке алғашқы қадам

06.02.2026, 16:20 57

Кемел келешектің кірпішін қалау үшін дұрыс шешімге келуді кейінге шегермеген жөн. Мектеп бітіруші түлектерді жиі мазалайтыны да – мамандық таңдау мәселесі. Кәсіби бағдар беруді құптаған ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің қызметкерлері Qazbilim ұлттық лицейіне барып, 10-11 сынып оқушыларына қажетті ақпараттарды бөлісті.

Ойлы оқушылар бірден назарын бұрып, айтылған сөзге құлақ түрді. Мекеменің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әділет майоры Мирамбек Тұрымбетов кіріспені құқық қорғау жүйесіндегі қызметтің қыр-сырынан бастап, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген мамандықтың қоғамдағы орнын айшықтап өтті. Осылайша жас ұрпақты Отанға адал қызмет етуге шақырды.

Бұл саланың мойынға артар мың батпан жүгімен қоса берер жеңілдігі де жоқ емес. Сондықтан, кездесу барысында әділет майоры М.Ұзақұлы саладағы мүмкіндіктер мен бірқатар артықшылықтың ұтымды екенін қаперге салды. Яғни, қабылдау талаптары, қызметтік өсу мен әлеуметтік кепілдіктер жайы ұмыт қалмады.

– Қазіргі таңда жастарға нақты бағыт-бағдар беру аса маңызды. Сондықтан мектеп оқушыларымен ашық форматта кездесу өткізіп, Қылмыстық-атқару жүйесіндегі күрделі қызметпен таныстырдық. Жас буынның белсенділік танытуы – болашаққа бейжай қарамайтынын көрсетті. Ал біз өз тарапымыздан елге адал қызмет ететін білікті кадр қалыптастыруға үлес қоса береміз, — дейді жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының аға инспекторы әділет капитаны Динара Шахи.

Қызығушылығын білдірген жастар сұрақ қойып, жүйелі жауабын да алды. Мұндай жүздесулерден кейін де таңдаудан жаңылмасы анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: