Тиісті шешім 5 ақпанда Италияның Милан қаласында қабылданды. Қысқы Азия ойындарын өткізу жөніндегі ресми құжатқа Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиада комитетінің басшысы Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.
Бастапқыда Азиада-2029 Сауд Арабиясында салынып жатқан Неом қаласында ұйымдастырылуы тиіс болған. Алайда қаңтар айында Сауд Арабиясы қысқы Азия ойындарын өткізу мүмкін еместігін ресми түрде мәлімдеді. Осыдан кейін жарысты қабылдайтын жаңа қала ретінде Алматы таңдалды.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің хабарлауынша, Алматы қаласында қысқы спорт түрлері бойынша ірі халықаралық жарыстарды өткізуге қажетті инфрақұрылым толық сақталған. Бұған дейін Қазақстан 2011 жылы Қысқы Азия ойындарын, ал 2017 жылы Қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырған.
Сарапшылардың пікірінше, Азия құрлығында қысқы спортқа бейімделген тұрақты инфрақұрылым Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстанда ғана бар. Осы фактор Алматының таңдалуына негізгі себептердің бірі болған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!