Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Садыр Жапаров алда келеді

11.01.2021, 9:10 402

Қырғызстанда 10 қаңтарда президент сайлауы және мемлекеттік басқару формасын анықтайтын референдум өтті. Сағат 22:00-ге дейін саналған дауыстың алдын ала нәтижесіне қарағанда, сайлаушылардың 38,70 пайызы ғана дауыс берген.

Дауыс беруге құқылы 3 563 574 адамның тек 1 581 569-ы сайлау учаскесіне келген.

Президент сайлауының алдын ала нәтижелері бойынша, Садыр Жапаров 79,24 пайызбен алда келеді. Жапаровқа негізгі бақталас делінген Адахан Мадумаров 6,71 пайыз алған. Үшінші орында 2,35 пайыз даусы бар Бабыржан Төлбаев тұр. Қалған 12 үміткердің көбі 1 пайыздан аса алмаған.

Ал мемлекеттік басқару формасын өзгерту туралы референдум бойынша Садыр Жапаров командасының ұсынысы – президенттік басқаруды қалайтындар басым түскен. Қатысқандардың 81,27 пайызы барлық билікті президент қолына тапсыруға келіскен. Парламенттік басқару формасын қолдағандар 10,82 пайыз, екеуіне де қарсылар 4,42 пайыз болған.

Бұл – Қырғызстандағы сайлаудың соңғы қорытындысы емес. Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Нұржан Шайлдабекованың электронды түрде берілген дауыстың (халықтың басым бөлігі осы форматты таңдаған – ред.) 96 пайызы саналған. Қағаз жүзінде жәшікке салынғандардың есебі әлі белгісіз.

  • Былтыр 4 қазанда Қырғызстанда өткен парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген жұрт көшелерде наразылық өткізіп, мұның соңы мемлекеттік ғимараттарды басып алуға, саяси дағдарысқа алып келген. Халық наразылығынан соң үкімет те, президент Сооронбай Жээнбеков те отставкаға кеткен.
  • Саяси қарсыласын ұрлап әкеткені үшін қамауда отырған Садыр Жапаровты наразылыққа шыққан жұрт 5 қазанда түрмеден босатқан. Кейін парламент мүшелері оны премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Жээнбеков орнынан кеткен соң ол президент міндетін де қоса атқаруға көшкен. Кейін ол президент сайлауына түсу үшін уақытша президенттіктен бас тартқан.
  •  Ел басқару формасын қазіргі парламенттік үлгіден президенттік үлгіге көшіру ұсынысын да Садыр Жапаров ұсынған.

Дереккөз: centralasian.org

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: