«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 424.49 (-1.1)

  • EUR: 504.51 (-0.92)

  • RUB: 5.59 (-0.02)

«Мұрагер» мектебіне Абай есімі беріледі

30.05.2020, 13:11 262 0

Облыстық мәслихаттың кезекті 45-сессиясы өтті. Күн тәртібінде 23 мәселе қаралды. Атап айтсақ, «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет», «Қызылорда облысының білім беру ұйымдарына атау беру» және «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы облыстық Үйлестіру кеңесінің дербес құрамын бекіту» туралы және тағы басқа мәселелер.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша «Экономиканы қалпына келтіру жөніндегі 2020 жылдың соңына дейінгі кешенді жоспары» әзірленді. Аймақ басшысы төтенше жағдайдан кейін экономиканы қалыпқа келтіру жұмыстарының барысын бақылап, елдің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалымен танысу мақсатында мамыр айының екінші онкүндігіде Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аудандарда және Байқоңыр қаласында іссапарда болды.

«Сапар барысында тұрғындармен кездесіп, аудан әкімдеріне мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражатты ел игілігіне сапалы әрі дұрыс пайдалануды тапсырдым. Барлығы 7 аудан, 40-қа жуық елді мекен мен 100-ден аса нысанды араладым. Аудан әкімдері өндіріс, өнеркәсіп орындарының жұмысын жүйеге қойып, экономиканы қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарулары тиіс», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Бүгінде көктемгі дала жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес атқарылуда. Су шаруашылық каналдарын дайындау жұмыстары өз мерзімінде жүргізілді. Облыстың шаруашылық құрылымдары қажетті минералдық тыңайтқыштармен, гербицидтермен, тұқымдық материалдармен және жанар-жағармайдың қажетті қорымен толық қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні жоспарға сәйкес жаңа жоңышқа, арпа, бидай дақылдарын егу жұмыстары аяқталып, картоп, көкөніс, бақша, майлы дақылдарды егу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, негізгі дақыл – күріш егу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспарланған 88,2 мыңға күріш егісінің бүгінге 93 пайызына  дән себіліп, оның 90 пайызы суға бастырылды. 5 маусымға дейін аталған жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда»,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Үкіметтің тапсырмасы бойынша барлық өңірлер Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға көмек көрсетуде. Мәслихатта біздің өңірден де көмек көрсету мәселесі талқыланды. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 255 млн. тенге бөлінетін болады.

Сондай-ақ,  Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай облыстағы білім беру ұйымдарына Ұлы тұлғалардың атын беру мәселесі қаралды. Нақты айтатын болсақ, «Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар «Мұрагер» мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін Абай Құнанбайұлының есімімен қайта атау және Жалағаш аудандық «№201 мектеп-лицей» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін беру туралы ұсыныстар қаралып, қолдау тапты.

Айта кету керек, Қызылорда облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізімі де бекітілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: