«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 423.87 (0)

  • EUR: 505.25 (0)

  • RUB: 5.59 (0)

Италияда Әблязовтың жұбайын заңсыз депортациялау ісі бойынша үкім шықты

16.10.2020, 9:25 149 0

Италиядағы Перуджа қаласының соты Алма Шалабаеваны және оның кәмелетке толмаған қызын депортациялауға қатысы бар деген италиялық шенеуніктерге үкім шығарды. Қазақстандық экс-банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың жұбайы мен қызы 2013 жылы Италиядан Қазақстанға депортацияланған. Бұл туралы centralasian.org хабарлады.

Италиялық La Repubblica газетінің хабарлауынша, Италия мемлекеттік полициясы орталық жедел қызметінің бұрынғы басшысы Ренато Кортезе мен Рим квестурасы миграция қызметінің бұрынғы басшысы Маурицио Импорта бес жылға бас бостандығынан айырылып, олардың мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды.

Сот жедел қызмет бөлімінің бұрынғы қызметкері Франческо Стампаккья мен ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің бұрынғы басшысы Люке Армениге де дәл осындай үкім шығарды. Миграциялық қызмет бөлімінің бұрынғы қызметкерлері Винченцо Трамма төрт жылға, Стефано Леони үш жарым жылға сотталды. Бейбітшілік жөніндегі судья Стафания Лаворе екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Басылымның мәліметінше, қылмыстық іс бойынша жеті адамға айып тағылған.

Әблязовтың жұбайы Алма Шалабаева кәмелетке толмаған қызымен бірге Италиядан 2013 жылы 31 мамырда депортацияланған. Шалабаеваны елден кетірмес бұрын Италия полициясы оның күйеуі Мұхтар Әблязовты ұстау мақсатымен арнайы операция жүргізген. Әблязовтың өзі бұл уақытқа дейін Италиядан кетіп үлгеріп, полиция оның әйелі мен қызын ұстаған. Экс-банкирдің әйелі мен қызы осыдан кейін бейбітшілік жөніндегі судьяның қаулысымен ұшаққа отырғызылып, Қазақстанға жіберілген. Кейінірек Шалабаеваны ұстау және депортациялау бойынша дау туып, Италия парламенті сол кездегі ішкі істер министрі Анжелино Альфаноға сенімсіздік мәселесін көтерді. Италия ішкі істер министрі Шалабаеваны депортациялау жөніндегі шешімнің күшін жойып, прокуратура осы жағдай бойынша тергеу бастады, ал Жоғарғы кассациялық сот 2014 жылдың шілдесінде депортациялауды заңсыз деп тапты.

Алмат Шалабаева мен оның қызы Алуа депортацияланғаннан жарты жыл өткен соң Қазақстаннан шығуға рұқсат алды. Оған дейін оның үйінен шығуына тыйым салынған. 2013 жылдың желтоқсанында Шалабаева қызымен бірге Италияға барды. Кейінірек Италия билігі оларға босқын мәртебесін берді. Кейінгі 11 жылда Еуропада тұрып келе жатқан Мұхтар Әблязов депортациялаудың артында Қазақстан билігі тұр деп бірнеше мәрте мәлімдеген.

  • Бірқатар Батыс басылымы экстрадицияға үш қазақстандық дипломаттың қатысы бар деп жазды. Олар – Қазақстанның Италиядағы сол кездегі елшісі Андриян Елемесов, елшілік қызметкерлері Нұрлан Хасен және Ержан Есіркепов.
  • Нұрлан Хасен 2017 жылы мемлекеттік құпияны әшкереледі және қызметін асыра пайдаланды деген айыппен бес жылға сотталып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Оны дәл осындай айып тағылған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевпен бірге соттады (Дүтбаев жеті жарым жылға сотталған, бірақ ол биыл мерзімінен бұрын босап шықты). Істі әскери сот жабық тәртіпте қарады. Үкім жарияланған жоқ.
  • Өткен айдың соңында Франциядан саяси баспана алған Мұхтар Әблязов өткен аптада қамауға алынып, екі күн түрмеде өткізгеннен босап шықты. Әблязов мұның артында Қазақстан тұр деп мәлімдеді. Оның адвокаты Жерар Чолакян оппозициялық саясаткерге Қазақстан тарабы қозғаған іс бойынша 7,5 миллиард долларды жымқырды деген айып тағылғанын айтты.
  • 2018 жылдың қарашасында Қазақстан соты Әблязовты сырттай өмір бойына бас бостандығынан айырды. Қазақстан соты оны 2004 жылы бизнестегі әріптесі, «Тұран Әлем Банкінің» (банк атауы кейіннен БТА болып өзгерді) басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды деген айып бойынша кінәлі деп тапты. 2017 жылы Алматыда өткен басқа іс бойынша Әблязов сырттай 20 жылға сотталған. Ол кезде БТА банкінен ақша ұрлады деген айып тағылған.
  • 57 жастағы Мұхтар Әблязов тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, олардың астарында саясат бар дейді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: