Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Г.Әбдіқалықова: «Президент тапсырмасынан туындайтын негізгі міндеттердің аймақта жүзеге асырылуын қамтамасыз етуіміз керек»

05.06.2020, 18:20 421

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізу бойынша мәжіліс өтті. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім саласы 4-оқу тоқсанын қашықтан оқыту форматында аяқтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

3-4 маусым күндері барлық мектепте оқушыларға аттестат тапсыру шарасы өтті. Өңір басшысы білім саласына қатысты бірқатар тапсырма берді.

«Біздің алдымызда Ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде ұйымдастыру және әжетханаларды ғимарат ішіне көшіру міндеті тұр. Күн тәртібіндегі бұл маңызды мәселелерді мерзімінде жүзеге асыру барлық жауапты тұлғалардың басты назарында болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын жақсарту және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Президент тапсырмасынан туындайтын негізгі міндеттердің аймақта жүзеге асырылуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

ҰБТ 20 маусым – 5 шілде аралығында 9 тестілеу пунктінде өткізіледі. Атап айтқанда, Арал, Қазалы, Жосалы, Ақай, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған, Қызылорда қаласында Қорқыт Ата университетінің ғимараты мен «Мұрагер» мектебінде ұйымдастырылады. Ағымдағы оқу жылында білім ұясын 6059 түлек бітіреді. Тестілеуге 5230 бітіруші, яғни 86% қатысуға тіркелген. Оның ішінде 547 оқушы «Алтын белгі»-мен бітірсе, 354-і «Үздік аттестат» иегері болады деп күтілуде.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов ҰБТ-ға дайындық барысы мен балалар қауіпсіздігіне қатысты мектеп әжетханаларын ғимарат ішіне көшіру мәселесі туралы баяндады.

Облыстағы тестілеу пункттері талапқа сәйкес жабдықталған. ҰБТ өткізу барысында санитарлық шектеу шаралары қатаң сақталады. Түлектерді кіргізу және аудиторияларға жайғастыру барысында 2 метр әлеуметтік қашықтық саталады. Тестілеу маскалық режимде өтеді. Қатысатын 1449 талапкер тасымалданады. 532 түлек жатын орынмен қамтамасыз етілсе, 1581 бала тамақтандырылады.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, педагогика мамандығы бойынша шекті балл 70 баллға көтерілді, мемлекеттік гранттар оқыту тіліне қарамастан тағайындалады, тестілеу уақыты 4 сағатқа ұзартылды және калькулятор пайдалануға рұқсат берілді. Сонымен қатар, тестілеуде бақылау күшейтіледі. Смартфондар, телефондар, гаджеттер, қағаз жазбаларына тыйым салынған. Аталған заттар табылған жағдайда бітірушілер тестілеуге жіберілмейді. ҰБТ-ны өткізу барысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы бақылау жүргізеді және онлайн түрде «Digital Agent» қосымшасы арқылы таратылады. Ал, сертификаттар мен грант иелену куәлігі электронды форматта беріледі.

Сонымен қатар, облыс бойынша 293 мектептің 65-де әжетхана тек ішінде, 137 білім ұясында ғимарат ішінде және аулаларында орналасқан. Ал, қалған 91 мектепте әжетхана тек ауласында ғана бар. Мәселені толық шешу үшін жоба сметалық құжаттар дайындалуда. Алдағы уақытта балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектептерде әжетханалар ғимарат ішіне көшіріледі.

Айта кету керек, облыста «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 4 мектеп, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бойынша 15 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 11 мектеп Жол картасымен ағымдағы жөндеуден өтеді. Осы мақсатта жалпы 3,6 млрд теңге қаражат бөлінген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: