«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 424.49 (-1.1)

  • EUR: 504.51 (-0.92)

  • RUB: 5.59 (-0.02)

ЖАЛМАУЫЗ-ЖЕМҚОР немесе фармнарықтағы былық-шылықтар қашан жойылады?

24.09.2020, 11:00 156 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысынд­а: «Денсаулық сақтау министрлігі басқаруда бірқатар нақты қателіктерге бой алдырды­. Әкімдердің көпшілігі өз жұмысын тиісті деңгейде атқармады, Үкімет оны бақыламады» деп сөздің шындығын айтқаны ел-жұрттың есінде. Президент қателіктер мен жауапсыздықты анықтау жөніндегі арнайы комиссия құруды ұсынды. Бұл комиссия Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкіметтің жіберген елеулі қателіктеріне ревизия жасап, Президентке ұсыныс айтуы қажет. Осы жерде назар аударатын жайттың бірі – Денсаулық сақтау министр­і Алексей Цойдың экс-министр Елжан Біртановтың орынбасары болғандығы. Жаңа министр бұрынғы бастығының барлық былық-шылығын ашып бере ала ма? Министрліктің қандай қателіктер жібергенін халыққа, Президентке ашық айтуға дәті жете ме? Әй, қайдам! Өз басым­ бұған сенбеймін.

Мысалы, су жаңа министр еліміздегі індетке ұшыраған науқастардың дәлме-дәл саны қанша екенін, аурудан нақты қанша адам өлгенін неге ашық айтпайды? Қоймаларда үйіліп тұрған дәрі-дәрмектердің барын неге кезінде Президентке айтпады? Кезінде орынбасар болға­н А.Цой Е.Біртановқа, Е.Біртанов Премьер-Министр А.Маминге айтпады, осының салдарынан қаншама адам індеттен көз жұмды, қаншама отбасы қара жамылды. Меніңше, Алексей Цойдың өзі салақтықтан жіберген қатесі үшін халықтан кешірім сұрап, Президентке бар шындықты жеткізсе ғана нәтиже болады.

ӘЛЕУЖЕЛІДЕГІ   ЖАНЖАЛ: 

гуманитарлық  көмектің  сатылғаны  рас  па?

Президент тергеу жүргізіп, қазіргі қиындықтарға барлық кінәлілерді жауапқа тарту қажет­тігін мәлімдеді. Соның ішінде, МӘМС пен «СҚ-Фармация» басшылығын мысалға келтір­ді. Шынында да халықтың денсаулығына тікелей жауапты екі құрылым былық-шылыққа белшесінен батып тұр. Індет күшейгенде жұрт сабылып іздеген «Тамифлю» деген дәріге қатыс­ты бір ғана жанжал осыны дәлелдеді. Отандық бірқатар блогерлер әлеуметтік желіде шетел­дерден әкелінген гуманитарлық көмекті дәрі­ханалар сатып жатыр деген жорамал айтты.

Мысалы, желі қолданушы Айжан Хамит «Тамифлю» туралы жазба жариялады. Оның бір жазылушысы осы дәріні дәріханадан 9 мың теңгеге­ сатып алған. Әйелдің айтуынша, дәрінің сыртындағы «RX Only» және «NDC» деген белгілер тек АҚШ аумағында сатылатын дәрілерге қойылады. Оған қоса, дәрінің мемлекеттік тілдегі ақпараты қорап сыртына резеңкемен бекітіліпті. Айтпақшы, осы дәріні мен де сатып алдым, блогер А.Хамиттің айтқаны тура шықты­. «Әләуләйім таусылса, хәләуләйім тағы бар» дегенде­й, «СҚ-Фармация» басшылығы бұл былы­ққа қатысты: «Тамифлю дәрісі «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы Қазақстанға гумани­тарлық көмек ретінде әкелінген жоқ» деген шоп-шолақ  ақпарат  жариялады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі «СҚ-Фармация» ЖШС-дегі жемқорлыққа қатысты былықтарды тергеу 31 шілдеге дейін созылатынын хабарлады. Алайда бұл мерзімнен 2 айға жуықтаса да, атышулы компанияға қатысты­ ешқандай шынайы ақпарат халыққа таратылмағаны өкінішті-ақ.

Десек те, құзырлы агенттіктің басшысы Алик Шпекбаевтың 21 шілдедегі алқалы жиындағы мына сөзі көңілге үміт ұялатқаны рас. «Әлеуметтік желілердегі ақпараттарды мұқият оқитындар халық індетке қатысты ахуалдың өршуіне еліміздегі жең ұшынан жалғасқан жемқо­рлық, бюрократия мен жауапсыздық бірден-бір себеп болды деп санайтынына келіседі. «СҚ-Фармация», МӘМС және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар медициналық мекемелеріне қатысты қылмыстық істердің қозғалуы бұл айыптаудың өте әділ екенін көрсетті. Біз «СҚ-Фармациядағы» жемқорлыққа қатысты жайттарды әрі жедел, әрі сапалы жүргізуіміз керек. Оған сырттан сарапшылар шақырамыз. Өйткені, біздің талдауымыздың сапасы бұл ұйымның болашақта тиімді және адал жұмыс істеуіне ықпал етеді» деді сол жиында А.Шпекбаев.

БЫЛЫҚ   ӘШКЕРЕЛЕНДІ,  КІНӘЛІЛЕР   ЖАЗАЛАНА   МА?

Осыдан 1,5 айдай бұрын, Асқар Мамин басшылық ететін Үкімет ел басына қиын-қыстау күн туғанда қауқарсыздық, бойкүйездік, қам-қарекетсіздік танытты. Індет ел ішіне ылаң салып, дәрі-дәрмек таппай, дәрігердің көмегіне жете алмай, ауруы асқынған адамдар қырылып жатқанда ештеңе істемеді. Міне, сол кезде халықтың жанайқайын билікке жеткізген кейбір депутаттар қолдан келгенінше қарекет жасады.

Турасын айтсақ, 2020 жылдың 23 шілдесінде­ Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекш­ісі Азат Перуашевтың «СҚ-Фармация» мен МӘМС қорына қатысты бейнежазбасы әлеуметтік желілерді дүр сілкіндіргені мәлім. 5 минуттық бейнежазбада депутат аталған құрылымдардың шетелдерден медициналық жабдықтарды өз бағасынан бірнеше есеге қымбат­қа сатып алғаны жайында айтылады.

«2012 жылдың 12 мамырында «Ақ жол» фракциясы Денсаулық сақтау жүйесі мен оның құрамындағы ведомствоның «Денсаулық кодекс­індегі» сатып алу жүйесіне енгізген өзгерістеріне қарсы наразылық жолдаған еді. Біз Маршалл аралдарынан дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды Қазақстандағы жабдықтар құнынан 4 есеге қымбатқа сатып алғандар жөнінде фактілер келтірдік. Бұл мәселені біз 2013 жылдың 6 ақпанында қайта көтердік. Ал 2013 жылдың 6 қаңтары күні «Ақ жол» фракциясы «СҚ-Фармацияның» препараттарды өндіруші бағасынан, өндірушінің ресми сайтында көрсетілген бағадан 3 есе қымбатқа сатып алғаны жөнінде Бас прокурорға сауал жолдадық. Бұл – дәл осы препаратты өндірушілер, дәл осы препаратты басқа елдерге сатқан бағадан 5 есеге қымбат сома! 2013 жылдың 25 ақпанында Үкімет пен Бас прокуратураға отандық фармацевтикалық компанияларға «СҚ-Фармацияның» кедергі келтіріп отырғанын айтып, сауал жолдадық. Бұл компаниялар Қазақстан нарығына кірген, кәсіптерін жолға қойған компа­ниялар еді. Ол жерде ұзын-сонар сот үдерісі болды. Соның нәтижесінде сот жергілікті дәрі-дәрмек өндірісінің инвесторларына кедіргі келтіріп отырғаны жөнінде мемлекеттік органдарға ресми түсініктеме берген. Осы кедергілердің кесірінен Қазақстан нарығындағы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесі 30 пайызға кеміген. «Неге біз қарапайым парацетамолдың өзін шетелден импорттап отырмыз?» дегенді бүгін желілерден оқып отырмыз. Міне, осының барлығына жаңағы жағдайлар себеп. Осының барлығына «СҚ-Фармацияның» отандық өндірушілерді шетелдік компаниялар алдында жығып бергені себеп» деп түсіндірді Азат Перуаш­ев.

Бұдан бөлек, «Ақ жолдың» басшысы отандық кәсіпкер Қуаныш Керімқұловтың әлеумет­тік желідегі жазбасынан үзінді келтірді. «Жарай­ды, бұлар 2012-2013 жылдардағы мәселелер дейік. Міне, жақында ғана болған жайт. 16 шіл­де күні кәсіпкер Қуаныш Керімқұлов жазды. Қуаныш – Қазақстандағы алғашқы жеке клиника ашқан адам. Медсақтандыру қоры пара алып, стационарлық қызмет көрсетуге рұқ­сат беретін келісімдер жасағаны туралы әлеу­меттік желідегі жеке парақшасында жазды. Оның жазуын­ша, медсақтандыру қоры 100 және одан да көп төсегі бар әрбір стационарда ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын қосқанда толық жабдықталған 15 реанимациялық төсек болуы керек де­ген стандарттарды да елемеген. Демек, 100 және одан да көп төсегі бар әрбір стацион­арда кем дегенде 15 ӨЖЖ (ИВЛ) аппа­раттары­ болуы керек­ еді. Ал мынау індет келген­ кезде сол ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттары болмай шықты ғой. Демек, қаншама адамның өлімі пара үшін осындай келісім­дер жасаған осы қордың мойнында деген­ сөз! Мен осы жазба жарияла­нған күні-ақ, аталған факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне­ жүгіну үшін, Денсау­лық сақтау министрлігіне сауал жолдап, аталған стандарттардың бар-жо­ғы­н сұрадым. Егер бізге жақын арада, 10 күннің ішінде жауап бермейтін болса, біз өзіміз Сыбайлас жемқорлық агенттігіне жүгінеміз» деді депута­т.

3 тамызға дейін Денсаулық сақтау министр­лігінен ешқандай жауап алмаған А.Перуашев Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің басшысы А.Шпекбаевқа жоғарыдағы ақпаратқа орай тергеу жүргізіп, мәліметтер расталған жағдай­да тікелей жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуды ұсынды. Халық қалаулысы «СҚ-Фармацияның» айналасындағы мынадай тағы бір былықты әшкереледі. Қазақстанда ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын шығарумен айналысатын «Капитал плюс» атты компания бар. Бұл компания өкпені жасанды желдету аппараттарын 13 миллион теңгеге шығарады. Өнім халықара­лық техникалық талаптарға сай. Алайда­ Денсаулық сақтау министрлігі оларды соңғы уақытқа дейін елемей, дәл сондай аппараттарды шетелден 30 миллионға сатып әкелген. Яғни, бұл ақшаға қазіргіден гөрі 2,5-3 есеге артық ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын алуға болатын еді. Мұндай мысалдар өте көп.

МӘМС-тің төңірегінде бұрыннан-ақ былық көп. «СҚ-Фармация» деген дөкей мекемеге ашық, әділ тергеу жүргізсе, барлық былық ашылады.­ Өз басым журналистік қызметімде осы «СҚ-Фармацияға» қатысты бірнеше рет матери­ал жаздым. Сонда мекеме басшылығы редакцияларға материалды шығарғаны үшін қомақты­ қаражат төлейді. Әрине, жарнамалық материал жағымды жағынан ғана беріледі. Бірақ бірде-бір журналист осы мекеменің айналасындағы кемшіліктерге зерттеу жүргізіп, сыни немесе­ журналистік зерттеу жасағанын көрмеппін. Өйт­кені, жұмысы жабық, қызметі түсініксіз. Меніңше, осы мекеменің басшылығы қызметін ашық, әділ жүргізбейінше, былық-шылыққа бір батқаны батқан, сол күйінде  қала  береді.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

P.S. Осы мақаланы жазып бітіп жатқан­да Үкіметтің баспасөз қызметі мынадай ақпарат таратты: «Отандық фармацевтика өндірісін одан әрі дамыту­ мақсатында Үкімет басшысы Асқар Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бизнес қауымдастығының пікірін ескере отырып, фармацевтика саласын дамыту бағдарламасын әзірлеп, биылғы қыркүйек айында жобасын ұсынуды тапсырды». Жем­қорл­ықтың батпағына әбден батқан сала жақын арада дами қоймайтыны анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: