Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Карантинде қандай қылмыстар көп тіркелді?

05.11.2020, 10:30 520

Иә, біз қашаннан бір нәрсені салыстырудың хас шеберіміз ғой. Төтенше жағдай, карантин режимі орнағаннан бері мұның да ағы мен қарасы турасында толғанып, түрлі-түрлі пікір білдіріп үлгердік. Басқасын айтпағанда дәл осы шектеу шараларынан заңбұзушылық, құқықбұзушылықтың едәуір азайғаны жайлы мәліметтерді жылы қабылдағанбыз. Жақында ғана өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшидин Амитов осы жылдың 9 айында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтың 36 пайызға (4549-дан 2848-ке) төмендегені туралы айтқан еді.

Яғни, ресми мәліметке сүйенсек, Қызылорда облысында қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс 40,1%-ға, көшелердегі қылмыс 30,7%-ға   (топпен  жасалған  қылмыс – 36%, мас күйінде жасалған қылмыс – 17,5%), азайса, кәмелетке­ толмағандармен жасалған қылмыс 35,8%-ға кеміген. Әрине, қылмыстың 1% болса да азайғаны – үлкен жетістік! Өйткені, оқыс оқиғаны есептемегенде,  әрбір жантүршігер­лік оқиғаның ізін кезу, алдын алу бағыты­нда көптеген қадамдар жа­салады, адамдар жұмыс атқарады. Десе де, біз келтірген статистика тек бір облысқа ғана тиесілі. Ал, республика бойынша жағдай қалай? Қылмы­стардың саны кемігені рас па? Карантин уақытында қандай қылмыстар  көп  тіркелген?

Көктем  келер-келместен еліміз­дің әр қаласында эпидемиялық ахуал­ға байланысты кезек-кезекпен қатаң шектеу шарасы енгізіліп жатты­. #Үйденшықпа, #үйдеотыр, т.б. сан түрлі челлендждер, флешмобтар арқы­лы әркім өз отбасын аман сақтау мақсатында үйінде болды. Осы кездерде «пәтер ұрлығы пәленбай пайызға азайыпты» деген ақпараттарды БАҚ беттерінен жиі-жиі көзіміз шалды. Сол секілді, жоғарыда  айтқанымыздай, қоғамдық орындардағы, көшедегі қылмыстың да саны едәуір кемігені рас. Ал, карантин қандай қылмыстардың «бағын­ ашыпты»? Мұны Ішкі істер минис­трі Ерлан Тұрғымбаев жур­налистердің қатысуымен өткен брифингте айтып берді. Министр екі қылмысқа ерекше тоқталыпты. Оның  бірі – мас күйінде адам өлтіру, екіншісі – жасөспірімдерге қатысты зорлау фактісі. Карантиндік  шек­теуде адамдар іші пыспас үшін үйде отырып­ ішімдік ішуге көп құмартқан көрінеді. Ал, азғы­ндықтың шегіне жеткендер жас­өспірімдерге қарай «тұра ұмтылуды» көбейткен. Тағы бір масқара мәлімет, көбіне жәбірлену­шіні жақын танысы немесе туысы зорлайды  екен.

– Карантин кезінде үйде отырып, алкогольдік ішімдік пайдалану фак­ті­ле­рі көбейді. Соның салдарынан адам өлтіру 12%-ға, жасөспірімдерге қатысты зорлау фактілері 19%-ға артқан. Көп жағдайда жәбірлену­ші­нің жақын танысы немесе туысы тара­пынан зорланғаны анықталып отыр. Олар – әкесі, көршісі, өгей әкесі немесе танысы. Мұндай фактілер – әрбір отбасы үшін үлкен трагедия, балан­ың тағдырын «сындыру». Жағдайды дұрыстау үшін профилактикалық шаралар күшейіп, есепте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізілді. Отбасын қорғау үшін учаскелік инспекторлар  61 мың  қорғау  нұсқамасын  шығарды», – дейді  министр.

Айта кететіні, жыл басынан бері 16 қылмыстық топтың көшбасшылары мен 130 қатысушы қылмыстық жауап­кершілікке тартылған. Шамамен 150 қару мен 960 оқ-дәрі тәркіленген.

Қылмыстың жеңілі не ауыры болмау керек секілді. Қылмыстың аты – қылмыс, өтеуі – жаза. Әрине, қасақана және абайсызда жасалған қылмыстардың аражігін ажырататын  арнайы мамандар бар. Айтарымыз, карантин уақытында да, жайшылықта да қылмыс  болмасын.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: