«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 417.99 (-0.32)

  • EUR: 492.68 (+0.75)

  • RUB: 5.74 (+0.06)

Қалдаяқов «Сыр сұлуы» әнін қалай шығарды?

10.07.2020, 16:35 230 0

HALYQLINE.KZ

Жайраңдап жазда ағатын еді,

Есімде қайран Сыр сұлу.

Таңертең сонда баратын еді,

Толқынға құмар бір сұлу.

Сазды әуен. Тыңдаған сайын ерекше күйге бөлейді. Өз-өзіңмен ырғалып, ынтызарлықпен әнге қосыласың. Иә, бұл әні ауызда, аты көкейдегі композитор Шәмші Қалдаяқовтың тамаша туындыларының бірі. Тұнып тұрған махаббат лирикасы дерсің?! Бірақ мұның түп-төркінінде Сейхундарияны жағалай бойлаған елдің еңбек даңқын насихаттау жатыр. Ырысты елдің күрішті мекен екенін ұғындыру бар.

Ән қалай туды? Жұрт білетін Шәмші ән кейіпкер­лерімен қалай жолықты?

1964 жылдың көктемі. Ақпанның ақырғы күні бітіп, шуағын шашып наурыз айы келген. Жер-Ана бусанып, бүкіл тіршілік ояна бастады. Күзгі орымнан кейін тыныққан еңбеккерлер де дала қосына қарай бет алған шақ. Бұл кезде барлық күш дала жұмысына бағытталады. Еңбекшілердің рухын шыңдау, жұмысқа деген ынтасын арттыру – идеологиялық жұмыстың негізі. Осы жылы облыс басшылығы күрішті өңірдің даңқын бүкіл республикаға танытып, оны дәріптеуді қолға алады. Сол бойынша елге композитор Ш.Қалдаяқов шақырылған.

Игі істің бастамашысы облыстық партия комитетінің хатшылары М.Ықсанов пен Қ.Жарқынбеков болса, белгілі композиторды күтіп, Сыр күрішінің – ел ырысы екенін таныту облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы Ұ.Бағаевқа, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы А.Айдосовқа және облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің басшысы Д.Айдаровқа жүктелген. Бұл жөнінде мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаров «Сыр сұлуы» әнінің тарихы туралы естелігінде жазыпты. Естелік қоғам қайраткерінің зайыбы Рәш Ембергенқызы арқылы «Ана тілі» газетіне жарияланған.

Сол жылдың көктемінде сазгер Шәмші Қалдаяқов жас ақын Мұхтар Шахановпен елге келеді. Жауаптылар талантты тұлғаларды құрметпен күтіп, берекелі аймақпен таныс­тырады. Содан соң негізгі мақсатқа көшкен. Адам жанын тебірентер ән шығарып жүрген Шәмші: «Иә, болашақ әннің әлдеқандай нобайын түсіргендей болдым. Бірақ, бір сыр айтайын, осы кезге дейін ақ күріштің палауын қанша құмартып жесем де, сол күріштің қайда, қалай өсетінін, өскен кезде қандай түрде болатынын көрген емеспін. Ал көрмеген нәрсені қиялда тербетіп, ол жа­йында жанды тебірентер жақсы дүние туғыза қою да қиын. Осы жағы мені біраз қинайтын түрі бар» дейді. Сол мезетте, жауаптылар өткен жылы Сыр дақылынан мол өнім алып, ауыл шаруашылығы көрмесіне күрішпен қатысқан Сырдария ауданы Жамбыл колхозына бірден шығады. Колхоз төрағасы Сейіткамал Иманбаевқа мән-жайды айтып, құрметті меймандар аталған ауылға қонақ болады.

Бұл кезеңде Жамбыл колхозының жеті қызынан құрылған «Сыр сұлуы» бригадасының аты жан-жаққа тараған. Жас күрішшілер Баян, Дариха, Әсия, Қаламқас, Арапа, Тұрғанкүл, Раушан мектепті бітірісімен қолға кетпен алып, ауыр жұмысқа жегілген. Жас күрішшілер жасағын да құрып, алғашқы жылы әр гектардан 52 центнерден өнім алды. Жас звеноводтардың бұл жетістіктері газеттерде жарыса жазылды. Жергілікті композитор Арыстан Айтбаев пен жас ақын Сақтаған Есмахановтың жеті қызға арнап жазған «Аққуымыз ауылдың» әні ұранға айналып үлгірді.

Күрішті айдында аққумыз,

Сайраған бұлбұлы бақтың – біз.

Күмбірлеп көмейден төгілген,

Жігіттің аузында гәккуміз.

Қайырмасы:

Әніміз – сәніміз,

От-жалын – жанымыз.

Арайлы – әр таңымыз,

Егін-жай ері деп таныңыз,

Тек сонан табыңыз,

Тек сонан табыңыз.

Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың ізбасары болған жас күрішшілердің әнін көпшілік жатқа айтатын болған. Бригаданың комсомол жетекшісі Баян Құтыбаева мен Дариха Заитова Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен марапатталып, жүз сом ақшалай сыйлығын алуы да – сол қыздардың ерен еңбегінің нәтижесі. Осыдан кейін күрішші қыздар жасағында еңбек етуге тілек білдірушілер қатары көбейіп, келер жылы бригада құрамы он алты қызға жеткен.

«Белгілі композитор келеді» дегенде клубқа ауыл жұрты лық тола жиналған. Дарын иесін көріп қалудың өзі бір ғанибет. Құрметті меймандар келіп, халықпен жүздесті. Арнайы келген соң мерекелі кеш ұйымдастырылып, өлең оқылды, ән шырқалды. Іздеп келген жеті қыздың жетістіктері әңгімеленді. Кеш соңы жамбылдық күрішшілердің «Аққуымыз ауылдың» әнімен қорытындыланды. Шәмші Қалдаяқовқа еңбекші қыздар, олардың өнері қатты ұнайды. Бұл кештен жақсы әсер алған композитор сол арада «Сыр сұлуы» әнін дүниеге әкеледі. Ал оның мәтінін дарынды ақын Зейнолла Шүкіров жазады. Осы әннің арқасында қос талант Сыр бойында кездесіп, ырғақты, әуезді әнді жұртшылыққа ұсынды. Бұл ән қазақстандықтардың еңбек гимніне айналды. Оны ең алғаш сол кезде Қызылордадағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің студенті Зияш Айдарова орындады.

Бірегей талант иесі мен қазақ вальсі королінің туындысы негізінде 1967 жылы «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі құрылды. Оның негізін қалаушы – композитор Мүлкаман Сүлейменұлы Қалауов. Ерекше дарын иесі өнерлі ұжымға өзі көркемдік жетекші әрі дирижер болады. Ол күндіз-түні еңбектеніп жүріп, ансамбльді үлкен жетістікке жеткізеді. Мәселен, 1967 жылы 9-14 шілде аралығында 140 мүшесі бар «Сыр сұлуы» ансамблі республикалық байқаудан үздік шығып, құрамы 90 адамға қысқартылып, Мәскеуге Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер апталығына жолдама алады. Бір апта бойы ансамбль Мәскеудің алаңдарында, Кеңес Одағы халық шаруашылығы жетістіктерінің бүкіл одақтық көрмесінің (ХШЖБК) үлкен сахнасында концерт беріп, нәтижесінде ХШЖБК-ның «Алтын медалі» және дипломмен марапатталды. Ал 1968 жылы «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі республикамызда тұңғыш рет «Халық ән-би ансамблі» деген жоғары атаққа ие болды. Осы жылы шеберлігі ұшталған, құрамында 35 адамы бар халық ән-би ансамблі Болгарияда өткен студент жастардың ІХ фестивалінің лауреаты атанды.

1970 жылы Молдавия астанасы – Кишинев қаласында өткізілген ІІ Бүкілодақтық ән-би ансамбльдерінің фестиваліне қатысып, Орта Азия республикаларынан барған өнерпаз ұжымдардан шоқтығы биік болып, І дәрежелі дипломымен марапатталды. Келер жылы «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі Алматыға өнер көрсетуге шақырылды. Осы сапарда мәдениет министрлігінің «Құрмет» грамотасына ие болған ансамбль туралы журналист, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ж.Бекқожаевтың сценарийі бойынша «Қазақфильм» киностудиясында «Сыр сұлуы» атты деректі фильм түсірілді. 1986 жылы «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі Йемен Араб респуликасына және Йемен халық демократиялық республикасына өнер сапарымен барып, абыроймен оралды. Ансамбль туралы 1967, 1968, 1971, 1982, жылдары деректі фильмдер түсірілген.

Осылайша, «Сыр сұлуы» әні, осы атпен құрылған ансамбль республика жұртына танылды. Әуелеген ән әрбір қазақтың жүрегіне жетіп, бұл әнді көпшілік бүгінгі күнге дейін ерекше ынтызарлықпен шырқап келеді. Осы ретте, аудан орталығындағы орталық алаңға қойылған «Алтын сағаттан» шығатын әуен ретінде «Сыр сұлуы» әнінің таңдалуы да бекер емес. Осы өлкеде шығарылған туындының әр сағат сайын жаңғырып тұруы да заңдылық.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,

журналист,

Сырдария ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: