Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлағатты ұстаз

26.01.2021, 9:35 843

HALYQLINE.KZ

Ұлттың нағыз жанашыры, адал ұрпақ тәрбиелеп, ұстаздық деген үлкен сара жолға өзінің өшпестей ізін қалдырады. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рақаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.

Бүгінгі жаһанданған заманның нағыз батырлары – білім жанашырлары. Сондай жанның бірі – 50-ге жуық жылын осы білім мен ғылымға арнаған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Жеңіс Сәдуақасұлы мерейлі 75 жасқа толды. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Жеңіс ағайдай ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге.

Ол – Қызылорда облысы, Арал ауданы, №14 Ұялы ауылдық кеңесінің тумасы. Көк теңіздің жағасында өскен Жеңіс ағайдың отбасы балық шаруашылығымен айналысқан. 1964 жылы Қазалы стансасындағы №420 орта мектепті бітіріп, сол білім орнында 4 жылдай ұстаздық қызмет атқарады. 1967 жылы Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы пединституттың Филология факультетіне Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1971 жылы үздік бітіріп шығады. 1971-1979 жылдары Қызылорда қаласында орта мектептерде мұғалім, директордың оқу ісі жөнінде орынбасары қызметтерін атқарады. 1979 жылдың қыркүйегінен бастап пединституттың педагогика және психология кафедрасына оқытушы, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, меңгерушісі болды. Жарты ғасырға жуық жылын білім мен ғылым саласына арнаған профессор, оқытушы Жеңіс Сәдуақасұлы – 100-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың, 10 монографияның, 5 оқу құралының авторы. Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың Ғылыми кеңесінің, факультет кеңесінің, әр жылдарда Қызылорда облыстық Ономастикалық комиссиясының мүшесі, университет Ардагерлер Кеңесінің бюро мүшесі, облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан құрылған комиссияның, «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» мемлекеттік кәсіпорны Ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі қоғамдық қызметтерін атқарған.

Ол – тек нағыз ұстаз, ғалым ғана емес, отбасының мәуелі бәйтерегі. Жұбайы Орынбике Тұманбаева Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың Музыка факультетінде 1969 жылдан оқытушы, аға оқытушы қызметтерінде болып, 1999 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан. Өнегелі отбасында 5 қыз тәрбиеленіп, қазірде 10 немеренің қызықшылығын тамашалап отырған үлкен мерейлі отбасы.

Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Дәл сол ұстаздық жол мен ғылым жолын қатар алып жүрген ардақты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Жеңіс Сәдуақасұлының 75 жылдық мерейтойына орай университеттің Ғылыми кеңес мүшелерінің ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті. Спикер – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б.Каримова. Алдымен алғы сөз филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚУ-нің Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Ғабит Әнешұлына берілді. Құттықтау тілектер сый-марапаттармен жалғасты. Ж.Сәдуақасұлы Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Кеш қонақтары университеттің Ғылыми кеңес мүшелері, Қызылорда облысы мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов, «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Марат Аралбаев, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішов, т.б ел ардақтайтын азаматтар Жеңіс Сәдуақасұлына өздерінің жылы лебіздерін білдірді.Ұжымдастары қазақтың киелі домбырасын табыс етті. Шара соңы Жеңіс ағайдың жаңа домбырасымен құйқылжыта орындаған күйімен, жүрекжарды лебізімен тамамдалды

«Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген дана халықтың ұрпағымыз. Осындай ұлтқа аянбай қызмет етіп, артынан өшпестей із қалдырған ардақты асыл азаматтар көбейе берсін.

Нұрай  ӘБДУӘЛИ,

Қорқыт  ата  атындағы  ҚУ-дың  4-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: