Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тірілердің тірлігі

22.11.2020, 10:00 468

HALYQLINE.KZ

Жаздың мамыражай кешi күнi бойы тырысқан жүйкелердi босатқандай тамылжып тұр. Күнi бойғы күйбің тiрлiктiң абыр-сабырынан шаршаған қала дамылдар алдында бойы бусанғандай, көзiн ашып-жұмып мүлгiгендей кейiпке енген. Күндiзгi тiрлiк саябырлап, абыр-сабыр басылған.

Бiреулер үйлерiнде теледидар тамашаласа, бiреулер кешкi шайларын iшiп, тiрiлер тiрлiгiн жалғастырып жатты. Дамылсыз жүре беруден шаршағандай алтын шапақты күн де бүгiнгi мiндетiмiздi мiнсiз атқардым дегендей ұясына қонуға бет алып, басы еңкейiп қалған едi.

Бiр кезде мылтықтың оқыстан тарс ете қалған ащы дауысы кешкiлiк мүлгiген қаланы селк еткiзiп, сананы найзағай отымен осып өткендей жүректердi дiр еткiздi.

Мылтық дауысымен қосыла шыққан шыңғырған үн адам жанын түршiктiрiп, сұмдық бiр жаманшылықтың болғанын сездiргендей мөлдiр дүниенiң астан-кестеңiн шығарды. Не болғанын түсiнбей есi шыққан адамдар ерсiлi-қарсылы жүгiрдi…

***

…Соңғы кездерi Патшагүлдiң көңiлi қатты қобалжитын әдет шығарды. Жүрегi түскiр де бiр жаманшылықтың жақындап келе жатқанын сездiргендей суылдайды да тұрады. Әсiресе, кешелi берi белгiсiз бiр үрейден ес жия алсашы. Көзiне өлгендер көбiрек елестейдi. Ұйықтаса, түсiнде кiлең өлгендермен кездеседi, өлгендермен сырласады, ылғи да ұйқысынан шошып оянады.

Жанын қоярға жер таппайды. Бүгiн шыдамады, көзiн ашысымен жанындағы күйеуiн түртiп оятып:

– Әй, Жәке, қашанғы ұйықтай бересiң, менiң мазам болмай жүр ғой, – дедi. Ұйқысынан манаурап оянған Жексен:

– Ендi не iсте дейсiң? – дедi.

– Өлiм бар да, қаза бар, ертең мен өлсем, еркекпiн деп елiрiп, өзiң қатын алуға асықпа, ана ұзатылған қыздың дүниесiн бер, мына кенже баланы аяқтандыр. Содан соң үйлене жатарсың.

– Немене, Құдайдан өлесiң деген хабар келдi ме, соны да сөз деп айтып отырсың ба? Қырық жетiге келiсiмен өлiмге дайындалған сенi көрдiм. Түбi ақырзаман болатын шығар, таң атпай жатып аурудың сөзiн сөйлеп, өлем-өлем деп қақылдайсың.

– Қақылда, қақылдама, ескерткенiм ғой. Менiң мына үлкен баладан жүрегiм шайлығып жүр, бұл бiреуiмiздiң түбiмiзге жете ме деп қорқамын.

– Ай, қатынбысың деген, қайдағыны айтып, ендi өз балаңнан өзiң қорқайын дедiң бе? Еркек болғасын ашуланады, қояды, онда тұрған не бар? Жас кезiмде менiң де мiнезiмнiң жетiсiп тұрғаны шамалы болатын.

– Өй, көрдiк қой сенiң мiнезiңдi, қоқаңдап, бiр-екi рет секiрiп пыш болатынсың. Ал, мына бiздiң Бектемiр қалай Ауғанстанға барып қан көрiп келдi, солай бұзылды ғой. Қайта оның мiнезiне ана қатыны шыдап жүр. Басқа қатын болса, баласын алып әлдеқашан «бәледен машайық қашыпты» деп тайып тұрар едi.

– Сүйiп қосылғасын шыдамай қайда барады.

– Әй, қанша жерден сүйiп қосылғанымен ет пен сүйектен жаратылған адам емес пе? Дөрекi мiнезге қашанғы шыдайды? Қайта келiн төзiмдi екен. Кейде әлгi баласы құрғыр, осы күнгiлер айта беретiн анабiр анаша деген бәленi шегiп ала ма деп қорқамын. Ашуланса, екi көзi құтырған иттiң көзiндей болып қанталап, адам өлтiруден де тайынбайды-ау, тайынбайды.

– Кетшi-ей, сен де бiр қайдағыны айтасың!

Терiс қарап қисайған Жексен үнсiз қалды.

… Бектемiр – бұлардың тұңғышы. Жастайынан әке-шешелерi бетiнен қақпай өсiрдi, орысша оқытты, орысша тәрбиеледi, қазақша оқып, қазақша тәрбиеленген екiншi баласы Әсеттей емес, ә десең, мә деп шыға келедi. Бектемiр Ауған соғысына қатысып келгелi сiркесi су көтермейтiн болған. Сәл нәрсеге бола шырт ете қалады. Кейде Бектемiрге iнiсi Әсет: «Әке-шешеңнiң жағдайы мынау, сенi, оған қоса сенiң әйелiң мен балаңды асыраймыз деп ыңыршағы айналды. Сен болсаң тапқан-таянғаныңды арақ пен темекiге саласың. Қашан адам боласың?» деп ақылын айтса, ана шiркiн орысша тәрбие алғандығын көрсетiп, ерiн бауырына алып тулап шыға келедi. Ондайда бас-көз жоқ төбелесуге дейiн барады. Тiптi әке-шешесiн де тыңдамайды…

Ойға берiлiп кеткен Жексен ауыр күрсiндi.

– Сенiң сөзiңнiң жаны бар. Өзiмiзге де обал жоқ, бесiктен белi шықпай орыстың тiлiмен ауыздандырдық, орысша оқымаса нанын тауып жей алмайтындай көрiп, жат елдiң тәрбиесiмен тәрбиеледiк, мұсылмандықтың иiсi мұрнына бармайтын балада қандай адами қасиет болады дейсiң?

– Баланың өзiн туғанмен мiнезiн тумайды екенсiң, – дедi Патшагүл Жексеннiң iшкi ойын оқып жатқандай. – Осы орысша өскен баладан қорқамын. Әсiлi, осы орыс бала бiреуiмiздiң түбiмiзге жетпесе неғылсын.

– Қойшы сен де, қайдағыны айтпай, өз балаң өзiңе жау емес шығар.

– Қайдан бiлейiн. – Қайдағы мен жайдағыны ойлап мазасызданып жатқан Патшагүл ернiн сылп еткiздi. – Қазiргi балаға сенiм болмай тұр ғой.

Екеуi де үнсiз қалды. Сәлден кейiн тұрып кетiп, таңғы шайларын iшiсiмен әркiм өз шаруасының жайымен кеттi. Қаладағы үлкен асхананың бiлдей аспазы болып жүрген Патшагүл iшiнде үш-төрт ащы суы мен оны-мұны тiскебасары бар қомақты қара сөмкесiн сүйретiп жұмысына қарай аяңдады. Көпшiлiк құмар көкси тамағын әзiрлеумен аты шыққан қаладағы үлкен асхананың тыпыр-тыпыр тiрлiгi ерте басталатын. Сағат жетiден бастап, келушiлердiң аяғы түс ауғанша бiр толастамайтын. Мұнда аспазы, ыдыс-аяқ жуушысы, кассирi бар сегiз әйел еңбек ететiн. Олар ретi келсе, түрлi сылтаумен бiр-бiрiн қаужап, дастарқан жасап, iшiп-жейтiн. Көңiл көтерiп өлең айтатын, өмiрден жолы болмай жүргендiктерiн айтып бiр-бiрлерiне мұңын шағатын. Көңiлi бостары тостағандарын жуып алатын. Отырыстың аты – отырыс. Аузы жеңiлдерi өсек айтатын, жеңiлтек мiнездiлерi боғауызы аралас анекдоттарды суша сапыратын. Кейбiр әйелдер аузына ащы су тисе, күйеулерiнiң iшiн кептiре жамандайтын. Өмiрде ұстамды, ақкөңiл де ақжарқын мiнездi Патшагүл оларға ұқсамайтын. Өсек десе жаны түршiгетiн және басқа әйелдердей өзiнiң отбасы туралы жұмған аузын ашпайтын. Патшагүл сөзден де ешкiмге есесiн жiбере қоймайтын. Анекдот десе жанып кететiн. Тiлi мiрдiң оғындай Патшагүл анекдот айтқанда, оны тыңдаушылардың езуi жиналмайтын. Жұмыс аяғында асхана әйелдерi үйреншiктi дағдысы бойынша мөлдекше отырыс жасап, Патшагүлдiң ертеңнен бастап кезектi еңбек демалысына шығуын жуғызады. Мөлдекше дастарқан жасалды. Әйелдер оны-мұны iздеп сапырылысты.

– Қатындар болыңдар, шуларың ағып жүре бермей отырыңдар, – деп зiлсiз әмiр берген Патшагүл отырыс тiзгiнiн өз қолына алды. – Баяғыда әкелерiмiз айтушы едi, үш-төрт қатын бiр еркектiң бабын таба алмай басын қатыратын деп, сендер де бiр Патшагүлдiң бабын таба алмай өтетiн шығарсыңдар.

Бiреулер күлдi, бiреулер сол екi ортада сөз қыстырып үлкен асхананың iшi у-ду болды.

– «Әзiлiң жарасса, атаңмен ойна» демекшi, күлкi де – ем, бұдан кейiн қашан отырамыз, оған дейiн кiм бар, кiм жоқ дегендей, басқаларды қайдам, ал мен үшiн осы тiрi жүргенiмiздiң өзi үлкен мереке сияқты, – дедi жеңiл мұңға берiлгендей Патшагүл қолына рюмкесiн алып тұрып. – Мен бiрiншi тосты сендердiң денсаулықтарың үшiн, осы тiрi жүргенiмiз үшiн алып қойғым келiп тұр.

Бiреулер «жөн, жөн» дестi, бiреулерi Патшагүлдiң сөзiнiң астарына да, оның жабыраңқы тартқан жүзiне де онша мән бере қоймай, бiр-бiрлерiмен стақан соғыстырып, шөлден қаталап суатқа құлаған қара қойдай ащы суға бас қойды. Арада сүт пiсiрiмдей уақыт өткенде отырыс қызды. Аузы жеңiл әйелдер әңгiменi де, өсек-аяңды да суша сапыра бастады. Iштi-жедi, әйелдердiң алды қызды. Отырыс тарқар кезiнде бұған дейiн өмiрi iстемеген әдетiн iстеген Патшагүл қызметтес әйелдердiң барлығымен қайта-қайта сүйiсiп қоштасты.

– Бүгiн барсың, ертең жоқсың, Құдайым сендермен аман-есен көрiсуге жазсын, – деп көзiне жас алды.

Патшагүлдiң көңiлi босағанын көрген басқа әйелдер де жылап-сықтасып, бiр-бiрiмен сүйiсiп, у-шу болып әзер тарқасты. Күнi-бойы жүрегi құрғыр дүрс-дүрс соғып, отырыста да тартынып iшкен Патшагүл үйiне жеткенше асықты. Алып-ұшып үйiне жеткенде көргенi аула iшiнде ерсiлi-қарсылы теңселiп жүрген Бектемiр болды. Түрi сұсты, бiрдеңеге бекем бел буғандай ерiндерiн жымқырып алған. Өзi ұшы-қиырсыз ойдың соңынан қуып жүрген сияқты.

– Не болды, балам-ау, неғып теңселiп жүрсiң? – дедi.

– Мама, теңселiп жүрген мен емес, мына дүние теңселiп тұр, – дедi Бектемір.

Басын шайқаған Патшагүл баласына бiр қарады да үйiне кiрiп кеттi.

Соңғы кезде Бектемiрдi бейберекет өмiр қатты шаршатқан едi. Жұмыссыздықтан не iстерiн бiлмей аш арыстандай ашынып жүрген тепсе темiр үзгендей соқталдай жiгiт екi қолын алдына сыйдыра алмай аласұра бастаған. Не iстеу керек? Iстейiн десе жұмыс жоқ. Өзi де, әйелi де, баласы да әке-шешесiнiң мойнына мiнiп, солардың тапқан-таянғанын iшiп-жеп, ас iшiп аяқ босатып жүр. Бұл тiрлiк қашанға дейiн созыла бермек? Соларды ойласа, Бектемiрдiң басы қатып кетедi. «Сен Ауған соғысына қатысып, от кешiп жүрiп елiңдi қорғадың-ау» деп жатқан ешкiм жоқ. Адамның құны бес тиынға тұрғысыз болған заман-ай. Мұның еңбегiн елеп, ескерiп жатқан Үкiмет болса да жоқ. Осы бiр бетiмен кетiп бара жатқан қоғамда ешкiмнiң ешкiммен iсi жоқ. Мейлiң өл, тiптi өмiрем қап, сен ешкiмге керек емессiң. Барлық экологиялық және әлеуметтiк жеңiлдiктердi сыпырып алған Үкiметтiң пиғылы мүлдем бұзылған. Бар айтары – салық жинау, бар әрекетi – ыңыршағы айналған халықты теспей сору. Ел базар жағалап, дорба арқалап босып жүр. Халықты аздырып-тоздырып, тентiретiп жiберген Үкiметтiң жағасынан алайын десе, қолы қысқа. Не iстеу керек? Шарасыздықтан басын тауға да, тасқа да ұрды. Сөйтiп жүрiп, наша деген пәленi шегуге әуестендi. Оны шексе болды, бұл дүниедегi жұмыссыздық, жоқшылық, жалаңаштық деген бәлелердi мүлдем ұмытып, тұла бойы тұрмыс тауқыметi деген зiл батпан салмақтан босап, денесi жеңiлденiп сала бередi. Нашаны құныға да құмарта бес-алты рет сорғанда дүниенi тас-түнек болып тұмшалаған қап-қара әлем санадан бiржолата ығысып, осы бiр сұрқай өмiр жұмақтай көкпеңбек көгiлдiр әлемге айналып жүре бередi. Көгiлдiр әлемге бiр енiп алған соң буын-буыны түгел босап, алпыс екi тамыры иiгендей денесi жайылып сала беретiн. Неше түрлi адам тiлiмен айтып жеткiзе алмастай рақат сезiмдi бастан өткеретiн. Бiрақ, оның барлығы да уақытша алдамшы сезiм екенiн де түсiнетiн. Түсiне тұра, сол бiр алдамшы сезiмге күн сайын бөленуге құмарта түсетiн.

Күн өткен сайын Бектемiр шегiп жүрген нашаның қарызы да өсiп келе жатқан. Кеше сопақ бет жiгiт нашаға қарызы бес мың теңгеге жеткенiн, оны тездетiп қайтаруы керектiгiн есiне салып кеттi. Бұл қарызын бiр-екi күнде өтеуге сөз бердi. Не iстеу керек? Шақшадай басы шарадай болып, ойланып-толғана келе, халықты аздырып-тоздырып отырған Үкiметтiң осындағы өкiлi – қаланың жебiр әкiмiнiң үйiн тонауға бел буды. Ауған солдатын тентiретудiң қалай болатынын тойымсыз әкiмге бiлдiру керек деп шештi. Көптен сарайда жатқан шитi мылтықты тазалап, оны құндағынан кесiп құнтитып, қойынға тығып алып жүруге ыңғайлы қару жасап алды. Төрт патронды оқтап дайындап қойды. Бүгiн сәтiн салса, қарны қампиған қарадомалақ әкiмнiң үйiн тонайды, тонай алмаса әкiмдi о дүниеге жөнелтедi. Ұсталар болса, өзiн де аямайды. Бұл дүниенiң қызығына тойып болды, шаршады. «Ауған соғысы жауынгерiнiң қолынан не келетiнiн бәрi де бiлсiн, ойлансын. Ойланбаса, алда одан да жаман болады. Мен ешкiмдi де аямаймын».

Басы әбден зеңiп, аула кезiп жүруден жалыққан Бектемiр сарайдың бұрышына келiп жайғасып алып, қалтасынан «Беломорканал» папиросының бiр талын шығарып, оған үгiтiлген наша араластырып, күнделiктi тозақ тiрлiктi мүлдем ұмытқысы келгендей «Беломорды» құшырлана сорды-ай келiп, сорды-ай келiп… Көз алдына көгiлдiр дүние елестедi. Шаттанды, рақаттанды, сықылықтап күлдi, өзiмен-өзi сөйлестi, отырып-отырып ернiн жыбырлатып бiрдемелердi айтып өзiнше бата жасағандай бет-аузын сипалады. Содан соң ширығып, шұғыл шешiмге келгендей орнынан ұшып, үйге қарай адымдады.

Үйге кiрсе, ауызғы бөлмеде iнiсi Әсет кiтап оқып отыр екен. Оның осы бiр кiтап оқыған сәтiн пайдаланған Бектемiр бөлме бұрышындағы ескi диванның астына қарай еңкейе қолын жүгiртiп, ұнғысы кесiлген мылтықты суырып алды да, көйлегiн түрiп жiберiп қолтығының астына сүңгiттi. Сол мезетте ағасының қимылын көз қиығымен жiтi бақылап отырған Әсет жүгiрiп келiп Бектемiрдi қос қолымен орай құшақтап алып:

– Таста, мылтықты! – дедi.

– Тастамаймын, жiбер қолымды, шакал! – деп Бектемiр тiстендi. Екеуi алысып жүрiп, Әсет Бектемiрдi аяғынан шалып шалқасынан құлатты.

– Немене, наша шеккенiң аз болып, ендi адам өлтiруiң қалып па едi?

Бектемiрдiң қолтығынан сусып түскен мылтық еденге дүрс ете қалды. Дүрс еткен дыбысты естiп бүйiрдегi бөлмеден атып шыққан Бектемiрдiң әйелi Күмiсай алысып жатқан қайнысы мен күйеуiн, анадай жерде жатқан шолақ мылтықты көрiп, шошып кетiп:

– Мама, мыналар төбелесiп жатыр, – деп айғай салды. Төргi бөлмеден Патшагүл мен Жексен атып шықты.

– Әй, иттер, қойыңдар ендi, – деп оларды ажыратуға ұмтылған әкесi Жексендi басымен бiр түйген Бектемiр оны жерге ұшырып түсiрдi. Жексен басымен қабырғаға соғылды.

– Өй, көргенсiздер…

Ағалы-iнiлi екеуi бiрдей еденде жатқан шолақ мылтыққа ұмтылды. «Мылтықта оқ бар ма, жоқ па» деген ой санасын қуалай жүгiрген Әсеттi шалт қимылдаған Бектемiр жағасынан тас қылып ұстаған бойда аяғын бауырына жинап шалқалай құлады да, iнiсiнiң iшiне қос аяғын тiреп басынан асыра лақтырып кеп жiбердi. Әсет екi метрдей жерге ұшты. Бектемiр еңбектеп мылтыққа қарай ұмтылды. Мылтыққа ұмтылған Бектемiрдiң аяғына есiн әзер жинаған әкесi Жексен жабысты. Ана байғұс шырылдап ортаға түстi. Бұл кезде Бектемiр мылтықты қолына алып үлгiрген едi.

– Қой балам, ақымақ болма, мылтықты маған бер, – деп баласының қолынан ұстаған Патшагүл бiр қолымен мылтықты өзiне қарай тартты.

– Жiбер, балам!

– Жiбермеймiн! – Көзi қып-қызыл Бектемiр анасын бiр қолымен қағып жiбердi. Осы мезетте әбден ашынған Әсет бар екпiнiмен ұмтылып келiп ағасын басымен соғып өттi. Бектемiр мен Патшагүл қосарлана құлап бара жатқанда мылтық гүрс етiп атылып кеттi. Құлақ тұндырған қорқынышты дыбыспен бiрге «ох» деуге шамасы әзер келген Патшагүл сол бүйiрiн ұстаған бойы шалқалай ұшып түстi.

– Ойбай, өлтiрдi! – Осы бiр сұмдық көрiнiстi қалт жiбермей бақылап тұрған келiнi Күмiскүл бақырып жiбердi. – Өлтiрдi!

– Өй, не iстедiң сен?! – Жексен жан ұшыра айқай салды. – Тап әкеңнiң аузын… Шешеңдi өлтiрдiң ғой…

Мылтық дауысы, айғай-шу санасын шайдай ашқан Бектемiр қасында шалқалай жығылған анасының шыт көйлегiнен шыпшып шыққан қып-қызыл ала қанды көрiп, бiрдеңенi бүлдiргенiн анық сезгендей басын қос қолымен бүркемелей ұстап, еденге жүрелей жығылды.

– Не iстедiң сен, оңбаған атаңа нәлет?! – Осы бiр сойқан көрiнiстен денесi тiтiркене түршiгiп, санасын есер ашу тұмшалаған Жексен жерде бүктетiлiп жатқан баласын бас-көзге қарамай алапат тепкiнiң астына алды. Абдырап асып-сасқан Әсет анасының басын сүйемелдедi. Ебiл-дебiлi шығып, дiр-дiр етiп жылап тұрған Күмiсайға:

– Есiңдi жи, тездетiп скорый шақыр! – деп айғайлады. Бiр қолымен бүйiрiн басып, жаны ышқына ентiге демалып жатқан Патшагүл соңғы күшiн жинап:

– Болар iс болды, менi өзiн-өзi атып алды деп айтыңдар, бала сотталмасын, – дедi де екi көзiн тарс жұмып сылқ түстi.

Сол екi ортада мылтық даусын естiп дүрлiгiскен көршiлер де жиналып қалды. Олар көрген сурет өте қорқынышты едi.

Қып-қызыл ала қанға бөгiп жатқан ана, ебiл-дебiлi шығып жылап отырған әке, жансыз анасының басын ұстап, не iстерiн бiлмей: «Апа, апатай, көзiңдi ашшы, өлмешi» деп жүзiн жас жуып жаны қиналған бала, ана өлiмiне себепшi болған күнәһар тiрлiгiнен жүзi өртенгендей тiрi өлiк болып жатқан қарғыс атқыр екiншi бала, құлын даусы құраққа шыққан келiн.

Осы бiр сойқан сурет көршiлердiң төбе шашын тiк тұрғызды.

– Сұмдық-ай, бұлай болады деп кiм ойлаған, – дестi көршiлер.

– Өз балаң өзiңе жау болған заман ғой, Құдай ақырын берсiн, – дестi олар.

– Көрген көзде жазық жоқ, өлшесi өзiмен кетсiн, – дестi.

Бұл кезде алып отты шар жер бетiндегi болып жатқан неше түрлi сұмдықты көрмейiншi дегендей әлдеқашан ұясына енiп кеткен болатын. Қаланы қалың қараңғылық тұмшалады.

Аулаларда абыр-сабыр болып, самаладай жарықта ерсiлi-қарсылы жүгiрген адамдардың сұлбалары анық байқалып тұрды.

***

Бiр иығында iбiлiсi, бiр иығында перiштесi қонақтаған, жаманшылығы мен жақсылығы, зұлымдығы мен iзгiлiгi, ездiгi мен ерлiгi, сатқындығы мен мәрттiгi, пендешiлiгi мен адамшылығы қайшыласқан екi аяқты пенделердiң мекенi жұмыр Жер бетiндегi тiрiлердiң тiрлiгi жалғасып жатты.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: