Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлтқа жасалған геноцидтер міндетті түрде өнерден көрініс табады

22.04.2021, 10:30 1603

Мұхтар НИЯЗОВ,

айтыскер ақын:

МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНУ ҮШІН ҚҰРБАНДЫҚТАРҒА БАРУ КЕРЕК

– Мұхтар аға, Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметіне келгеніңізге де бір жылға жуықтап қалыпты. Бөлімге қандай өзгеріс әкеле алдым деп ойлайсыз? Әңгімемізді  осыдан  бастасақ.

– «Біз биік болсақ, алдымыздағы ағаларымыздың иығына шығып биік болдық» дегендей, біздің мемлекетте рухани сабақтастықпен қатар іскерлік сабақтастық болуы керек деп ойлаймын. Кез келген мемлекетте жұмыс жүйелі түрде жүруі үшін кез келген шаруа бір адамға емес, тұтас жүйеге байлануы қажет. Яғни, кім келеді, сол жұмысты әрі қарай жалғастыра береді. Біздің бөлімде жұмыс әлдеқашан бірізге түсіп қалған еді. Маған дейін басшы болған Асқарбек Темірбекұлы – қазіргі күні қала әкімінің орынбасары. Сондықтан, маған оңай болды. Өйткені, алдымдағы басшым менің орнымда болғанда көптеген мәселелердің ұңғыл-шұңғылын жақсы білді. Соңғы 10 жылда болмаған қалалық мәдениет үйінің материал­дық-техникалық базасы жаңартылды. Әрине, әлде де кем-кетіктер бар. Десе де, соңғы үлгідегі дыбыс жазу құралдарын, аппараттарын, «Сырлысаз» фольклорлық-ансамблінің бүкіл киімінен аспаптарына дейін алуымыз айтарлықтай жұмыс болды. Ақын Ұлықбек Бекұзақұлы, әнші Әл-Фараби Бекарысұлы сияқты талантты жігіттеріміздің баспаналы болуына, одан да басқа түрлі-түрлі бастамаларға қал-қадірімізше ықпал етіп жатырмыз. «Қадірімді білгің келсе, халқымнан сұра» дегендей, мен бәрін жалғыз бітірдім деп айтпаймын. Уақытында қала әкімі болған Нұрлыбек Машбек­ұлы мәдениетке үлкен қолдау білдірді, сонда біздің біраз мәселелеріміз шешіліп қалды. Кеше ғана қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы А.Тоқма­ғамбетов атындағы мәдениет үйіне арнайы келіп, «мәселелеріңізді жазбаша да, ауызша да айтыңыз­дар» деді. Біз айттық, жаздық. Өмір қозғалыс, жаңа салған нәрсеміз өмірбақи жаңарып тұра бермейді. Сондықтан, ескіргенді уақытында жаңар­тып отыру керек. Ол бойынша жұмыстар жүргізіліп  жатыр.

Тілдерді дамыту бөлімі болғандықтан, мұнда тілге қатысты да бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Ономастикаға қатысты, көшелерге атау беру де осы қарашаңырақта жүзеге асуда. Жұмыс істеп жүргендегі бойымыздағы арман-мақсаттарды осы орынға келгелі мүмкіндігімізше іске асыруға тырысып жатырмыз. Бір жыл деген ештеңенің өлшемі емес.

– Басшы болудың қиындығы қандай екен?

– Әр салада адам жұмыс істеп көруі керек, қалып­қа сыйып көру керек. Былай жүргенде шенеу­ніктерді сынаймыз, ақын болып жүріп басшыларды кінәлаймыз. Неге олардың орнында болып көрмеске? Оқу басқа, практика басқа деген­дей. Әрине, әлде де сынауға болады, әлде де өз пікіріңді айтуға болады. Бірақ, ішкі тетіктерін біліп тұрасың, Абайдың да болыс болуға ұмтылып көргені сияқты басшылықты байлықпен ғана байланыстырмай, өз мүмкіндігің болып тұрса, оны көріп тұрсаң, неге пайдаланбасқа? Өз мүмкіндіктеріңді көпшіліктің игілігіне пайдалану үшін құрбандықтарға  бару керек болады. Құрбандық деген – мүмкін уақыт, мүмкін шығармашылық, мүмкін  өзіңнің  ішкі  еркіндігің.

«АЛТЫН ДОМБЫРА»  МЕНІҢ  ҮЙІМНІҢ  МҰРАСЫ  ЕМЕС

– «Бір нөлді көрдім кеше мен, Билік басына беттеген» деп жазады ақын, сценарист Оңталап Нұрмаханов өз өлеңінде. Бүгінгі билікте «нөлдер» көп пе?

– Мұны шешендікпен, тапқырлықпен айтыл­ған сөз деуге болады. Жаңа айтқандай ақындардың көбі осы биліктің қазанында қайнап, суына түспегеннен кейін айтып жатады. Кейде өзіміз де айтамыз. Ел болғаннан кейін халықтың да түр-түрі бар. Ол – қайнап жатқан қазан. Қазанның сапасына қарай және оған қандай су қосады, содан сондай бу шығады ғой. Осы халық қандай болса, билік сондай. Мен небір мемлекеттік қызметте аз айлыққа күнелтіп жүрген жандарды білемін және «олардың бәрін дым білмейді, көкесінің арқасында осы қызметте отыр» деп айта алмаймын. Мүмкін олардың да арасында өз мақсаты барлары табылып қалар, десе де көзі жанып тұрған, шыны­мен елім, жерім деп тұрған, ұлтты ойлайтын, алысқа қарай алатын, аяғын шідер қысқанымен, басы азат азаматтар бар. Сондықтан мен аузымды бір-ақ жағына қисайтып, тек ғана болмашы жағына қыңырайып, елді кілең нөлдер басқарып отыр деуден аулақпын. Әр шаңырақ ұлтым дейтін сапалы, санасы азат, ойы тың, қолынан іс келетін, саламатты өмір салтын ұстайтын, технократ, жан-жақты ұрпақты тәрбиелей алатын болса, айнал­дырған 10-15 жылдың көлемінде  олар жаңағы нөлдің алдына бір қойып шығатын болады. Мен билік – аппақ, халық – батпақ деп жатқан жоқпын.

– Жалпы, әйел билігіне көзқарасыңызды білсек дейміз.

– Жалпы, біздің тарихымызда кино түсіріп, бүкіл әлемге шедевр етіп көрсетіп жүрген Томирис – нағыз әйел билігінің көрінісі. Бұл – факт. Ер сасып, етек басып қиналған кезде біздің аналары­мыз ақылымен амалын тауып отырған. Кейбір ер-азаматтарымыздың қолынан келмеген істі аналарымыз жүзеге асырған. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Сондықтан, боламын деп тұрса, қолы­нан келсе, сенімді ақтаса, неге біз жолына кедергі келтіруіміз керек? Сол себепті, бұған менің көз­қарасым қалыпты. «Әйел билікке бармауы керек» дегенді  қабылдай  алмаймын.

– Ақмешітке алтындап домбыра әкелгеніңізде «Қуанбай ма анасы, Алтын тақса баласы!» деп жаздық. «Алтын домбыраны» Қызылордаға әкелу сіздің әу бастағы идеяңыз ғой, ал оны музейге қою кімнің идеясы  еді?

– Бұл әлі толық басы ашық тақырып емес. Осы күні музейде тұр. Бұл менің «Алтын домбыраны» елге әкелсем деген арманымның екінші бөлігі еді. Өйткені, кез келген мемлекетке барған турист сол елдің тұрмыс-тіршілігін, тарихын, білімін, мәдениетін, т.б. білу үшін, кеңінен танысу үшін музейге барады. Музей – сол елдің кішігірім катал­огы сияқты жер. «Алтын домбыра» менің үйімнің мұрасы емес. Оның қуанышына ел болып қуандық. «Сырға барсаң, жыршымын деме» деген тарихи кодтарымыз жаңғырды. Жалпы, домбыра ешкімнің  жеке мұрасы емес, ол – халықтың мұрасы. Сондықтан, осы ұйғарым, осы шешім әділетті  болды  деп  ойлаймын.

– «Алтын домбыраны» үш рет алған Мұхтар Ния­зовтың «Алтын домбыраға» лайық үш айтыскер ақыны  кім  екен?

– Бірден-бір лайықты адам – Бекарыс Шойбеков. Жандарбек Бұлғақов «Алтын домбыраны» 2 рет еншіледі. Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусиналар 1 рет алды. Мен Жандарбек пен Рүстем алса, еш қарсы болмайтын едім.

МЕН БАСҚА АДАМ БОЛСАМ,  ӨЗІММЕН ДОС БОЛАР ЕДІМ, БІРАҚ…

– Осы күнгі айтыстың басты мәселесі қандай?

– Біз қазір айтыстың басты мәселесін шешуге талпынып жүрміз. Белгілі меценат, өнер жана­шыры Дулат Тастекеев «Асыл домбыра» атты жеке жобаны қолға алды. Айтыстың ерекшелігі – суырыпсалмалық, төл өнердің табан астындағы табиғатын сақтап қалу, ат сүрінгенше ақыл табу, тектілік, дегдарлықты насихаттау. Айтысты сала ретінде дамытып, бір бағытта қалдыруға қарсымын. Түбінде біз осы айтыскерлерден қоғамдық қайраткер шығарсақ, қоғамға ықпал ете алатын, үлгі болатын жан-жақты дәлелдей алатын тұлғалар шығарсақ деп отырмыз. Кешегі айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың «Сөз менеджменті» деген кітабы осы бастамалардың бірі деп ойлаймын. Шешендік өнерді халықтық сипатқа айналдыру керек. Шенеунік­теріміздің өзі ұлтымыздың бай тілімен, тарихымен сусындап, ойын, санасын, ақылын тура­лап  халықтың  игілігіне жұмыс істету үшін айтыс өз арнасына түсуі керек. Айтыс осы уақытқа дейін қаншама тәжірибеге ұшырады, ақындар жаттап алатын, келісіп алатын дегендей. Дегенмен, өтіріктің балын жалағанша, шындықтың уын ішу керек. Жазып, жаттап алатын жарқыраған айтыстан гөрі маған табан астында айтқан бір-екі ауыз сөз айтып қалтыраған айтыс қымбат секілді. Шынайы нәрсе түбінде жарқырайды.

– Қателеспесем, 2009 жылдан бастап «Ақ сөйле» қоғамдық бірлестігінің төрағасысыз. Осы күні бірлестіктің жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Қазір мен ол бірлестіктің төрағасы емеспін. Өйткені, заң аясында болмайды. Бүгінде төрағалықты ақын, ұстаз Ержеңіс Әбдиев атқарып жүр. Бірақ, біздің ол бірлестікпен жұмыс істеуімізге заң қарсы емес. Уақытында бірлестіктің жұмысы біраз тоқтап қалғандай болды. Себебі, жан-жаққа оқуға, жұмысқа кеттік. Осы жылдан бастап ауыл-аймақты аралап, талантты балаларды тауып, топқа қосуға жұмыстар істеліп жатыр. Жеке мұнай компанияларынан қосымша қаржы көзін тауып, «Ақ сөйленің» жұмысын жүйелеп жатырмыз. Алдағы уақытта Сыр елінің халқы ол жаңалықтарға куә болады деп ойлаймын.

– Сіз басқа адам болсаңыз, өзіңізбен дос болар ма едіңіз?

– Мен басқа адам болсам, өзіммен дос болар едім, бірақ дос бола жүріп өзімнің кемшіліктерімді түзеуге кеңес берер едім. Ақын Ерлан Жүністің «Күлгенде көп едім, Жылағанда жалғыз қалдым» деген бір өлеңі бар еді. Сол сияқты, қазір уақытыңды, қаржыңды, қызығыңды бөлісетін достар бар, бірақ олармен сырыңды, мәселеңді, қайғыңды бөлісе алмауың мүмкін. Досыңның көп болмағаны да дұрыс. Өйткені, ол көп уақытын басқа жақта өткізеді. Нағыз достарды уақыттың өзі іріктеп, сұрыптап береді.

УАҚЫТ  ӨЗІНІҢ  ПРОЗАСЫН,  ПОЭЗИЯСЫН  ТУДЫРАДЫ

– Танымалдық мықтылық па?

– Абай Қалшабек деген ағам «танымал дегенді сөздік мағынасында екіге бөлуге болады: таным ал және таны мал» деп еді. Меніңше, танымалдықтың пайдасынан зияны көп. Өйткені, бұған дейінгі даналардың өлеңдерінде «ешкім танымайтын, білмейтін, сыртыңнан бағаламайтын, ішіңнен сынамайтын бір жаққа кетіп қалсам ғой» деген ой жатады. Оның жауапкершілігі мойныңнан еш түспейді. Кейде жұрт қатарлы бір жерге бара алмайсың, кейбір жерде өзің үшін емес, танымалдығың үшін бейтарап қалуың керек болады. Жауапкершілік – сезінген адамға ауыр жүк. «Алшаң-алшаң кім баспас, Басарға балтыр шыдамас» дегендей, танымалдық пен абыройдың аражігін ажыратып алу керек деп ойлаймын. Атақты адам берді, абыройды Алла береді. Адам берген атаққа малданып жүріп, Алла берген абыройдан айырылып қалмау әр адамның ұстанымына айналса деймін.

– Сыр еліндегі прозаның жағдайына көңіліңіз тола ма?

– Кәсіби әдебиетші, жазушы, журналист болмағаннан кейін нақты баға беруден аулақпын. Бұл Қызылордада ғана емес, Қазақстан, жалпы әлемде бар секілді көрінеді. Әрине, бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Әдебиетпен айналысуға жақсы жағдай, мотивация керек дейін десең, кеше­гі от пен оқтың ортасында жүрген жазушылар, Алаш арыстары еске түседі. Жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Қызылорданың төңірегіндегі прозашыларды оқымасам да, ел аумағы­ндағы мықты жазып жүргендерді білемін. Оқимын деген адам бұған дейін жазылған классикалық әңгімелерді қайталап оқу арқылы да біраз жетістікке жетеді. Мүмкіндік беруіміз керек, уақыт өзінің прозасын, поэзиясын тудырады. Әдебиеттің пісіп-жетілуіне ұзақ уақыт кетеді. «Орманды өртеуге бір тал шырпы жетеді, Орнына келтіру үшін жүздеген жылдар кетеді» дегендей, біздің ұлтымызға, рухымызға жасалған геноцидтер міндетті түрде әдебиетіміз бен мәдениетімізден көрініс табады. Жойқын-жойқын геноцидтердің салдары әлі де біздің санамыздан құлдық қамытты толық сыпырып, жаңа буында қалып­тастырып үлгермей жатыр деп ойлаймын. Бірақ, екі ортада Қабдеш Жұмаділов ағамыздың кетуі соңғы  көш  секілді  елестеді…

АБАЙДЫҢ КӨП ОҚЫЛУЫНЫҢ ӨЗІ –  КӨП ОҚЫЛУДЫ МАҚСАТ ТҰТПАҒАНЫ

– «Шығыстан күнмен бірген шыққан Абай, Батыстан күн шыққанша оқылады» дедіңіз. Өзіңіз оқылмай қалудан қорықпайсыз ба?

– Мен қорықпаймын. Сенің мақсатың біреу оқысын, біреу тыңдасын деген дүние болса, ол сені құртады. Адамдардың аузында айтылсам екен, құлағында жаңғырсам екен деген мақсаттан алыс жүру керек. Абайдың өзі «Көрдік, алыстық, жұлыстық. Енді осыларды қағазға түсіруді мақсат тұттым. Біреу керегіне жараса алсын» дейді. Абайдың көп оқылуының өзі – көп оқылуды мақсат тұтпағанынан. Қазір біз бірдеңе жазсақ болды «пікір жаза ма екен, лүпіл баса ма екен?» деп дорбадан жем жейтін ат сияқты елеңдеп тұрамыз. Мен мұны жай сөз ойнату үшін айтқаным жоқ. Абайдың сенгені де, сүйенгені де – мәңгілікті мақсат тұтқаны. «Теңізін тапқан бұлақ құр­ғамайды» деген се­кілді, Шыңғыстау­дың қайнарынан шыққан бұлақ мұ­хитқа қосылып кеткендей. Ортадағы шалшықтар, бұлақтар, көлдер, тіпті теңіздер құрғауы мүмкін, бірақ алып мұхиттар құрғамайды. Абайдың да сол мұхиттар секілді терең екені белгілі, оның астында қандай інжу-маржандар бар екенін біз білмейміз. Абай – анау-мынау адам бойлай бермейтін ақыл-ойдың алып айдыны. Оқылмай қалғаның қорқыныш емес, оған қайта қуанатындай да жағдайлар болады. Оқылу үшін ғана жазған болсаң, ол арманыңа жетесің, сенен бірақ еш пайда болмайды.

– Мемлекеттік сатып алу порталына сүйеніп журналистік зерттеу жасайтындар көбейді. Бұл бюджеттің ақшасын оңды-солды шашып жатқандарға тұсау салады деп ойлайсыз ба?

– Қалай болғанда да, мемлекеттік қаржылық құрылым мемлекеттік сатып алуға құрылғандықтан, менде қазір оған балама нұсқа жоқ. Осы жүйені  адамдар ойлап тапқандықтан, адамда қандай кемшілік болса, онда да сондай кемші­ліктер  туындауы  мүмкін.  «Жақсы  адам  дегені­міз – ешқандай кемшілігі жоқ адам емес, жамандығынан жақсылығы көп адам» дейді ғой. Сол секілді, кез келген жүйе кемшіліксіз болғаны үшін мықты жүйе емес. Кемшілігінен артықшылығы көп болғандықтан мемлекеттік құрылымға енді. Ол жердегі адами факторлардың, яғни мемлекетшіл емес адамдардың, жемқор адамдардың әрекеті тұтас мемлекеттік ұстанымды, жүйені көрсетпейді. Тендерлік жүйені дұрыс бағытқа алып бара жатқан мекемелер де, тұлғалар да бар. Бірақ, алдағы уақытта жетілдіріп, толықтыруға болады. Бұл – баланың өтпелі кезеңі сияқты ғой, азу тісі шыққан кезде ауыратыны, тісі шыққан кезде бала­ның іші кететіні сияқты жас мемлекеттердің барлығы өткеретін табиғи заңдылық. «Ат сүрінбей жер танымас» дейді, сондықтан осылардан толық өтпейін­ше, кемел мемлекетке айналмаймыз деп ойлаймын.

– «Өмірде кейбір адамдармен танысқан күні емес, қоштасқан күні жақсылап танысасың…» деп жаздыңыз. Мұнан астар іздеуге бола ма?

– Көп ақындар лирикалық кейіпкерлерге қатыс­ты «бұл – менің сол сәттегі көңіл күйім­ді білдіретін ғана шумақ, ол өмірлік ұстанымым емес» деп жатады. Бірақ, менде керісінше. Өйтке­ні, бұл – өмір шындығы. Адамды тану үшін онымен алыс-беріс болуы керек, онымен сапарға шығуың керек. Осындай кезде адамдар сыр беріп жатады. Сондықтан атыңды аулағырақ салуға тырыса­сың. Онымен дұшпан болу деген ойда жоқ. Бұл бір адамға бағытталған сөз емес. Аз-маз сүрген өмірімізде көрген-білген адамдарымыздан осындай философиялық ой түйіп қалатынымыз бар.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: