Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан – бай адамдар үшін рақат ел

27.03.2021, 11:30 503

Сұхбаттасқан  Нұрбек  ӘМИША

Еліміздегі туризм саласы мен қазақ қоғамындағы бөлінушілік көп жерде айтылып та, жазылып та келеді. Осы тақырыпта әңгіме өрбіту үшін белгілі «қаңғыбас блогер», саяхатшы, экономист Яков Федоровпен сұхбаттасуды жөн көрдік. Яков – 50-ден астам елде болған, Қазақстанның ішкі туризмінің жанкүйері. Ол – эрудит, мектепте сыныптан-сыныпқа тез аттап, мектепті үздік бітірген. Өз бетінше қазақша үйреніп, өзін дамытып, әлемді аралап, көп кітап оқиды. Бұл сұхбатта Яков қазақ қоғамы, елдердің имиджі, туризмнің проблемалары және басқа да ақпарат жайлы аз-кем өз ойымен бөліседі.

Яков  ФЕДОРОВ, блогер:

ӘРБІР  АДАМ  ӘЛЕМДІ  АРАЛАП  КӨРУІ  КЕРЕК

– Яков, сізді блогер ретінде жақсы танимыз. Әлеуметтік желіде де белсендісіз. Жақында ғана Египетке барып келдіңіз. Әсеріңіз қалай?

– Мені өзіңіз жақсы білесіз. Өзімді әзілдеп «қаңғыбас блогер» деп атаймын.   Осы блогерлік салада жұмыс істеп жүргеніме   1 жылдан астам уақыт өтті. Әдепкіде Алматыда тұрдым. Бірақ, Қазақстан туралы ешқандай ақпарат болған жоқ. Ауылдар ғана емес, кейбір үлкен қалалар жайлы ақпаратты да табу қиын еді. Тіпті «Википедияда» да болмады. Сол себепті де осы ақпараттарды табу үшін бүкіл қалаларды араладым. Көптеген аудандарда болдым. Кейбіріне өз қаражатыммен барсам, кейбіріне арнайы шақыртумен барып жүрдім. Алғашқыда өз қаражатыммен аралаған едім. Содан соң, көп өңірлер шақыра бастады. Одан бөлек, менің екінші мақсатым – әлемді аралау болды. Жыл сайын 10 мемлекетте болып жүрдім. Былтыр әрине, пандемия салдарынан жоспарларымызды өзгертуге тура келді. Дегенмен, осы қаңтар айында Египет еліне барып келдім. Бір қызығы, біздің елде ұлттардың өзін-өзі тануы, оның құндылықтарын зерттеу мәселесі өзекті. Ал Египет – осы мәселені зерттеу үшін өте қызық мемлекет. Өйткені, бізде БҰҰ-ның концепциясы бар. «Бір ұлт – бір мемлекет» деген. Ал Араб әлемі кішкене өзгеше. Көп мемлекет араб тілінде сөйлейді. Діндері де бірдей. Ұқсастықтары өте көп, әрине, біздің көзқарасымызбен. Бірақ, әр елдің мемлекеті басқа. Олардың ұлты араб па, египтілік пе, соны әлі де түсінбедім. Және олардың өз арасында да осы сұрақ төңірегінде көптеген пікірлер бар. Кей адамдар барлығын біріктіріп, Ислам мемлекетін құруды қолдайды. Тағы біреулер тек арабтар үшін үлкен мемлекет құру керектігін айтады. Ал енді біреулері бізге басқа арабтар отандас емес, біз тек египеттік болып қала берейік деген ұстанымды ұстайды. Египет – қаншама мыңжылдық бойы өмір сүріп келе жатқан тарихи мемлекет. Соның өзінде осы сұраққа әлі де жауап таппай келеді.

Келесі жолы мен Балқан түбегіндегі мемлекеттерге баруды жоспарлап отырмын. Ол жақтағы жағдай мүлдем бөлек. Тілдері бір. Бірақ, діндері бөлек. Дінге байланысты ұлтқа бөлінеді. Өз ұлтын танып білу мәселесі расымен өте күрделі. Сол себепті де біз басқа мемлекеттерге қарап отырып, осы мәселені зерттеуіміз  керек. Тек қана қыдыруға ғана емес, осы тақырыпта зерттеу жүргізуімен Египеттегі сапарым қызық болды.

– Өте жақсы айттыңыз. Саяхаттау мәдениетіңіз – жай ғана қыдырып, селфи жасаумен шектелу емес, елмен танысу, діні мен ділін білу…

– Иә. Бірақ, селфи де жасау қажет екен. Бұл – жарнама. Пирамиданың емес, білімнің жарнамасы. Кейбір адамдар бір өңірден шыға алмай жатады. Ал әлемді міндетті түрде көру керек. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, әр елдің беретін сабақтары бар. Олардың ел болып қалыптасуын зерттеу керек. Тек мемлекет ғана емес, әр адам осындай қарапайым нәрселерді зерттеп, түсіну керек.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ  ТУРИЗМ  ТОҚАЛДАН  ТУҒАН  БАЛА  СИЯҚТЫ

– Барлығы қанша елге барып көрдіңіз? Қанша жыл уақыт кетті?

– 57 елді аралап үлгеріппін. Саяхаттауды 2013 жылдан бастадым.

– Саяхаттау барысында әр елді зерттеу жоспары бола ма? «Қаңғыбас Яковтың» қаржысын  кім  көтереді?

– Саяхатты ұйымдастыру мүлдем қиын емес.  Мәселен,  жаңағы  Египетті  алсақ.  Онда 10 күндік демалыс туристік агенттіктерде 200 мың теңгеден басталады. Ай сайын екі рет кафеге бармасаң, Египетке сапарға шығуға ақша жинап алуға болады. Егер мақсат болса, саяхаттау мүлдем қиын емес. Ал жоспарлау ол әр  адамның  қызығушылығына  қарай. Кей адамдарға табиғат ұнайды. Кей адамдарға қалалар ұнайды. Біреуіне ыстық климат ұнаса, біреуіне салқын ауа райы жағымды. Мен үшін әр мемлекет кітап сияқты. Кейбір кітаптарды бір рет оқысам жетеді, қайта оқи алмаймын. Ал кейбір мемлекеттер өте қызық кітаптар сияқты. Екінші рет қайта оқығың келеді. Алғашқыда өз қаражатыммен барып жүрдім. Бірнеше жыл өткен соң, басқа мемлекеттер өздері шақыра бастады. Мәселен, Польша, Оңтүстік Корея, Шри-Ланка өздері шақырып, сол арқылы туризм саласын дамытқысы келеді.

– Әр елдің өзіндік бір ерекшелігі бар. Сол елді еске түсіріп тұратын дүниелері бар. Сол Египетті алсақ та пирамидалары арқылы танимыз. Сол ерекшеліктері арқылы шетелдермен таныспыз. Ал бізді шетелдіктер қалай таниды? Олар тануы үшін біз нені дамытуымыз қажет?

– Бұл – ең қиын сұрақ. Өзіңіз білесіз, мен Қазақстандағы туризмнің дамуын қалаймын. Бірақ, бізде туризм саласы тоқалдан туған бала сияқты. Туризммен қай министрлік айналысатыны түсініксіз. Бір қарағанда Мәдениет және спорт министрлігі сияқты. Ал экотуризм Экология министрлігінің меншігінде. 3-4 жыл бұрын еліміздегі көптеген көркем жерлер туралы ақпараттар шыққан. Сол кезде ғана көптеген туристік орындармен таныса  алдық.

Шетелдіктерге Қазақстан несімен қызық болуы мүмкін? Көшпенділік өмірді алсақ, ол үшін Моңғолия бар. Қырғызстанда да арнайы орындар бөлініп, «көшпенділер ойынына» жағдай жасалған. Моңғолдар әлі де солай өмір сүреді. Ол біз үшін экзотика болып қалды. Қарапайым қазақтың өзі қиіз үйде өмір сүрмейді. Ол таңсық дүниеге айналды. Сол үшін біз өзіміздің туристік орындарымызды һәм ерекшелігімізді алдымен шетелге емес, өз отандастарымызға көрсетуіміз қажет. Бірақ, туризмнің дамуы жолында үлкен мәселе тұр. Мемлекет тек үлкен жобаларды ғана жасайды. Мысалы, Маңғыстауда ең үлкен, ең қымбат қонақүйді салып, тек қана президенттер мен олигархтарды қарсы алу. Сол себепті қарапайым халық бұл істерге сеніңкіремейді. Біріншіден, туризм тұрақты болуы керек. Егер де мен Бозжыраға бір рет ғана барсам, ол – туризм емес. Ол – жай сапар. Онда тұрақтылық керек. Апта сайын, жыл сайын туристер тоқтаусыз келіп отыруы керек. Екіншіден, ол жергілікті тұрғындарға табыс табуға көмектесуі керек. Мәселен, Бозжыраның маңында Сенек деген ауыл бар. Бозжыраға келген туристер сол ауылға табыс түсірсе – осы туризм. Одан кейін, үлкен жобалармен шектелмей кішкене жобаларды бастау қажет. Мәселен, хостел ашу. Көптеген ауылдар мен аудандарда қонақүйі жоқ. Іссапармен барғанда әріптесіңнің үйіне қонуға тура келеді. Осындай аудандарды көп көрдім. Бір қызығы, онда іссапармен баратын адамдар өте көп. Сол үшін де хостел ашуға мемлекеттік грант бөлсе екен. 2 миллион теңге хостел ашу үшін жетіп артылады. Және одан пайда көп болады. Әр ауылдар мен аудандарда осындай қымбат емес хостелдер болса, бұл туризмді дамытады. Және жергілікті тұрғындарға дайын табыс көзі. Қазақстан бүкіл әлемге үлкен жобалармен танылды. Ал қарапайым адамдар үшін белгісіз ел. Қазақстан – бай адам үшін рақат ел. Ал кедей немесе орта адам үшін белгісіз мемлекет.

ҚАЗАҚСТАН  ТУРАЛЫ  АҚПАРАТТЫ  КӨБІРЕК  ЖАЗУ  КЕРЕК

– Өзге мемлекеттер алдындағы имиджімізді дұрыстап алу үшін өз ішімізді реттеп алуымыз қажет  ғой.

– Бізге ыңғайлы туризм жасау қажет. Менің досым бар. Ол келесі жылы спидкубинг бойынша Азия чемпионатын ұйымдастырады. Оған мемлекеттік қолдау жоқ. Қатысушылар өз қаражатымен келеді. Жарыс Семейде өтеді. Мен соны естіп, әдейі қонақүйлерді ұсынатын Booking.com секілді сайттарға кіріп көрдім. Семейдегі бірде-бір қонақүй танымал сайттарда жоқ. Қатты таңғалдым. Бұл туристер үшін өте ыңғайсыз. Қазақстанда әлі – Кеңес одағы. Қарапайым нәрселерден бастауымыз керек. Ол – қонақүйлер  мен мейрамханаларды интернетке кіргізу, инфрақұрылымды жасау, әжетханаларды дұрыстау. Тек қана үлкен жобалармен туризм жасай алмаймыз. Содан соң, біз тек шетелдерге ғана имидж жасаймыз. Осы маған ұнамайды. Біз өз халқымызға да көрсетуіміз керек.

– Әңгімемізді туризмнен кішкене бұра тұрайық. Жалпы, әлеуметтік желіде белсендісіз. Қоғамда талқыға түскен мәселелерді жазып жүресіз. Десе де бізде қоғамда кей адамдар бұл мәселелерге немқұрайды қарайды немесе конформистік позиция ұстанып, көп айтса көнеді. Осыған көзқарасыңыз қалай?

– Ол – адами психология. Адамның тұрмысы жақсы болса, оларды басқа мәселе қызықтырмайды. Бұл – расымен үлкен мәселе. Себебі, көбінесе біздің адамдарда азаматтық емес, топтық көзқарас бірінші орында. Бәлкім, бұл мәселе білімсіздіктен шығар. Көптеген мәселелер білімсіздіктен келеді. Тек бұл ғана емес, қазақ қоғамында түрлі топтарға бөліну дәл осы себептен деп ойлаймын. Көп адамдар өздерінің қалаларынан шықпайды. Басқа адамдардың мәселелерінен хабарсыз. Қазіргі таңда бізде солтүстік қазақстандықтар мен оңтүстіктегілер екіге бөлініп алған. Бір-бірі туралы ойлары жаман. Бұл – білімсіздіктің кесірі. Адам кішкентай ғана әлемде тұрады. Бір отбасында немесе белгілі бір ортада. Ал адам басқа қалаларға немесе шетелге шықса, оның кеңістігі кеңейіп, көзі ашылады.

– Менің  ойымша, сіздің мақсатыңыз бар. Әр өңір жайлы қалыптасқан жағымсыз стереотиптерді  бұзу…

– Иә, ондай мақсат болды. Бүкіл Қазақстанды қазақстандықтарға көрсету. Біз елімізді өзіміз дұрыс танымаймыз. Қалыптасқан стереотиптерді бұзу үшін ақпарат керек болды. Ол тек қана ұлтаралық, дінаралық мәселе үшін емес, экономикаға да көп пайдасы тиетін болды. Мысалға кейбір адамдарда белгілі бір ой бар. Бірақ, басқа өңірлерде сол ойды іс жүзінде жүзеге асырғандар бар. Сол адамдарды бір-бірімен байланыстырсам дедім. Қазақстан туралы ақпаратты көбірек жазу керек. Бұл – менің басты міндетім.

ДІНГЕ,  ТІЛГЕ  ҚАРАП,  БӨЛМЕУ  ҚАЖЕТ

– Қазір еліміздегі тіл мәселесі күрделеніп барады. Блогосфераны қарасақ та солай. Екі тілге бөлінген желі. Қазақтілділердің көбісі орысша түсінеді. Алайда орыстілді азаматтар қазақша түсінбей жатады. Сіздің өзіңіз екі тілді адамсыз. Жалпы, орыстілділер қазақша жазылған, қазақша көтерілген мәселелерді түсінеді ме?

– Мен екі тілде де оқи беремін. Маған ол мәселе емес. Бірақ, әрине, орыстілділер қазақша ақпаратты оқи алмайды. Бірақ, қазір автоматтандырылған аудармалар жақсы жұмыс істеп тұр. Біз ақпараттық заманда өмір сүріп жатырмыз. Екі-үш жылдан соң, ақпараттандыру мүлдем басқаша болады. Тек Қазақстаннан ғана емес, кез келген жерден ақпаратты оңай ала аламыз. Бірақ, мәселе тек ғана тілде емес. Көп әлеуметтік жағдайлар бар. Кейбір өңірлер тек ғана қазақтілді. Ал көптеген БАҚ-тардың редакторлары орыстілді. Сол қазақтілді өңірлердегі мәселелерді сол БАҚ-тарда көрсетпейді. Менің ойымша, ол – үлкен мәселе. Тек ғана пайдаланушылардың ғана емес, төртінші биліктің де мәселесі. Себебі, олар бірінші билікке осы мәселелерді көрсетуі керек. Қазіргі журналистер және қоғам белсенділері міндетті түрде екітілді болуы керек. Олар кез келген өңірдің кез келген мәселесін түсіне алатын болады. Біздегі тағы бір мәселе – теледидардағы белгілі бір бағдарлама бір ғана қазақ тілінде немесе орыс тілінде өткізіледі. Қазақтілді бағдарламалардағы пікір орыстілділердегімен сәйкес келмей жатады. Меніңше, ортақ алаңды істеу керекпіз. Мәселен, екітілді аралас бағдарламалар немесе т.б. тиімді жолдар. Біз бөліне беруді жөн көретін сияқтымыз. Орыс тілі бөлек, қазақ тілі бөлек. Іс-шаралар да дәл осындай. Әлеуметтік желілерде де форум болса, қостілділер  бөлініп  алады. Ең бастысы, мүдделер. Ал халықтың мүдделері бірдей. Орыстілді болса да, қазақтілді болса да қажеттіліктері бір. Дінге, тілге қарап, бөлмеу қажет.

БІЛІМ  –  МЕКТЕПТЕГІ  БАҒАЛАР  ЕМЕС

– Мемлекеттік тіл деген мәселе бар. Оны дамытуға, оқытуға әлі де көп жағдай жасалмай жатқан сияқты. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Мәселе шынында бар. Мен қазақ тілін бар-жоғы 8-сыныбымда үйрендім. 1-7-сыныбымда қазақ тілінде бірде-бір сабақ болған жоқ. Бірақ, бағам жоғары еді. Бізде орыс мектептерінде қазақ тілін үйрету мүлдем дамымаған. Сол үшін қазақ тілінің методикасын өзгерту керек деп ойлаймын.

– Өзін-өзі дамытуды жаны сүйетін жастарға деген қандай кеңесіңіз бар?

– Қазіргі жастардың мәселесі – үлкен мәтіндерді оқи алмайды. Менің ойымша, білім алу үшін жыл сайын 20-30 кітапты оқу керек. Тек көркем әдебиет ғана емес, өзін-өзі дамытуға арналған кітаптар да бар. Тағы бір кеңесім – сыни ойлап, ақпаратты талдауды үйрену керек. Біз ақпаратты сынсыз қабылдай береміз. Оны талдап үйрену керек. Одан бөлек, антиутопияларды көп оқуға кеңес беремін. Сондай-ақ, ізденіс қажет. Барынша ашық болу керек. Барлығы білімнен басталатынын айтқым келеді. Білім – мектептегі бағалар емес. Мен білгім келетін нәрселерді білсем – сол білім. Сол үшін әркім өзіне қажет біліммен сусындау қажет.

– Сұхбаттасқаныңызға  рақмет!

Қағазға  түсірген 

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: