Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ тілін қазақтарға үйретіп жүрген корей қызы

26.09.2023, 16:50 417

Елена Пак – қазақ тілі маманы. Оның қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы бала күнінен ояна бастапты. Корей қызы – бүгінгі күні облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан ашылған «Абай қазынасына саяхат» және “Мәміле” клубының жетекшісі. Сұхбат барысында Елена қазақ тілін насихаттау бағытында алға қойған жоспарларымен бөлісіп өтті.

– Елена, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз? Қандай отбасында өстіңіз?

– Мен Пак Елена Владимировна Шиелі ауданы, Ақмая ауылында дүниеге келдім. 2018 жылы Ақмая ауылының №49 орта мектебін тамамдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алдым. Кезінде тарихи жағдайларға байланысты жер аударылып, қазақ жеріне келген отбасылардың бірі – Пак әулетінің ұрпағымын. Менің отбасым Шиелі ауданы, Ақмая елді мекеніне қоныс аударып, бүгінде осынау қонақжай мекенге тұрақтап, тамыр жайған. Атам Виталий Пак ауылда күрішші болып еңбек етсе, әжем Светлана Лян есепші қызметін атқарды. Әкем Владимир мен анам Татьяна да сол құтты қоныста тұрақ тауып, бүгінде өз кәсіптерімен айналысып, несібесін теріп жүр.

– Елена, қазақ тілін қазақтардың өзіне үйретіп жүргеніңізді білеміз. Неше жасыңызда қазақша сөйледіңіз?

– Кішкентай кезімнен бастап қазақ тілін білемін. Көршілеріміздің барлығы қазақ болғаннан кейін, жақын араласып, бір-біріміздің үйімізге барып ойнап, бастапқы ауызекі сөйлеу тілін үйреніп алдым. Әрине, басында акцент болды. Әлі есімде, бірінші сыныпты аяқтаған соң мектептегі әліппемен қоштасу кешін жүргіздім. Кейін жоғары сыныптарға өткен соң, қазақ тілін тереңінен оқып, жан-жақты зерттеген соң өзімнің ана тілімдей болып, жоғары дәрежеде үйреніп алдым. Сыныптастарымның барлығы дерлік қазақ болғанына қарамастан ешбірінен ұнамсыз әрекет көргенім жоқ. Керісінше жақын тартып, дос тұтуға тырысты. Өз басым білімге, қазақ тілін білуге деген құштарлығымның арқасында ұлан-ғайыр даланың тереңнен тартқан тарихына бойлап, қаншама толымды туынды, жыр маржанымен сусындап өстім. Қазақ тілі құлағыма да, бойыма да бірден сіңді. Бүгінгі таңда тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап, болашақта қазақ тілін жас ұрпаққа үйретсем деген ниетім бар. Осы ретте Достық үйінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған “Абай қазынасына саяхат” және “Мәміле” клубына жетекшілік етіп, түрлі этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрену курстарын жүргізуді жоспарлап отырмын.

– Қазақ тілін жай меңгеріп қоймай, түрлі жетістіктерге жеткеніңізді білеміз. Мұның сыры неде?

– Қазақ тілін үйренуіме үлкен септігін тигізген мектептегі ұстаздарым. “Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты” демекші, менің болашағыма бағдар салған жандарға алғысым шексіз. Ал жетістікке жетудің сыры – менің пайымымша еңбекте, білімге, оқуға деген құлшыныста. Мен қазақ көркем әдебиетін өте жақсы көремін. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолын”, Абай Құнанбайұлының “Ескендір” поэмасын қызығып оқыдым. Тіпті жатқа білемін. Абай Құнанбайұлының 200-ге жуық өлеңін жатқа, Мұқағали Мақатаевтың, Тұманбай Молдағалиевтің де өлеңдерін сүйіп оқимын.

– Тілді оңай үйрену үшін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Егеменді ел болып, тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Одан бұрын да түрлі ұлттың өкілдерімен ынтымақты бірлікте, берекелі түсіністікте ата-бабаларымыз өмір сүрді. Бәріміздің жүрегімізге жылылық ұялататын қарапайым қағидат бар. Ал бүгінгі күні өзің тұрған ел халқының тілін білу адамдар арасындағы қарымқатынастағы бұлжымас заңдылық екендігі барынша айқындала түсуде. Бұл – бәрімізге керек қажеттілік. Мұндайда жергілікті халықтың жауапкершілігі де, үлгі-өнегесі де еселене түспек. Қазақ тілін Абай атамыздың өлеңдерін, қара сөздерін оқу арқылы үйренуге кеңес беремін. Себебі жастарға ұлттық тәрбие беруде, адамның рухани дамуына, жетілуіне Абай ойларының философиялық тәлім түйінінің маңыздылығын насихаттай жүруіміз қажет. Осы орайда жастарды адами қасиеттерді жетілдіру негізінде тәрбиелеу айрықша маңызды дер едім.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Асел Абзал

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: