Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елімізде еркін контент мүлдем жоқ

11.02.2021, 11:00 655

Тимур  БЕКТҰР,

IT  маман,  тренер:

Заман көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатыр. Жаһанданудың бұл ағысынан біз де қалыс қалмай, цифрлану дәуіріне толықтай кіруіміз қажет. Әлемде болып жатқан өзгерістер өте көп. Адамдардың ой-санасы да тоқтап қалмақ емес. Жаһанданудың жағымды келбетін өздерінің бас пайдалары үшін бұрып әкететіндер де кездесетінін көріп жүрміз. Осы тұрғыда, халқымыздың бұл саладағы әл-ауқаты қалай? Әлеуметтік желілерді қалай пайдаланып жатырмыз және интернеттегі қазақ аудиториясы жайлы белгілі IT маман Тимур Бектұрдың журналист Нұрбек Әмишаға берген сұхбатын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

«КОМФОРТ  ЗОНАСЫНАН»  ШЫҒУ 

ДӘСТҮРГЕ  АЙНАЛЫП  КЕТПЕУ КЕРЕК

– Сізді IT маман ретінде жақсы білеміз. Көптеген курстар, арнайы сабақтар өткізіп жүрсіз. Қазіргі таңда адамдарға мотивация жетіспей жатады. Соның ішінде өзімізге үйреншікті орыннан, яғни «комфорт зонадан» шығудың жолдары қандай?

– Өте қиын сұрақ. «Комфорт зонадан» шығу оңай емес. Айтуға оңай, әрине. Ақыл-кеңес беріп, жол көрсету де оңай. Тек оны тәжірибеде жүзеге асыру өте қиын. Ең алдымен адам «жайлы ортаның» не екенін түсінуі керек. Шындығында көп адам түсіне бермейді екен. Біз «тұрақтылық» деген түсінікті пропагандамен миымызға сіңіріп тастаған елде тұрамыз. Бір жағынан қарасаң, тұрақтылық деген өте жақсы нәрсе. Тұрақтылық орнаса, отбасыңды асырап, жақсы өмір сүресің ғой. Біз аласапыранға, түрлі өзгерістерге ұшырама­ғанды жақсы көреміз. Бәлкім, бұл экономика жағынан да пайдалы шығар. Бірақ, дамыған елдерге көз тас­тасақ, қай саласын қарасаң да тұрақтылыққа төзбеушіліктің арқасында жетістіктерге жетіп отырған. Яғни, өзіне ыңғайлы ортада қалып қоймаған. Керісінше, дамуға, дамытуға ұмтылған. Тұрақтылық сезімі әсіресе, біздің ата-аналарымызда басым. Бұны «кеңестік экономикалық тұрақтылық» деп түсінуге де болады. Бұл олардың өмір сүру салтына айналып кеткен. Алайда кез келген тұрақтылық стагнацияға ұшырайтынын білу қажет. Яғни, тұрақтылықтың әсерінен тоқырауға тап боламыз. Ислам дінінде мынадай сөз бар. «Әр мұсылман күніне бір қадам алға жылжып отырмаса, ол екі қадам артқа кетіп жатыр» деген. Ол әр күн сайын білімін арттырып отыруы қажет. Біз бір орында тұрып қаламыз деп ойлаймыз. Дегенмен, бұл мүмкін емес екен. Адам не дамиды, не артқа кетеді. Сондықтан да адам ең алдымен «жайлы ортада» екенін сезінуі қажет. Оған адам көнбеуі керек. Сонда ғана іштей өзгере бастайды. Өзіне-өзі көңілі толмай, өзгеруді қалайтын болады. Түрлі сұрақтарға жауап іздей бастайды. Осылайша, біртіндеп ол ортадан шығады. Бірақ, «жайлы ортадан» шығу дәстүрге айналып кетпеуі тиіс. Әр нәрсенің өз кезегі болады. Қазір кітап дүкендерінде мотивациялық кітаптар өте көп. Ал адамға ең бастысы – өзінің ішкі мотивациясы. Миллиардтаған қаржысы бар біреудің «Жұмысыңды тастап, кәсіп аш. Осы уақытқа дейін бизнеспен айналыспаған қандай адамсың?!» деген сөзіне еріп кете беруге де болмайды. Сондай бай кісілердің айдауымен өз отбасын асырап отырған жұмысын тастап, бір күнде барлығын бұзып, қирату қисынға келмейді. Оның арты қиын жағдайға апаруы мүмкін. Бірден өзгеруді көтермей ажырасулар немесе ішімдікке салынып кетуі мүмкін ғой. Қазіргі таңда экономикалық мәселе бас­ты назар­да. Санамызды тұрмыс билеп алған. Жан-жақты қарау керек. Бүкіл тактикасы мен стратегиясын ойлап, қадам басу керек. Мәселен, мен «жайлы ортадан» шығуға қо­рықпаймын. Себебі, табыс көзімнен айы­рыламын деген қорқыныш жоқ. Қосымша қаражат көздерін табуға мүмкін­шілігім бар. Сондықтан да қаражаттан қысылмағандықтан «комфорт зонадан» шығу қиын емес. Басқаша ойлауға мүмкіндік бар. Ал өмірінде кәсіп ашып көрмеген жанға бұл қиынға соғады. Өйткені биз­несте көптеген қиыншылықтар бар. Осы дүниелерді ескеру қажет.

Дегенмен, «жайлы ортадан» шығып тұру қажет. Өзгерістің өзі жақсы өзгерістерге әкеледі. Бір кісінің айтқан сөзі бар. «Күнде бір нәрсені істеп жүріп, менің өмірімде өзгеріс болады екен деп ойлама» деген. Бір жағынан қарасаң, өте қарапайым сөз. Бірақ күнделікті тіршілікті қайталай берсең, аспаннан көлік, баспана түспейді. Өзгеріске ұшырау өте қиын болмақ. Бір жағынан мұндай өмірді де жаман деп айтуға аузым бармайды. Күнделікті тіршілікпен айналысу да өте жақсы. Тұрақты өмір тұрақты табыс көзін әкеледі. Ал алға жылжуды қаласа, өзгеру қажет.

УАҚЫТТЫ  ҮНЕМДЕП  ҮЙРЕНУ  ҚАЖЕТ

– Адамдар өзін-өзі дамыту үшін қандай қадамдар  жасау  қажет?

– Бірнеше жыл бұрын ақыл айтуға құмар едім. Бәлкім, жас ұлғайғаннан болар, бәлкім жастардың тәжірибесін көргеннен болар, соңғы кездері демотивация беретін болып жүрмін. Жоғарыда айтқандай, мотивация екіге бөлінеді. Біріншісі – ішкі жігер, екіншісі – сыртқы, яғни кітап дүкендеріндегі мотивациялар. Көбіне, біздің жастар сыртқы мотивацияға құмар келеді. Бұл өзіндік бір деңгейде жақсы. «Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» деген соң не жорық?» деген бар емес пе. Қоянның ішкі мотивациясы қашуға дайын болып тұр. Тек сыртынан үркіту оны итермеледі. Осы секілді адам кейде өзі дайын тұрады. Мәселен, бір ауылдың азаматы кез келген қала орталығына көшуге дайындалып жүреді делік. Жан-жақты ақылдасып, түйіндерін шешіп, дайын болады. Бірақ, соңғы күдікті сейілтетін ешнәрсе табылмағанда сондай кітаптарды оқып, өзіне сенімділік жинаса, мұндай кітаптардың көп көмегі тиеді. Осы тұрғыда, бұл – өте жақсы.  Ал бізде көбінесе адам өзін өзгертуге дайын  болмай шығады. Қосымша тіл өзгертуге ниеті жоқ не болмаса отбасылық жағдайы көтер­мейді. Өздерінің шамасын білмейді. Түрлі мотивациялық сабақтарға қатысады. Ол сабақ­тың қорытындысы бойынша әлемдегі ең кедей, бейшара адам өзім  екен деп шығасың. Кейде бір пысық адамдар болады. Белін буып, тәуекел ете­ді де жетістікке жете алатын. Бірақ ондайлар сирек. Сондықтан да мотивацияның ішкі түрі қажет. Алдымен өзін-өзі тану қажет. Өзінің белгілі ортасы немесе жұмыс орнында да өзгеруге болады. Жұмыс­ты тастау міндет емес. Кез келген адамда өзіне арнаған жеке уақыт бар. Сол уақытты тиімді пайдалануы тиіс. Уақытты тиімді пайда­лану үшін тайм-менеджментті меңгеру қажет болады. Осы  салада сабақ жүргізетін Брайан Трейси  деген   американдық   ақсақал  бар. Соның «Достижение максимума», «Goals» және «No excuses» деген үш кітабы бар. Соны оқуға ұсынамын. Өте қарапайым тілмен жазылған, кез келген деңгейдегі  адамдарға  арнал­ғ­ан. Осылар арқылы тайм-менеджментті игерсе, өзін дамытуға қолайлы жағдай туғызады.

Адамдар өзін-өзі дамыту дегенде үлкен серпіліс күтеді. Алайда ол олай емес. Барлығы біртіндеп ғана келеді. Ең болмашы дүние­ні үйренуден бастаңыз. Ал егер де өзгеріске жаны құмар жан болсаңыз, белгілі бір салада білетініңіз  мол, жетістіктеріңіз  жеткілікті болса, сізге үлкен серпіліс жасап көруге болады. Өміріңіздің ағымын кілт бұра аласыз. Сізді болмашы нәрседен бастап үйрену қызықтырмайды. Өзгеруге дұрыс орта да жақсы әсер  етеді.

– Иә,  толықтай келісемін. Өз басымнан мысал келтіретін болсам, осыдан 10 жыл бұрын Қызылорда облысынан «Хабар» телеарнасына келген кезімде, осындағы жас әріптестерімді, олардың мақсатқа жетуге деген жігерін көріп, солардан қалып қоймас үшін барымды салдым. Яғни, орта адамға қатты әсер етеді. Нәтижесінде әріптестеріммен бірге ағылшын оқып, бір жылда ағылшынның бір әрпін білмейтін Нұрбек жыл соңында «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанды. Бұны неге айтып отырмын, мотивациның қысқа түрі, қысқа, нақты мақсаттарды белгіліп, соған ұмтылу маңызды. Сіз де, мен де өңірден келгенбіз. сондықтан артымы­здағы жастарға қарайлап жүреміз. Олар біз секілді қиналмаса екен дейміз. Өңірге ақпарат кештеу барады деп ойлаймын.

– Керісінше, мен қазіргі жастарға қатты таңғаламын. Біздің 30 жасымызда енді үйренген дүниелерімізді қазіргі 20 жастағы жастар толық меңгерген. Кейбіреуінің кәсіптері бар, сөз саптауы бөлек. Бірнеше тіл біледі. Қазіргі жастарға қарап марқаямын. Марғұлан Сейсенбай деген ағамыз бар. Оның «Адамдардың жетістігінен үйреніп қажет емес. Себебі, жетістік – жеке дүние. Әр адамның басына қонған жеке бақ. Ол екінші адамға қайталанбайды. Бірақ, барлық адамдағы қателік, өкініш бәрінде бірдей болады» деген сөзі бар. Ескермей қалу, ұмытып кету, оқымаған дүниесінен ұтылып қалу деген секілді.

– Иә, екінші дүниежүзілік соғыстан соң Англия майданға барған ұшақтарын зерттеген ғой, сонда бір маман айтыпты: біз қайтып келген ұшақтарды емес, қайтпай, қалып қойған ұшақтарды зерттейік, олардың қателігі, кемшілігі неден болды деп.

– Жақсы  мысал.

ИНТЕРНЕТТЕГІ  ОРЫСТІЛДІ  КОНТЕНТ  – 

ӘЛЕМ  БОЙЫНША  БІРІНШІ  ОРЫНДА

– Адамның өзін дамытудың бір жолы – кітап оқу. Тимур, сіз қазір қандай кітап оқып жүрсіз?

– Жасанды интеллект тақырыбы қызық­тырып жүр. Оның ішінде тайвандық ғалым, осы салада көптеген қызмет атқарған Ли Кайфу деген азамат бар. Сол кісінің жасан­ды интелект жөніндегі кітабын оқып жатырмын. Бұл негізінен IT мамандары оқуы тиіс кітап ғой. Бірақ, мен осыны көпшілікке ұсынар едім. Себебі, өткен ғасырдың 20-жылдары электр энергиясы заманды біршама өзгерткен. Жұмыс орындарын қысқартып, көп жерді автоматтандырды. Сол секілді біздегі ХХІ ғасырдың жиырма бірінші жылынан бастап кез келген салада жасанды интеллект баяғы электр энергиясы­ның қызметін атқарады. Көптеген саланы өзгертеді. Енді адамдар бір салада ұзақ уақыт жұмыс істегісі келсе, сол жасанды интеллектті оқығаны дұрыс деп есептеймін.

– Жоғарыда тайм-менеджмент туралы сөз бастаған едік. Кейбіреулер уақытын дұрыс пайдалану үшін ұялы телефондарына way of life секілді  қосымшалар орнатып, соның күшіне жүгінеді. Сіз де бұл практиканы қолданасыз ба?

– Алғашында трекер пайдаландым. Тайм-менеджмент – ол қабілет және әдет. Адам кез келген нәрсеге дағдылану үшін оны ескертіп отыру қажет. Бұл қосымшалар осының рөлін атқарды. Мен де басында қағаз, блокнотпен трекер қолдандым. Кейіннен әдетке айналдырып алған соң, санаға орны­ғып,  оны  қолданбайтын  болдым.

– Менің ойымша кез келген адам тайм-менеджм­ент немесе адамның өзін-өзі дамыту жайындағы білімін өзгелерге үйретуі керек. Олардың қоғам алдындағы миссиясы – осы. Осы тұрғыда, сіздің ойыңыз қалай?

– Қазір осы жағдайды қолайлы еткен – жақсы заман. Әлеуметтік желі бар. Соның арқасында өзінің білгенімен бөліскісі келген адам әлеуметтік желіні пайдалану керек. Ол қоғамға пайдасын тигізіп ғана қоймай, өзінің жеке  брендін  де  қалыптастырады.  Ең  дұрысы – әлеуметтік желіден бастау. Оны бастап кеткен  азаматтар  да  өте  көп.

– Өзіңіздің бір сөзіңіз бар. «Мен қазақ жастарына қызмет қыламын» деген. Соны ашып түсіндіріп берсеңіз. Неге тек ғана қазақ жас­тары?

– Google-дан кез келген ақпаратты сұрасаңыз, мәліметтер орысша немесе ағылшынша шығады. Қазақша мәліметтер өте сирек. Әлемдік интернетті сараптайтын арнайы ұйым­дар бар. Солардың мәліметінше, орыс тілі 2020 жылы интернет контент жасаудан бірінші орынға щыққан. Ағылшын мен қытай тілін де басып кеткен. Бұған ТМД елдерінің қосқан үлесі көп. Қазақша контентті жоқ деуге де болады. Сол үшін қазақша контентті дамытуды бүгіннен бастау қажет. Осы жолда қызмет еткім келеді. Тамшыдай болса да үлесімді тигізсем деймін. Бұның жастарға әкелетін пайдасы  көп  болмақ.

ҚАЗАҚСТАН  INSTAGRAM

ПАЙДАЛАНУДАН  БІРІНШІ  ОРЫНДА  ТҰР

– Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазақ аудиториясының  үлесі  көбейіп  келеді…

– Иә, негізінен көбейіп келеді. Қос тілді­ден гөрі таза қазақшаға бет бұрғандар көп. Бірақ, олардың сұранысы жоғарғы деңгейдегі контент емес. 2020 жылдың маусым-шілде айларында Қазақстан Instagram-ды қолдану жағынан әлем бойынша бірінші орынға шықты. Бізде 19 миллионға жуық халық болса, осы санмен әлемді артта қалдырып тұрмыз. Осы халықтың 9 миллионы Instagram-да отыр. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Дегенмен, мұның бәрі  тұрмыстық  деңгейдегі  контентті тұтынып жатыр. Олар жаңалықтар, өсек-аяң, біреу­дің өмірі, сенсациялар деген секілді. Жақсы контент ұсынып жүргендер де бар. Алайда кәсіп үйрену, маркетинг секілді салалық контент әлі де жұтаң. Ондай авторларға ізденіс те төмен. Менің ойымша қазақ аудиториясы тұрмыстық контенттің айналасында жүріп, жиналып алса, келесі толқынмен, сол қарқынмен салалық контентке келеді деп ойлайм­ын. Сол кезде оң ақпарат беруге біз дайын  болуымыз  керек.

– Жақында бір мәлімет көріп қалдым. Ютуб желісін қолдану бойынша Қазақстан үшінші орынға жетіпті. Бұл нені білдіреді?

– Бұған түрлі факторлар әсер етіп отыр. Біріншіден, бізде интернет арзан. Интернет жылдамдығы да өте жоғары. Кей ауылдарда интернет жетпей, қора төбесіне шығып байланысып жүруі мүмкін. Бірақ, салыстырмалы түрде бізде интернет сапасы жақсы әрі арзан. Көптеген елдерде мұндай мүмкіншілік жоқ. Еуропаның дамыған мемлекеттерінің өзінде интернет өте қымбат. Бұл – бірінші фактор. Екіншісі, біз контентті дұрыс пайдалана алмаймыз. Көбі тек Youtube-ті ғана біледі. Былай қарасақ, ютубтан басқа нені қараймыз? Басқа жоқ ғой. Тек Instagram, Facebook және Youtube ғана бар. Басқа мәлімет алатын платформа жоқтың қасы. Дамыған елдерде платформа өте көп. Ал бізде басқа көретін орын жоқ. Бұл да – бір себеп. Ал еркіндеу контент жағынан бізде мүлдем қарайтын дүние жоқ. Қоғамдық телеарна жоқ, алтернативті пікір білдіретін орын жоқ. Сол пікірлерді ауызбен айтып жеткізетін жер Facebook болса, видео­мен айтып жеткізетін жер – Youtube. Негізі қосымша платформа керек. Сауатты, кәсіби телеарнаның көп болғаны дұрыс.

– Сұхбатыңызға  рақмет!

Сұхбаттасқан  Нұрбек  ӘМИША.

Қағазға  түсірген  Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: