Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дос Көшім: Әңгіме – тырмада емес…

10.10.2022, 16:25 1432

HALYQLINE.KZ

– Дос аға, елімізде танымал тұлғалар президент сайлауына неліктен қатыспайды, нақты айтқанда, өздерін кандидаттыққа ұсынбайды? Әлде бұл 30 жылға созылған тұншықтырудың салдары ма?

Бұл жерде «танымал тұлғалар» деген сөзді нақтылау қажет сияқты. Танымал тұлғаларға ақын-жазушылар, артистер мен спорт саңлақтары да кіреді. Меніңше, сіздің айтып отырғандарыңыз – саяси-қоғамдық жұмыста жүрген тұлғалар. Бұларды да, өз басым, екіге бөліп қарар едім. Біріншілері – өздерінің ой-пікірлерін әлеуметтік желіге салып, сол арқылы танымал болған жандар. «Шындықты шырылдатып айтатын» адамдар. Олар сол пікірлерімен қоғамда көзқарас қалыптастырады, біреулердің көздерін ашады, ал енді біреулерге ой салады, біреулерді орға жығады, енді біреулерден батыр жасайды. Өкінішке қарай, кейбіреулер осы азаматтарды саяси бағыттағы жандардың қатарына қосады, саяси іс-әрекеттердің басшылары деп ойлайды… жоқ, олар өздерінің көзқарастарын білдіру арқылы бүгінгі қоғамды, немесе өздерінің алдарына қойған мүдделеріне сәйкес, халықтың көзқарасын өзгертеміз деген жандар. Екінші топқа саясатпен тікелей айналысып, ұйымдық, құрылымдық жүйе жасақтап, стратегиялық жоспар бойынша жұмыс істеп жүргендер. Қазақстандағы олардың саны, менің ойымша, төрт-бестен аспайды. Ең қызығы, қоғам өкілдерінің басым көпшілігі екінші топтан гөрі бірінші топтың өкілдерін жақсы таниды. Әрине, бұл жерде Ринат Зайытов сияқты орақ ауызды шешендер мен Арман Шораев сияқты танымал, белсенді блогерлер жақсы президент бола алмайды деген сөз емес. Әңгіме – қазіргі қоғамдық көзқарасты өзгертудің оңайлығы мен билік жүйесінің бұл бағытта сан түрлі тиімді тәсілдерінің бар екендігінде. Ал саяси құрылымның жөні мүлдем басқа. Бұл жерде, бір ұйымдық деңгейде топталған азаматтар көздерін жұмып, көптің («ақымақ – көп, ақылды – аз», Абайдың сөзі) сөзіне ере бермейді. Өздерінің саяси ұстанымын басқа көзқарастардан жоғары қояды. Сондықтан, өз басым, сіздің сұрағыңыз саяси тұлғаларға қатысты деп ойлаймын.

Менің ойымша, олардың президенттік сайлауға қатыспауының бірнеше себебі бар. Біріншісі – ұлттық бағытта жүрген, ешқашан осы биліктің қасына жоламаған, не заң шығарушы, не атқарушы билікте болмаған жандардың қатыспауы. 2017 жылы оларға арнап «мемлекеттік қызметте бес жылдық еңбек өтілі болуы керек» деген жасанды бөгет жасап қойған. Олар үміткер де болып тіркеле алмайды. Бұлардың барлығы дерлік – ұлтшыл бағыттағы азаматтар. Екіншілер – бұрынғы Назарбаевтың дастарқанында отырған, соның шенеуінігі болған, кейбіреулері соның идеологиясын таратқан, бірақ қазір өздерін оппозиция деп атайтын тұлғалар. Ең қызығы, олар сайлауға түсейін деп еді, оларды ұсынатын ресми түрде тіркелген ұйымдық құрылымдары жоқ болып шықты. Оппозицияның негізгі ұйымдық тірегі болып саналатын ЖСДП, кенеттен басқа бағытқа бұрылып, қазіргі топты «лақтырып кетті». Алайда, мойындауымыз керек, 2019 жылға дейін де, кейін де, өздерін оппозициялық күшпіз деп атаған жандардың бір емес, бірнеше республикалық деңгейдегі құрылымдарды дайындап алуға мүмкіндігі бар болатын. Бірақ олар ештеңе істеген жоқ. Неге екенін өздерінен сұраңыз. Олар не бірігіп, жаңа бір саяси құрылымдық орталық құрған жоқ, немесе осы үш жылдың ішінде болашақ сайлауға дайындық есебінде жаңа бір республикалық ұйымдар жасақтаған жоқ. Олардың кімдерге сеніп қалғанын, ең болмаса, осы үш жылды неліктен тиімді пайдаланбағанын білмеймін. Үшінші себеп – «Әміржан синдромы» шығар. Сайлау науқанынан сынбай өтіп, кейін, сайлау процесі аяқталғаннан соң, жеңілісін мойындаған үміткердің аяусыз соққының астында қалғанын бәріміз білеміз. Демек, президенттікке түсемін деген жандардың кейбіреулерінде «ертең мына тобыр мені де боққа былғамайды ма?» деген қорқыныш болатыны да даусыз. Оппозициялық бағыттағы азаматтардың бас қосып, өздерінің осы сайлауға деген көзқарастарын жариялағанын білеміз, бірақ, менің естуімше, олар да бір үміткер ұсыну мәселесін шеше алмаған сияқты.

– Қазір барлық қоғамдық ұйымдар қазіргі президенттің шашпауын көтеріп, сол кісіні президенттікке ұсынып жатыр, тіпті саяси ұйымдар Тоқаевты қолдау жөніндегі коалиция құрып алыпты, сонда елімізде Қасым-Жомарт Кемелұлынан басқа ел басқаруға лайықты азамат жоқ па? Мұның арты тағы да жеке басқа табынушылыққа әкеліп соқпай ма? Бұл кеше ғана басымыздан өткен жоқ па? Қашанғы тырмадан таяқ жейміз?

Әңгіме тырмада емес. (Шынын айтсақ, тырма – биліктің басына емес, біздің басымызға тиіп жатыр ). Әңгіме – кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатын бейшара қоғамда, сол қоғамды айтқандарына көндіріп, айдаған жағына шығарып отырған билікте, жағымпаз зиялы қауымда. Егер бұрындары Назарбаевты белгілі бір ұйымдық құрылым қолдаса, солар бастама көтерсе, енді Тоқаевты барлық қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар бір адамды қолдайды екен-мыс… Бұл – жеке басқа табынушылықтың жаңа түрі. Жаңа ойын. Қысқасы, Қасым-Жомарт ағамызды барша халық қолдайды деген көрініс жасау. (Онда сайлау өткізіп, қаншама қаржы шашып керегі не деген сұрақ туады…). Ең қызығы, Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы әлі жарияланған да жоқ. Әлі есімде, 2019 жылы, Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы жарияланбай жатып, айтыскер ақындар қауымдастығы мен жазушылар одағы оның кандидатурасын қолдаймыз деп жиын өткізіп, ыңғайсыз жағдайға қалған болатын. Қазір олар ғана емес, барлық қоғамдық-саяси құрылымдардың сол бір жағымпаздықтың ескі соқпағына түскені көрініп тұр. Кез келген қоғамда, сайлаушылар Президентке түсетін үміткерлердің алға қойған мақсат-мүддесіне, нақтырақ айтсақ, оның бағдарламасына қолдау білдірсе (сол арқылы таңдау жасаса), бізде үміткерді отырған орнына, лауазымына қарап қолдайтын сияқты. Қысқасы, адамның беделі – оның ақылы мен істеген істерінде емес, оның қызмет дәрежесінде, лауазымында екен. Сенің отырған «орындығың» – сенің ақылдылығың мен әділдігіңнің көрсеткіші. Бұл – тоталитарлық жүйенің нақты көрінісі. Осы жерде Болгария елінің алғашқы президенті Желю Желевтің «Тоталитаризмнің негізі» деген кітабындағы «Колхоздың бастығы мен аудан бастығы сөйлесіп тұрса, аудан бастығы ақылды сияқты көрінеді. Ал аудан бастығы мен облыс басшысын салыстырсақ, облыс басшысы – ақылды да білгір. Бірақ облыстық партияның басшысы мен республикалық партияның басшысы сөйлесіп тұрса, сөз жоқ, республика басшысы – дана да кемеңгер. Алайда, ертең сол республика басшысы қызметтен кетсе, ешкім де оның сөздерін жатқа айтпайды, оның пікірлерін көшелерге жазып қоймайды. Оларды ақылды етіп көрсететін – оның отырған орындығы» деген жолдар есіме түседі.

Меніңше, бұрын Президент болған адам екінші мерзімге баруға бел буса, оған баға беру – аса қиын мәселе емес. Оның бұрынғы сайлау бағдарламасын қарап шығып, сол жерде қандай мәселелер қойды, оларды қалай шешті деген сұрақтарға жауап іздесеңіз жеткілікті. Әрине, Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасындағы «Мен Елбасының тарих сынынан өткен стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз етемін» деген мақсатын, шын мәнінде жүзеге асырып жатқанын көріп отырмыз, бірақ оның «Алдымен қазақ тілін оқытуға…» деп басталатын, немесе «2023 жылға дейін еліміздің барлық өңіріндегі студенттік жатақханалар санын үш есеге көбейтіп…», «Халықтың барлық топтары үшін тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешеміз» деген уәделерінің қалай орындалғанын ешкім де білмейді. Меніңше, қазіргі президентті сайлауға үміткер есебінде ұсынған «барлық қоғамдық күштер коалициясы» 2019 жыл мен бүгінгі күнді салыстыра отырып, халыққа оның осы президенттік орында отырған уақытында қолы жеткен табыстарын көрсетуге, нақты сандармен дәлелдеуге тырысуы керек сияқты. Мысалы, «2019 жылы бір килограмм еттің бағасы 1500 теңге еді, осы үш жылда … осыншама арзандады», «2019 жылы студенттер жатақханасында мұншама орын жетпейтін еді, қазір жатақхана санының үш есеге көбейгені арқасында… осыншама орын бос қалып отыр», «азық-түлік бағасы осы үш жылдың ішінде …пайызға арзандады», «жұмыссыздық …пәленше пайызға кеміді», ал «инфляция …осынша пайыз кері кетті», «барлық мектептер қазақ тілінде дәріс беруге» көшті деген дәлелді ақпарат ұсынса – бәрі де түсінікті болар еді. Ондай салыстырмалы дәлелді таба алмаған жағымпаз батырлар «біздің қолымызға алтын түсті» дегеннен аса алмай отыр.

Әрине, елді басқаруға лайықты азаматтар жеткілікті. Олар қалай анықталады? Оның бір жолы – халықтың алдындағы ашық пікір жарысы, бір сөзбен айтқанда, теледебаттар. Бірақ, байқайсыздар ма, осы уақытқа дейін не Назарбаев, не Тоқаев сайлау кезіндегі тікелей дебатқа шықпады, шығудан бас тартты. Өздерін басқалармен салыстыруға мүмкіндік бермеді. Өркениетті елдерде үміткерлердің Презденттік дебаттан бас тартқаны – өзінің сайлаушыларын сыйламауы болып табылады, ондай үміткерге ешкімнің дауыс бермейтіні анық, ал бізде ашық пікірталастан қашқан үміткерлердің қылдары да қисаймайды.  

Президенттік орынға лайықты жандар жеткілікті. Бірақ оларды «Хабардан» көрсетпейді, «Егемен Қазақстанда» олардың пікірлері жариялабайды. Меніңше, бұл – авторитарлық жүйенің нақты көрінісі. Әңгіме бір адамда емес, осы билік жүйесінің бұрынғы қалпында қалуында.

Ал барлық ұйымдардың бүгінгі президенттің шашбауын көтеріп жатқандығы – ескі Қазақстанның толық сақталғанының көрінісі ғана.

– Алайда, Ата заңымызда әр азаматтың сайлануға құқылы деген бап бар емес пе, ендеше, «міндетті түрде мемлекеттік қызметте бес жылдық еңбек өтілі болуы керек» деген талап – қолдан жасалып отырған шектеу ғой. Бұл талап еліміздің Ата заңынан жоғары емес қой.

– Сіздің айтқаныңыз дұрыс. Бірақ біз Конституциялық заң талаптары сақталатын елде өмір сүріп отырған жоқпыз. Конституция – жазылған, қабылданған, ертең, керек кезінде, өзгеріске түсетін декларативті құжат. Біздің елде оның баптарын, сол «Конституциялық баптардың негізінде» қабылданған кез келген заңдық норма өзгерте алады. Олардың кейбіреулері Ата заңның баптарынан да жоғары тұратын сияқты.

Сіз айтып отырған «бес жылдық өтіл» – 2017 жылы, «жер дауынан» кейін қабылданды. Ең қызығы, Констиуциялық заң есебінде емес, Сайлау заңына толықтыру мен өзгертулер есебінде енді. Бұл – 2016 жылғы Жер дауынан кейін, ұлтшылдардың қарсылығын көргеннен кейін қабылданған заң бабы. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың қарсылығын көргеннен кейін, ұлтшыл азаматтарды билікке жібермеу мақсатында енген заңдық норма. Екіншіден, осы арқылы біздің билік «осы жүйеде қызмет жасап, осы жүйенің ішінде болған адамдардың ғана Президент болуға құқығы бар» дегенді ашықтан-ашық заңға айналдырып отыр. Ал бұл жүйеге қарсы болып, бұл жүйеге қызмет жасамаған, осы бір жемқорлық пен әділетсіздік жайлаған жүйені өзгерткісі келетін жандарға жол жабық. Демек, бұл – біздің елде, заңдық жолмен, ешқандай өзгеріс болмайды деген сөз. Оның орнына, «президенттік сайлауға тек қана «Аманат» партиясының мүшелері ғана қатыса алады» деп жазуға да болатын еді…

Әрине, президентке үміткер болып тіркелудің өзіндік шарттары бар. Бізде де, басқа елдерде де. Олардың ішінде ақылға қонатын талаптар да бар, жағаңды ұстайтын шарттар да кездеседі. Бір елдерде «сол мемлекетте туған адам ғана президент бола алады» деген шарт болса, енді бір елдерде президенттіке түсетін жанның белгілі бір деңгейдегі …байлығы болуы керек. Бір елдерде үміткердің жоғарғы оқу орнын бітіруі міндетті болса, енді бір елдерде президент болатын адам сол елде белгілі бір мерзімде өмір сүруі қажет. Алайда, сол шарттардың ішінде «бес жылдық өтіл» дегенді ешбір елден кездестірмеппін.

Өз басым, осындай шарттардың көпшілігі – ешқандай негізі жоқ, бәсекелестерге заң арқылы қойылған тосқауыл деп ойлаймын. Әрине, сол елде көп жыл тұрған жандар, елдің, мемлекеттің жағдайын жақсы біледі. Әрине, президент болатын адамның жоғарғы оқу орнын бітірген, жақсы маман болғаны жақсы. Алайда, бұл талаптан жоғарғы оқу орнын бітірмеген жан ел басқара алмайды деген ұғым қалыптаспауы керек. Польшаның 1990-1995 жылдары Президенті болған, 1983 жылы Нобель сыйлығын алған, автомеханик, электрик болып жұмыс істеген Лех Валенса мырза …училищені ғана бітірген. Ал 90-жылдары Балтық жағалауындағы елдердің үкімет басшылығына өмір бойы АҚШ-та өмір сүрген мамандар келе бастады. Жасқа байланысты енгізілген шарттарды да артық деп білемін. Егер 40-тан асқан адам ғана президент бола алады десек, «39 жасында – ақылы кірмеген адам, бір жылдан кейін кемеңгер болып кетеді» дегеніміз ғой. «Ақыл – жастан» деген халық даналығы қайда қалады? Финляндияның Үкімет басшысы Санну Марин 34 жаста болса, Г.Боричтің Чили мемлекетін 35 жасында басқарғанын қайда қоямыз? Меніңше, президент болатын үміткерлерге арнайы шарттар қоюдың қажеті жоқ. Оған, оның білім деңгейіне, жас шамасына, қай жерде туып, қай жерде өмір сүргеніне және, ең бастысы, оның «мемлекеттік қызметте болу-болмауына» сайлаушылардың өздері баға беруі керек деп ойлаймын.

Маған салса, Қазақ еліндегі президенттікке үміткерлерге екі ғана шарт қояр едім. Біріншісі, бұрынғы коммунистік партияның басшы қызметінде болғандар президенттіке түсе алмайды деген шарт та, екіншісі – соңғы отыз жыл бойы Назарбаевпен бірге осы әділетсіз жүйені жасауға атсалысқан, сол жүйенің басшы орындарында қызмет жасаған адамдар президенттіке түсе алмайды деген шарт. Меніңше, «Жаңа Қазақстан» жасаймыз!» деген мемлекетке аса қажетті шарттар. Қалай ойлайсыздар?

– Ашық пікіріңізге көп рақмет!

Әңгімелескен  Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: