Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәурен Абаев: «Барлық спорт түрінің дамуына күш-жігерімді саламын»

07.02.2022, 9:45 485

HALYQLINE.KZ Жаңа жылда жаңадан жасақталған Үкімет құрамында Мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындалған Дәурен Абаев алғаш болып маңғыстаулық спорт журналисі, «Halyqline.kz» ақпарат агенттігінің штаттан тыс тілшісі Айбек Мұхановқа эксклюзив сұхбат берді.

– Дәурен Әскербекұлы, екі тізгін, бір шылбырды тең ұстап, абыроймен сәтті еңбек етуіңізге тілектеспін.

Көп министрлер бұрынғы орындарын сақтап қалып жатқанда, мәдениет және спорт министрінің ауысуын былтырғы олимпиададағы сәтсіздіктермен байланыстырушылар бар. Алдыңғы олимпиадаларда спортшыларымыздың жоғары жетістіктерге жетіп жүргенін кездейсоқ сәттілік деп есептейсіз бе әлде былтырғы Токиодағы алтын мен күміс медальдардан қағылуымызды тоқырау, тоқмейілсуден болды деп ойлайсыз ба?

– Олимпиада ойындары – төртжылдықтың ең маңызды әрі беделді жарыстарының бірі. Жетекші спорт державалары олимпиадада табысты өнер көрсету үшін бар мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады. Сол себепті мемлекеттер арасында ойындарға қатысуға қызығушылық артып отыр, атап айтқанда, қатысушы мемлекеттердің саны өсіп, олардың арасындағы бәсекелестік те күшейе түсуде. Естеріңізге салсақ, 1996 жылдан бері Қазақстан құрамасы жеті жазғы олимпиада ойындарына қатысып, 16 алтын, 21 күміс және 36 қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістіктер – ойындарға қатысқан және жүлдеге ие болған әр спортшының жылдар бойғы адал еңбегінің көрсеткіші. Жоғары бәсекелестік аясында Қазақстан құрамасының мүшелері 2021 жылы Токиода өткен ХХХІІ жазғы олимпиада ойындарында жақсы деңгейде өнер көрсете алды. Өкінішке қарай, қорытындысы біздің отандық спорт тарихындағы ең төмен нәтиже болып тіркелді. Жалпы спорт өрлеу мен құлдыраудан тұрады.

Бүгінде министрлік олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша салалық жағдайларға сараптама жүргізіп, бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады. Қазіргі таңда отандық спортшылардың көрсеткіштеріне әсер ететін мәселелерді шешу бойынша жедел шараларды қабылдауымыз керек. Атап айтқанда, алдағы уақытта бұқаралық спорт, спорттық резерв және жоғарғы спорт жетістіктері сынды негізгі үш бағыт бойынша саланы одан әрі дамыту жоспарлануда. Осы шараларды жүзеге асыру қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді және спорттық федерациялармен, жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықты күшейтуді талап етеді.

– Кәсіби дипломат Президентіміз олимпиада қорытындысына көңілі толмай: «Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді», – деп сыпайылап салмағы ауыр сын айтты. Сондай-ақ: «Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет» деген тапсырма берді. Сіз енді жаттықтырушылардан жүйелі жұмыс істеп, ел ішінен лайық үміткерлерді тауып, дайындап шығаруды талап етесіз бе әлде екі-ақ жыл қалған алдағы «PARIS-2024» жазғы олимпиада ойындарына бұрынғыша имидж үшін дайын спортшыларды апара салуды және басқа елдерден жалдап алуды жөн көресіз бе?

– Бүгінгі таңда әлемде легионерлерді ұлттық құрамаларға тарту практикасы кеңінен пайдаланылады. Бұл тәжірибе елдің жоғары спорт деңгейін бір сәтте көтеріп, әлемдік қауымдастықта беделді нығайту мақсатында қолданылады. Десек те, бұл тәсілді жаппай қолданудың кері әсері бар деп санаймыз. Себебі осының салдарынан отандық спортшылар мүмкіндіктерінен айырылып, нәтижесінде спорттық резервтің ыдырауына әкеледі. Министрлік осы мәселені шешу тәсілдерін қарастырып жатыр.

– Президентіміздің 2020 жылғы Жолдауында: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», – делінген. Облыстық спорт басқармалары және балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары жыл сайын мемлекеттен қанша қаражат бөлінгенін неге жарияламайды? Ақшаны қайда, қалай, кімге, неге жұмсағанын халық білмейді. Сіз осы салаларда ашықтық принципін енгізесіз бе?

– Бюджет кодексінің 5-тармағына сәйкес осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, ҚР Үкіметінің және орталық мемлекеттік органдардың – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджет процесіне, облыстардың жергілікті атқарушы органдарының – аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджет процесіне және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджет процесіне араласуына жол берілмейді.

– Спорт мектептері жаттықтырушыларының айлық жалақылары мардымсыз болғандықтан тәжірибелі жаттықтырушылар мектептерге мұғалім боп кетіп жатыр. Жаттықтырушылардың жалақысын көтеруге, қосымша сыйақылармен ынталандыруға жұмыстанасыз ба?

– ҚР Президентінің 2021 жылғы Жолдауын іске асыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы 1 қаңтардан бастап 2022-2025 жылдар аралығында білім беру ұйымдарының педагогтарын, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді, мемлекеттік ұйымдардың басқарушы, негізгі персоналы: стационарлық және медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерін қоспағанда, азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жартылай стационарлық үлгідегі, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының лауазымдық жалақының белгіленген мөлшеріне түзету коэффициентін қолдану жолымен: 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,23; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,45; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,71; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,0 арттырады.

– Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданынында 450-ден астам жасөспіріммен жас спортпен айналысады. Олардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Осы орайда ауданда спорттық дене шынықтыру диспансерін ашуға қолдау көрсетесіз бе?

– ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 30 қыркүйектегі «Дене шынықтыру және спорт туралы заңының» 43-бабына cәйкес, Маңғыстау облысында Шоқыр Бөлтекұлы атындағы жоғарғы спорт шеберлігі мектебі жанынан дәрігерлік дене-шынықтыру диспансері қызмет атқарады. Диспансерде 1 бас дәрігер, 1 дәрігер және 4 медбике қызмет атқарып, жылына 2000-ға жуық спортшыға медициналық қызмет көрсетіледі. Мұнайлы ауданының спортшылары да сол спорттық дәрігерлік диспансерден медициналық қызмет алуға құқылы.

– Үш жылдан бері «Қазақ күресі» федерациясының президентісіз. Осы уақыт аралығында ұлттық спортымызды дамытуға, ауқымын кеңейтуге қаншалықты үлес қостым деп ойлайсыз? Сондай-ақ бұл дәрежеңіз Өзіңізде қала бере ме әлде федерация президенті қызметін басқа әріптестеріңізге тапсырасыз ба? Өйткені енді Сіз барлық спорт саласына бірдей қарауыңыз керек қой.

– Өте орынды сұрақ. Дәлірек айтсақ, мен ҚР қазақ күресі федерациясының президенті қызметінде 2019 жылдың қазан айынан бастап 2020 жылдың желтоқсан айына дейін болдым (1 жыл 2 ай). Осы уақыт аралығында қазақ күресі вариативті негізде Нұр-Сұлтан қаласының 23 мектебінің бағдарламасына енгізілді. Аталған мектептердің оқушылары қазақ күресі беренімен қамтамасыз етілді. Дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне семинарлар өткізіліп, қазақ күресін оқыту бағдарламасы бекітілді.

Ұлттық құрама команда мүшелерінің ай сайынғы төлемінің көлемі өсіріліп, спорттық киімдермен және жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ федерацияның әкімшілік-басқару персоналының қатары кеңейтілді. 2019 жылдың желтоқсан айында алғаш рет қазақ күресінен «Жыл қортындысы-2019» үздіктерді марапаттау рәсімі өткізілді. 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап мен қазақ күресі федерациясынан толық кетіп, барлық құзыреттілік «Qazaq kuresi» ассоциациясына берілді. Қазіргі таңда спорт саласына жауапкершілікті өз мойныма алдым және барлық спорт түрлерінің дамуына күш-жігерімді саламын. Сонымен қатар федерацияның қызметі қоғамдық жұмыс болуы себебінен, атадан балаға мирас болып келе жатқан кез келген ұлттық спорт түрін қолдауға дайын екенімді жеткізгім келеді.

– Президентіміз 2021 жылғы Жолдауында: «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», – деген болатын. Ал кейбір аудандар мен ауылдарда соңғы бірнеше жылдан бері бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынбаған. Тіпті екі ауылдағы екі спорт мектебі бір мекеме ретінде жұмыс істеп келеді, әлі күнге дейін бір-бірінен бөлінбеген. Бәсеке болу үшін спорт мектептерін көбейту керек емес пе?

– Бүгінгі таңда Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 3 жеке меншік спорт залы қолданыста. Сондай-ақ спорт алаңдарының құрылыстары жүріп жатыр. Бұған қоса, 2025 жылға дейін тағы 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын салу жоспарда бар.

Сіздің қоғамдық пікірлерге дер кезінде үн қосып отыратын ашық тұлға екеніңізді білеміз. Басқа лауазымдарыңызды айтпағанда, Өзіңіз де Президенттің баспасөз хатшысы, Ақпарат және коммуникациялар министрі болдыңыз. Сондықтан спорт саласының тәуелсіз журналисінің, әріптесіңіздің сауалдарына берген жауабыңызға алғысымды білдіремін. Бастамаларыңыз сәтті болсын!

– Рақмет!

Сұхбаттасқан – Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: