Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басшылардың санын азайту қажет

24.06.2021, 13:30 505

Рафхат  БИСЕНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы:

Мемлекеттік қызмет – кең балақ, жалпы етектер мекен ететін жер емес. Машақаты көп қызметке келіп, кежегесі кейін тартқандардың кендірі кесілгенін көріп жүрміз. Себебі, жұмыстың маңызы һәм халықтың талабы тым жоғары. Шыны керек, бүгінде оларды сынап-мінеп, мемлекеттік қызметшілердің шаруасынан шикілік тауып жүргендер шаш етектен. Аттап басқанның бәрі қызметшінің адымын аңдып, сәл сүрінгенді әлемжелі беттеріне де шығарып жатады. Оның үстіне әкімдікті аралап жүрген әйелдердің де ермегіне айналған – солар. Осындайда мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін ойлап, иығынан су кеткен қызметшінің арқасынан қағып, еңсесін көтергің келеді. Себебі, олардың ел, ұлт үшін атқарған қызметтері ұшан-теңіз…

Кеше мемлекеттік қызметшілер күні атап өтілді. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Рафхат Бисеновпен арнайы кездесіп, әңгімелесіп қайттық. Жоғарыда айтылған мәселелерді көтеріп, мемқызметшілердің мәселесін ашып көрсетуге тырыстық.

МЕМЛЕКЕТТІК  ҚЫЗМЕТ  –  ПАТРИОТТАР  ЖҰМЫС  ІСТЕЙТІН  ЖЕР

– Рафхат Төлеуғалиұлы, алдымен кәсіби мереке құтты болсын дегім келеді. Жалпы, мемлекеттік қызметшілер күнінің қарсаңында қандай  жұмыстар  атқарылды?

– Иә, жылда осы мереке қарсаңында мемлекеттік қызметшілерді тиісінше құттықтап, мерейін асыруға тырысамыз. Осы жылы облыс әкімінің қолдауымен арнайы жоспар бекіттік. Қазіргі таңда өңірімізде 3471 мемқызметші жұмыс істеуде. Солардың арасынан өзін жақсы қырынан көрсете білгендерді марапат­тадық. Арнайы мамандар болсын деп бекітіп көрсеттік. Себебі, бізде көбінесе марапат, алғыс хаттарға басшылар иелік етіп жатады. Ал қара­пайым қызметкерге бір жапырақ қағаз да бұйыр­майды. Сол үшін міндетті түрде қарапайым мамандардың алуын қатаң бақылауда ұстадық. Одан бөлек, «Қызылорда облысының мемлекеттік қызметіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін дайындадық. «Жасыл аймаққа» өткен соң қызметшілер арасындағы дәстүрлі спартакиаданы да өткізуге мүмкіндік туды. Спорттың 9 түрінен үздіктерді марапаттадық. Айта берсек, мұнан да басқа көптеген шаралар өткізілді. Жалпы, кейде мемлекеттік қызметшілер тарапына сыни пікірлер де айты­лып жататыны жасырын емес. Елімізде 90 мыңға жуық мемқызметші бар екенін ескерсек, бұл сындарды түсінуге болады. Себебі, бес саусақ бірдей емес. Үлкен ұжым болған соң, арасында өз қызметін толықтай дұрыс атқара білмейтін адамдар кездесуі мүмкін. Тек сыннан сабақ алып, қателіктерді дер кезінде түзеп отыру қажет. Қазіргі таңда сондай бірен-саран қыз­меткерлердің әсерінен кей адамдар мемқызметшілердің барлығы сондай екен деген ойға келіп  жатады. Бұл – үлкен  қателік.

– Өзіңіздің де осы салада жүргеніңізге 16 жыл уақыт өтті. Жалпы, мемлекеттік қызметші болуға не себеп болды? Қызметқұмарлық па әлде елге қызмет  етемін  деген  патриоттық  сезім  бе?

– Мемлекеттік қызметте 2005 жылдан бері келемін. Ол кезде қызметке құмарттым деп айта алмаймын. «Қалалық тілдерді дамыту» бөлімінің жетекші маманы болып бастадым. Осылайша, кезең-кезеңімен әр сатыдан өтіп, осы қызметке келіп отырмын. Шынымды айтсам, бастапқы кезде басшы боламын деп ойламадым да. Қазіргі жастарда ондай пиғыл болуы мүмкін. «Пайда көрсем, бастық болсам» деп келетіндер бар шығар. Өздерімен кездескенде де үнемі пайда көздеп келмеулерін ескертіп отырамын. Оның үстіне бұл жердің еңбекақысы төмен, жұмысы да оңай емес. Нағыз патриоттар ғана жұмыс істейтін жер десем қателеспеймін. Бірақ, еңбекақы аз болғандықтан қолын былғап, мемқызметші арына дақ түсіретіндер де бар. Әйтсе де, жеке өз  басым  пайда  көздеп  келген  жоқпын.

– Сыр еліне Ақтөбеден келдіңіз. Осы екі өңірдің мемлекеттік қызметін саралап көрсек, айырмашылық  бар  ма?

– Әдепкіде екі өңірдің арасында үлкен менталитеттік айырмашылық бар деп ойла­ғанмын. Өзгеріске дайын болып  келдім. Алайда бір-біріне көрші орналасқан екі аймақтың арасында аса қатты айырмашылықты байқамадым. Керісінше, тығыз байланыста екен. Оның үстіне барлық өңірде жүріп жатқан бір саясат болғандықтан мемлекеттік қызметте де аса қатты ерекшелік жоқ. Агенттіктен келген тапсырма бірдей. Бірақ, оны орындаудың  механизмі  өңір  ерекшелігіне қарай әртүрлі болуы мүмкін. Сыр елінің айта кетер бір ерекшелігі – 100 пайыз мемлекеттік тіл қолданылатынында. Ақтөбе облысының кей аудандарында ісқағаздар, хат алмасу әлі де қос тілде жүреді. Кей жағдайда орыс тілге басым­дық беріліп кетеді. Ал бұл жерде барлығы қазақ тілінде. Бұл алдағы уақытта мемлекеттік қызмет­те  оларға  үлкен  көмегін  тигізеді.

– Сонда  қалай?

– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке кіру кезінде мемлекеттік тілде тестілеу жүргізіледі. Бірақ, нақты шекті балы жоқ. Енді ғана агенттіктің бастамасымен мемқызметші атану үшін мемлекеттік тілді толық білу міндеттелетін бола­ды. Қазір концепция дайын, келесі жылдан бастап іске қосылуы тиіс. Міне, осы жағынан Сыр елінің жастарына оңай болмақ.

БІР  ҚЫЗМЕТКЕРГЕ  ЕКІ  БАСШЫДАН  КЕЛЕДІ

– Соңғы уақытта мемлекеттік қызметтің мәртебесі түсіп кетті деген пікірлерді оқып жүрміз. Шыны керек, әкімдік алдына жиналған әйел­дер де, басқасы да қарапайым қызметкердің жағасына жармасып, киімін жыртуға дейін  барып  жатыр…

– Мен де бұл мәселені байқап жүрмін. Облыс әкімдігіне де бірнеше рет келді. Сол кезде келеңсіз жағдайлар да болып жатты. Бәлкім, кей мемлекеттік орган басшыларының ашықтығының жеткіліксіздігінен болар. Кей басшылар сұхбаттан болсын, тұрғындармен жай сөйлесуден болсын қашып жатады. Бұл бағытта да біршама жұмыстар атқарып жатыр­мыз. Әлеуметтік желідегі негативті жария­лымдарға да мониторинг жасап отырмыз. Тиісті басшыларға хат жолдап, тұрғындар сауалы­на жауап беруін тапсырамыз. Сонымен қатар, «Басшылар байланыста» деген жобаны қолға алдық. Әр саланың басшыларымен бірге қала тұрғындарымен кездесеміз. Өткен аптаның соңында «Aray City Mall» сауда орталығында оннан астам сала басшыларымен бірге тұрғындармен кездесу өткіздік. Десе де, өкінішке қарай 3500-ге жуық мемқызметшінің құқығын адвокат ретінде қорғай алмаймыз. Қолданыстағы заңнамада барлығы жазылған. Олар өздері арнайы органдарға арыз түсіруге болады. Дегенмен, көбісі оған бармайды. Ал басшыларға келсек, Президент тарапынан да халыққа жақын болу керек деген тапсырма берілді. Келіп тұрған тұрғынмен міндетті түрде бетпе-бет кездесу керек деп ойлаймын. Мәселен, біз ай сайын тікелей эфирге шығып отырамыз. Сол кезде де көптеген сұрақтар келеді. Одан бөлек, қабылдау күнім әр аптаның жұма күні болса да, келген тұрғынды кері қайтармауға тырысамын. Кез келген уақытта қабылдауға дайынмын. Халыққа барынша жақын болу керек. Біз қазір сала басшыларына жақын болуды ұсынып та жүрміз.

– Президенттің әкімдерге берген тапсырмасы жайлы айтып өттіңіз. Жалпы, өзіңіздің ойыңыз­ша сол тапсырма бізде орындалып жатыр  ма, әкімдер халыққа қаншалықты жақын?

– Әрине, қабылдаулар болып жатыр ғой. Ол кісілерді де түсінуге болады. Әртүрлі сала­ға басшылық жасап отырады. Бос уақыты бола тұрып, тұрғындарды қабылдамай отыр деп айтудан аулақпын. Десе де, өңірімізге әлі де ашықтық  қажет  секілді. Бұл мемлекеттік қыз­метші  имиджін  көтерер  еді.

– Әлеуметтік желідегі мониторинг жайлы айтып өттіңіз. Осы тұрғыда, сіздерге қоғамда резонанс тудырса да, әлі шешімі шықпаған бір-екі постты алдын ала жіберген болатынбыз. Солар­ға  қатысты  нақты  зерттеулер  бар  ма?

– Иә, фейсбук желісінде жарық көрген Бауыржан Мәстеков пен Сәбит Пазыловқа қатысты жіберген посттарыңызбен таныс­тық. Айта кететін жайт, Бауыржан Мәстеков мемлекеттік қызметші болып саналмайды. Сол үшін де біз оның үстінен тексеру жүргізе алмай­мыз. Бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Менің білуімше қазіргі таңда бұл мәселе қара­лып  жатыр. Ал Сәбит Пазыловқа қатысты пост­пен де таныстық. Сол үшін ол кісіге ресми хат жолдаймыз. Заңнамаға сәйкес, мемқызметші өзіне сыбайлас жемқорлыққа қатысты жала жабылса, бір ай ішінде оны жоққа шы­ғару  бойынша  шаралар  қабылдауы  тиіс.

– Мемлекеттік қызметкерлердің санын азайтуға  деген  дайындық  қалай  жүруде?

– Мемлекеттік қызметшілер санын қыс­қарту бірінші рет болып жатқан жоқ. Бұған дейін де бірнеше рет болған. Жалпы, қазір елімізде 90 мыңнан астам мемқызметші бар. Оның 25 пайызын қысқартсақ, кем дегенде 70 мыңға жуық қызметкер қалады. Осы қысқартудың есебінен мемқызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі. Кей мемлекеттік қыз­мет органдарында 2018 жылдан бері пилоттық жүйе жұмыс істеп тұр. Еңбекақыны факторлы-балдық жүйе бойынша төлеу. Яғни, қызметшіге істеген жұмысына қарай ақы төленеді. Осы есеппен мемқызметшілердің еңбекақысы екі есеге өсті. Бұл 1 шілдеден бастап барлық өңірлерде қолданысқа енеді деп жоспарлануда. Ал мемқызметшілер саны азайса, тиісінше қалған қызметкерлерге жүктеме көбейеді. Есесіне еңбекақы да көбейеді. Саны азайса да, жұмыс деңгейі төмендемейтініне сенемін. Себебі, күніне бір құжат толтырып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрген мемқызметшілерді де көрдік. Қысқартуға негізінен басқармаларды қосу арқылы жетеміз  деп  күтілуде.

– Қисынға келмейтін басқармаларды біріктіріп, жағдайды  қиындатып  алмаймыз  ба?

– Дұрыс таңдап, ой елегінен өткізсек, қосу­ға болатын басқармаларды көруге болады. Мәселен, қаржы мен экономика басқармаларын қосқанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлай­мын. Екеуі де бір сала деп айтуға болады. Қазір басқарма, басшыларды көбейте беретін болсақ, оларға тағы қаржы бөлу керек болады. Шығын көп. Біз есептесек, кей орындарда бір қызметкерге екі басшыдан келеді екен. Бір бөлімде екі ғана маман жұмыс істейді екен, қалғандарының бәрі басшы. Бізге басшыларды азайту керек. 3-4 орынбасардан ертіп жүрудің не керегі бар деп ойлаймыз.

ЕСІГІНЕ  КІРЕ  АЛМАЙТЫН  БАСШЫЛАР  БАР

– Мемлекеттік қызметте еркіндік, демократия бар ма?

– Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулер бар. Қызметке кірмес бұрын сол шектеулерді қабылдайды. Егер де сол шек­теуді қабылдамаса, онда бұл қызметке алынбайды. Мәселен, мемқызметші өзі қыз­мет етіп жатқан органның саясатына, мемлекеттің саясатына, ақпараттық қауіпсіздікке және Елба­сы, Президент имиджіне нұқсан келтіретін пікір білдіруге шектеу қойылады. Алайда демок­ратия тұрғысынан қарасақ, өзінің басшысына көңілі толмаса, шағым­дануға және басқа дүниелерге де өз пікірін айту­ға  құқылы.

– Заң жүзінде құқылы екені белгілі, ал іс жүзінде  ше?

– Бізге өзінің басшысының жұмысына көңілі толмайтын қызметшілерден шағымдар келіп жатады. Сондықтан да іс жүзінде де еркін­дік бар деп ойлаймын. Жеке өзім қызметкерлеріммен әрдайым санасып отырамын. Кез келген уақытта жұмыс кабинетіме кіріп, өз пікірін білдіре алады. Өйткені, өзім де қыз­метті төменгі лауазымнан бастадым. Шыны керек, кей басшыларға кіре алмайсың. Бізде ондай  басшылар  бар.

– Жалпы, мүмкіндік болса осы салада не өзгертер  едіңіз?

– Жаңа жоғарыда айтқан мәселені көтерер едім. Мемлекеттік орган басшыларының ашықтығын қамтамасыз ету керек. Осыны заң деңгейінде нақтылар едім. Тұрғындармен бірге ашық сөйлесіп, кері жағдайда жауапкершілікке  тарту  керек  шығар.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: