Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысындағы Наурызнама онкүндігі

23.03.2024, 22:00 404

Биылғы Ұлыстың ұлы күні жылдағыға қарағанда сән-салтанатымен, жалпыхалықтық сипатымен ерекшеленді. «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Қызылорда облысында 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі ұйымдастырылды. Бұл онкүндік төл мерекемізді атап өтудің жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты насихаттауға бағытталған. Аймақта арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, әр күн белгілі бір тақырып аясында өтті.

Осылайша жоспарланған шаралар Наурыз мерекесін өнегелі бастамалар арқылы жалпыхалықтық мейрамға айналдыруға, халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтуға септігін тигізді.

Бүгін Сыр өңірінде Наурызнама онкүндігі аясында Тазару күні өтуде. Аймақтың әр елді мекенінде барлық ұйым, мекеме ұжымдары мен тұрғындар жаппай сенбілікке шығып, туған өлкенің тазалығына, абаттандырылуына үлес қосты. Жыл басынан бері облыс аумағына 1100 түп ағаш отырғызылды.

Айта кетейік, Наурызнама онкүндігінің соңғы күні ұлттық экологиялық науқанға арналған. Тазару күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтардың қолдау білдіруі. Бұл күні қоршаған ортаны қорғау туралы түсінік кең таратылып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік туады. Өйткені Наурыз мерекесі табиғат тазалығын сақтауға, қыстың көктемге ауысқан шағындағы жаңаруға үндейді.

Кеше облыс орталығында «Амал» мерекесі кең көлемде тойланды. Соның бірі А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің жанындағы «Достық» аллеясында өтті, деп жазады Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Аллея аумағы Наурыз нақыштарымен безендіріліп, мерекеге сай ажарлана түсті. Киіз үй тігіліп, келушілерге ұлттық дәм ұсынылды. Жігерлі жігіттер арасында ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Кимешек киген кейуаналар мен ұлттық киімі жарасқан жастар сызылта ән салса, жиналған жұрт ұйымшылдықпен тал отырғызды.

Көпшілікпен бірге қала әкімі Серік Қожаниязов іс-шараға қатысып, Амал мерекесімен құттықтады.

«Ұлт ойшылы Мәшһүр Жүсіптің өзі 14 наурызды көктемнің алғашқы күні деп, «Наурызнама» мейрамының тойлануын жазған. Бізде де биылғы жылы еліміз бойынша 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың онкүндігі аталып өтеді. Осы уақыт аралығында әр күнге ерекше атау беріліп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жан-жақты дәріптеледі және ол дәстүрге айналады. Міне, бүгін сол дүбірлі тойдың беташар сәті. Оразамыз қабыл болып, Амалдан амалға аман-есен жете берейік! – деген тілегін жеткізді.

Бұл іс-шараға қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты басқармасының төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев және қала ардагерлері арнайы қатысты.

Өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қатар бүлдіршіндердің тұсаукесер рәсімі жасалып, қала әкімінің атынан қос бөбекке тарту-таралғы ұсынылды. Қоғам қайраткері Болатбек Пұсырман елдіктің асыл мұраттарын асқақтату, елжанды қасиетті құрметтеу туралы тағылымды ой айтып, батасын берді.

Наурызнаманың бұл күні – «Ұлттық киім күні» деп аталды. Ұлтымыздың ұлылығын айшықтайтын ұлттық киім әрқашан өз құндылығын жоғалтқан емес. Қазақы ою мен әшекейлер, сәукеле мен кимешек, шапан мен кең етекті көйлек ұлттық болмысымызды ерекшелеп тұратыны анық.

Бұл күнді ұлттық киім күні деп атауы бекер емес. Өйткені, дәл осы күні ұлттық киімдер мен сәнді бұйымдар көрсетілімі халық назарына ұсынылып, барлығы бір күнде ұлттық киім киеді.

Айтулы күні қаладағы «Анаға тағзым» орталығында «Этно FASHION» ұлттық киімдерінің сән үлгісі фестивалі көрсетілсе, «Отбасы орталығында» ұлттық киімдер дефилесі ұйымдастырылады.

Осы күні қала және барлық аудандарда түрлі форматтағы іс шаралар ұйымдастырылады.

Әлеуметтік желілерде ұлттық сәнді дәріптеу мақсатында «Ұлттық киім күні» тақырыптық челленджі өткізіледі.

19 наурыз – Жаңару күні.

Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

«Жаңару» күні барша азаматты ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді.

Бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – алға жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастау, елдің жаңа басшылығының саяси ерік-жігері мен прагматикалық ұстанымының арқасында өмірді жақсылыққа қарай өзгерту туралы шешім қабылдау уақыты.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы мезгілде табиғат түрленіп, тіршілік қайта жанданады. Тек атаулы күннің табиғаттың түрленуіне ғана емес, елдегі саяси өзгерістерге де қатысы бар. Осыдан 5 жыл бұрын ел тағдыры үшін маңызды шешім қабылданды. Еске салсақ, Экс-президент дәл осы күні өзінің биліктен кететінін мәлімдеген болатын.

«Наурызнаманың» онкүндігі аясында әр күн түрлі тақырыптарға арналғаны белгілі. Осыған сәйкес, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болып бекітілді.

Қазақтың ұлттық спорты – рух пен намысты қайрап, бойдағы қуатты шыңдауға өз септігін тигізеді. Ұлттық спортпен шұғылданатын спортшылардың бітім-болмысының өзгеден бөлектеніп тұратыны да осыдан болса керек. Ұлттық спортты ұлықтауға арналған бұл күн спортшылар мен қарапайым халық арасында мереке салтанатын ерекше сезінуге септігін тигізері анық.

Ұлттық спорт күніне орай, облыстың барлық аймағында ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, «Ұлттық ойын – халық мұрасы», «Ұлы дала тарландары» тақырыптарында қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ, бес асық, арқан тарту, ләңгі тебу секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: