Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Путинді халқы тақтан тайдыра алмайды

26.03.2021, 9:15 550

HALYQLINE.KZ

Путин кемі 2030-ға дейін тақта отырады. Кеше Мемдума оның әлі екі мәрте президенттікке түсуіне рұқсат ететін заңды бірден мақұлдады. Демек Путин тақта отырады. Бір қуыршақты отырғызып қоюы мүмкін, бірақ нақты билік өз қолында болады. Медведевпен болған сценарий іспеттес.

Путин тарихта жай қалғысы келмейді. Ол өзін «Владимир собиратель земель» деген атақпен қалуын қалайтын сыңайлы. Онысы «ана жер бізге тиесілі, мына жер біздікі болған», «КСРО-дан шыққанда үлкен аумағымыз өзгелерде кетті» деп айту арқылы аңғартып жүр. Путин өзге елдің жерін тартып алу арқылы (онысын тарихи әділеттілік орнату, отанымызға қайтару деп өтірікпен бүркемелеп), өзінің саяси ғұмырын созады. Үнемі солай. Оның қолында басқа инструмент жоқ. Аш халқының жағдайын жасай алмайды, жасағысы да келмейді. Есесіне жылдар бойы саналарына сіңіріп тастаған идеологияны қолданады. «Біз ұлымыз», «АҚШ бізден қалтырап отыр», «Еуропаның екі аяғын бір етікке тығамыз», «ана жер біздікі», «Курильді бермейміз», «Қырым наш» деп күнделікті қайталайды. Радиода, теледидарда, газетте, сайтта. Бұл – идеология. Халқының біразы соған сенеді, рас екен деп иланады. Путинге арқа сүйейді. Ол рейтингі құлаған сәтте осындай сөздер айта бастайды.

Жалпы, Путин таққа отырғалы бері талай бейбіт елдің жерін тартып алды. Грузияға басып кірді, Осетияны тартып алды. Артынша Украинаға кірді, Қырымды тартып алды. Енді Украинаның шығысын тартып алмақ. Әлемде қанша держава сан түрлі соғыс жүргізсе де, ХХІ ғасырда біреудің жерін тартып алған тек осы агрессор ғана сияқты.

Путин өлмей тақтан кетпейді. Бұл шындық. Қазір жасы 68-де, әлі кемі 10 жыл отыратындай қауқары бар. Кемі 2030-ға дейін отырады деп ойлаймын. 10 жылдың ішінде бұл тағы қандай әрекетке барарын ешкім болжай алмайтын шығар. Бір ойым Украинаның шығысында референдум жасауы мүмкін және Беларусьты қосып алуға әрекеттенуі ғажап емес. Минскпен өзара «одақтас ел» жобасы арқылы ақыры қосып алуға әрекеттенетін шығар. Басқаларға да ауыз салуы мүмкін.

Путинді дәп қазір тақтан тайдыратын күш көріп тұрғаным жоқ. Миллиондаған халық көшеге шықса, Путинге жақтас 1,5 млн мұздай қаруланған әскер, бірнеше миллион полиция, өзге де күштік құрылымдар бар. Путинді қолдайтын олигархтар да жетерлік. Өйткені көбі Путиннің арқасында дәулетін арттырды. Сондықтан бұл нық отыр. Санкция салынып жатса да, отыра береді. Жалпы Ресейдің психологиясы сондай ғой. Қиындыққа шыдай береді, ғасырлардан қалған сияқты сол психология. Крепостнойлық кезең, артынша коммунистік кезеңдегі аштық, соғыс, кейін ашқұрсақ жүру. Санада бар ма деп ойлаймын өзім. Көпшілігі үшін үйінде ішер асы болмаса да, Қырымды тартып алғаны сондай абырой. Сол үшін бақытты.

Путинді халқы тақтан тайдыра алмайды. Оқыған, көзі ашық, пропагандаға берілмеген Ресей халқының біраз бөлігі оған қарсы. Бірақ оларда ресурс жоқ. Күш, ақша жоқ. Демек құр айғайдан басқа түк жоқ. Батыс Еуропада 100 мың адам бір апта «президент кет» деп айғайласа, президент кетіп қалуы мүмкін, бірақ Ресейде олай болмайды. Маған десе 1 млн адам күнде Кремльдің алдында айғайлап тұрса да, Путин таңғы асын сол Кремльдің ішінде сүйсіне ішіп отырады. Бұл – шындық, ақиқат.

Бірақ Ресей үшін нағыз қиындықтар Путин кеткен соң болатын сыңайлы. Путин өз саясаты арқылы өзінен кейін келетін адамға санкция, әлем елдерімен үзілген қарым-қатынас, жоғалған имидж, әлсіреген экономика, құлдыраған әлеуметтік жағдайды мұраға тастап кетуі мүмкін. Оның үстіне әлемнің бірнеше ошағында соғысып жатқан қақтығыстарын тағы қосып алады. Ол – Сирия, Ливия, Украина. Путиннің мұрасы осындай.

Ал Қазақ Елі не істейді? Ештеңе. Бізге ішкі әлеуметтік жағдайды жақсартуға, демографияны көтеруге, солтүстікті қазақыландыруға, ғылым мен білімді көтеруге, идеологияны мықты етуге, әскерді қуатты жасақтауға, Путин барда Ресеймен ұрсысып қалмауға (әскери қақтығыс туындатпау үшін) тырысып, тіршілігімізді жасай беру керек. Ел тізгінін ұстап отырған жандаp мұны менен мың есе артық біледі ғой. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Келіспеуге құқылысыз.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: