Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Не үшін Украина Мәскеуді дронмен атқылап жатыр?

02.08.2023, 18:30 226

HALYQLINE.KZ

Ресей астанасы Мәскеуге Украина дронмен шабуыл жасап келе жатқанына бірнеше ай болды. Көпшілік «бұл нәтиже бермейді» дейді. Алайда шабуыл не үшін жасалуда, оның негізгі мақсаты қандай?

Тарихтан мысалдар келтіріп көрейік. 1941 жылы, 7 желтоқсанда Жапония АҚШ-тың Гавайи аралындағы Перл-Харбор әскери базасын бомбалады. Жапония мен АҚШ арасында соғыс басталды. Токио АҚШ ұшақтары Жапония жеріне жете алмайды деп сенді. Алайда Вашингтон «кек алу және жапон сенімін күйрету» операциясын дайындап жатқан еді.

Подполковник Джеймс Дулиттл бастаған, өзге ұшқыштар қостаған рейд 1942 жылы, 18 сәуірде болды. АҚШ-тың 16 бомбалаушы B-25 Mitchell ұшақтары бірден Токионы бомбалауға шешім қабылданды. Токио – жапондардың астанасы. Бұл аса қауіпті операция болатын. Алайда Перл-Харбордан кейін еңсесі түскен АҚШ халқын серпілтіп, рухы көтерілген жапон халқын жасыту қажет еді. Сөйтіп 16 ұшаққа отырған 80 ұшқыш Токионы бомбалады. Рейд іске асты. Олар Токиода 20-ға жуық нысанды жойды. АҚШ тарапынан бомбалау болады деп ойламаған жапондар ұшақтарды атып түсіруде қиындық көрді. Тарихта бұл оқиға «Дулиттл рейді» деген атпен қалды.

Рейдке қатысқандардың тағдыры не болды дерсіз. Токионы бомбалаған соң, ұшақтар Қытайға бет алды. Ол сәтте Қытай мен Жапония соғысып жатқан болатын. Қытайдың жарты аумағы жапон оккупациясында еді. 4 ұшақ күріш алқаптарына құлап, ұшқыштары қаза тапты. 11 ұшақтың жанармайы таусылып, ұшқыштар парашютпен жерге секіріп, аман қалды. 8 ұшқыш Қытайдағы жапондар басып алған аумаққа түсіп, оларды жапондар тұтқынға алды. Кейін олардың біразын Токио өлім жазасына кесті. Қалған ұшқыштар Қытайдың өзге аймақтарына түсіп, аман қалды. 16 ұшақтың ішінде бір ұшақ қана өз еркімен әуежайға қона білді. Ол КСРО аумағына өтіп, Унаши әуежайына қонған болатын.

КСРО мен Жапония «бейтарап саясат» келісімін жасағандықтан, Кеңес одағы өз аумағына АҚШ ұшақтарының қонуына келісім бермеген болатын. Себебі бұл КСРО мен Жапония арасындағы соғысқа әкелер еді. Алайда Вашингтон ленд-лиз заңын қабылдап, Мәскеуге көмектесетіні белгілі болғандықтан Мәскеу АҚШ ұшқыштарын алдымен Өзбекстанға жеткізді, артынша Түркіменстанға апарып, кейін Иранға өткізіп жіберді. Иран ол сәтте Ұлыбритания бақылауында болғандықтан, ағылшындар ұшқыштарды АҚШ-қа әкетті. Қытай жеріндегі АҚШ ұшқыштары да кейін КСРО-ға жеткізіліп, осы маршрут бойынша еліне қайтты. Мәскеу Токиоға «АҚШ ұшқыштары қашып кетті» дей салды.

Енді КСРО-ға келейік. 1941 жылы 22 маусымда Германия КСРО-ға басып кірді. Сөйтіп соғыс басталып кетті. КСРО әскері бірнеше апта ішінде тас-талқан болды. Қалалар екі-үш күннің ішінде немістердің қолына өтіп жатты. Миллиондаған әскер тұтқынға түсті. КСРО халқының еңсесі езілді. Халықты серпілтіп, жауға сес көрсету қажет еді. Сөйтіп Мәскеу бірден Берлинді бомбалаймыз деп шешім қабылдады. 1941 жылдың 7 тамызынан 8 тамызына қараған түні 13 кеңестік ДБ-3 типіндегі ұшақ Берлинді бомбалады. Ұшақтар бір бомбадан тастап, кері қайтты. Бұл Германия билігі үшін үлкен психологиялық соққы болды. Өйткені олар «КСРО авиациясы жойылды, рейх астанасына бір бомба да түспейді» деген болатын. Ол сөздің миф екені байқалды. Сондықтан Германия ұшақтарды «КСРО емес, Ұлыбританияның ұшақтары» деген жалған ақпаратты таратты. КСРО «соғыс басталғалы бір жарым ай өтті, ал біз жау астанасын бомбалаудамыз» деп жар салды.

Енді түсінікті болар, не үшін Украина Мәскеуді дронмен атқылап жатқаны. Кремльге дронмен шабуыл жасалды, артынша Мәскеудегі бірнеше ауданға камикадзе дрондар соғылды. Мәскеудің ең қымбат ауданы саналатын Мәскеу-ситиге екі мәрте соққы жасалды. Бұл психологиялық соққы операциясы, қандай да бір әскери міндетті алдында қоймайды, алайда қоғамның «Путин бізді қорғайды» деген сеніміне селкеу түсіреді. «Қарапайым дрон соғылып жатса, ертең қуатты зымыранмен атса не болмақ?» деп ойлана бастайды. «Расымен де біздің ПВО/ПРО шыбынды да өткізбейтіндей керемет емес-ау» дейді кей кәллә. Сондықтан Мәскеуге дрон соққысын әскери тұрғыдан емес, психологиялық тұрғыдан бағалаған жөн. Қысқаша осы.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: