Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Код С5. Джо ағайдың сөмкесіндегі доллар кімге бұйырады?

20.09.2023, 9:00 221

HALYQLINE.KZ

Әлемдегі ең алпауыт державалардың басшылары жаңа хоббимен айналыса бастады. Ол – Орталық Азия президенттерін оптом жинап алып, саммит өткізу. Қытай төрағасы Си мырза ойлап тапқан, Ресей президенті Путин де тестілеп көрген формат еді. Енді АҚШ президенті Джо Байден осы жолмен жүріп өтпек.

Мұндай саммиттерді «С5+1» деп атайды. Яғни, централ эйжаның 5 президенті + қарсы алушы (жарылқаушы) алпауыт президент. Ортақ пікір алмасу (қорғаныс, Ауғанстан, есірткі трафигі проблемасы, аймақтағы су мәселесі) біткеннен кейін, экономикалық профит әкелетін негізгі шара – екіжақты кездесулер раунды басталады.

АҚШ-қа  Қазақстаннан  не  керек?

АҚШ-қа Қазақстанның батыс идеологиясы, еркіндік пен демократия форватерінде жүріп, екінші жағынан Каспийде мұнай өндіріп жатқан Шевронмен дос болып қала бергені керек. Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік мәселесінде АҚШ Өзбекстанға көбірек сенім артады. Себебі, Пентагон Қазақстанда Ресейдің әскери позициясы әлі сақталып отыр деп есептейді. ОДКБ, Байқоңыр кешені мен Сары-Шаған полигоны оған әрине дәлел.

Қазақстан Вашингтонға экономикалық жағынан қарағанда, саяси тұрғыдан көбірек керек. Егер АҚШ Орталық Азияны Ресей мен Қытайға қарсы маятник ретінде қолданғысы келсе, онда бұл рөлге екі алпауытпен де шектесетін Қазақстан ғана тура келеді. Әзірге АҚШ Қазақстанды Ресейдің параллельді импортына көмектесуін мүмкіндігінше тоқтатқысы келіп отыр. Келесі жылы Қытай Тайваньға қарсы жорық бастағанда АҚШ міндетті түрде Қазақстанға қосымша талаптар қоя бастайтын болады. Бастысы – Қазақстан бақылаудан шығып кетпеуі тиіс.

Қазақстанға  АҚШ-тан  не  керек?

Бай жігіт пен көңілдесі арасындағы схема сияқты, Қазақстанға АҚШ-тан доллар керек. Дәлірек айтсақ – инвестиция. Одан да дәлірек айтсақ, енді шикізатқа емес, дайын өнім өңдеуге деген инвестиция қажет болып тұр. Доллармен қоса, технологиялар келіп жатса, тіпті жақсы. Қарапайым тілмен түсіндірсек, Қазақстан АҚШ бізге келіп, Apple, Tesla, IBM сияқты көп күшті зауыттар салып, онда көптеген отандастарымыз жақсы жалақыға жұмыс істесе екен деп армандайды. Сонда біздің кедейлік пен бюджет проблемасы шешілер еді. Сондықтан осы кездесуден кейін символикалық, психологиялық кедергі болып тұрған «Джексон-Веник түзетуі» алынып тасталады деген ой бар.

Қазақстан үшін АҚШ нөмірі бірінші сауда серіктесі емес. АҚШ үшін Қазақстан тіпті 60-орындарда деуге келеді. Олар бізге тауарымызды алатын елден көрі, инвестиция құятын ел ретінде бағалы. 1993 жылдан бері АҚШ-тан бізге келген инвестиция көлемі 62 миллиард доллардан асқан. Сонда да, бір қызығы инвестиция бойынша АҚШ бірінші орында дей алмаймыз. Көп шуламайтын Нидерланды мемлекеті 30 жылдың ішінде бізге 110 миллиард доллар құйып тастаған.

Бірақ соған қарамастан, АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы рекордтық деңгейге жетіп, 3,1 миллиард долларды құрады. АҚШ-тың бізден аларынан бергені көп болды. Біз оларға 1,2 миллиард доллардың тауарын экспорттасақ, мұхиттың арғы жағынан келген импорт 1,9 миллиард долларға шықты. Яғни, сауда балансында жағымды сальдо АҚШ жағында. Америкаға біз мұнай мен ферроқорытпалар жібереміз. Ал ол жақтан ұшақ, көліктер, айфон мен макбуктар алдырамыз.

Америка – Қазақстан үшін символикалық маңызы бар, батыс үлгісінің эталоны ретінде саналатын мемлекет. Американың ақшасын алып, оның престижі астында жүргіміз келеді. Бірақ АҚШ бізді саяси мақсатта, Ресей мен Қытайға қарсы ойната бастаса, бірден көңіл күйіміз түсе бастайды.

Қазіргі жағдай осы. Паркеттегі саммиттерден бірден бір нәрсе өзгеріп кетеді деу қиын. Бірақ Нью-Йоркке жиі барып тұру ондағы инвестициялық қорлар мен хэдж-фондтардың «Қазақстан деген ел бар еді ғой» деп бір сәт бізді еске аларына себеп болатыны сөзсіз.

Қазақтың маңдайына біткен Airbus 330 дәл қазір Джон Кеннеди әуежайында терең тыныстап, демалып тұр. Оның Нью-Йоркке әлі талай оралатыны анық. Двигателі дерт көрмесін тек.

Айбар  ОЛЖАЙ,

журналист,  қаржы сарапшысы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: