Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кезекті Жолдаудан не күтуге болады?

31.08.2022, 12:00 250

HALYQLINE.KZ

Сонымен, президенттің кезекті Жолдауынан не күтуге болады? Алдын ала берілген хабарламаға қарағанда, бұл жолы негізгі тақырып әлеуметтік-экономикалық салада қордаланып қалған мәселелер болмақ.

Ол да орынды шығар. Өйткені, кезек күттірмей тұрған тақырып – осы! Бүгінде халық қымбатшылық пен қатшылықтың зардабын шегіп, кедейліктен көз аша алмай қалды. Жұрттың қазіргі хәлі «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» атты кезеңнің нағыз әрі көрнекті иллюстрациясы секілді.

Салыстырмалы түрде айтсақ, кешегі байлар – «кедейленіп», кешегі кедейлердің әбден сіңірі шықты.

Саяси тұрғыдан алғанда билік те идеологиялық әрі имидждік олқылыққа жол беріп отыр: қанттың тапшылығын, бағаның аспандап кетуін бүгінде көпшілік Үкіметпен, не белгілі бер министрмен байланыстырмайды, тікелей Президентке теліп қояды. Онысы түсінікті де.

Байқайсыз ба, кейбіреулер «Назарбаевтың тұсында мұндайға жол берілмейтін еді!» дегенді айта бастады. Мұның өзі белгілі бір топ арасында ескі Қазақстанды (нақтылап айтсақ, Назарбаев пен оның кланының өкілдерінің билігін) аңсаушы көңіл күйдің қайта орала бастауына әсер етуде. Ондай жол – Жаңа Қазақстан идеясының басына су құюмен пара-пар!

Жанр жағынан Жолдау – мерзімдік, яғни жыл сайынғы құжат, сол себепті ол стратегиядан гөрі тактикаға ден қойып, тым алысқа бармай-ақ, алдағы саяси жылдың еншісіндегі басты мәселелерді шешу жолдарын ұсына алады.

Бірақ, осы Жолдауда 30 жыл бойына тек қана олигархтардың мүддесіне қызмет еткен Қазақстан экономикасын түбегейлі жаңартатын, оны халық мүддесіне жұмыс істеуге мәжбүр ететін әрі тиісті нәтижелер беретін сындарлы қадамдарды жария ете ме? Ол үшін экономиканы түбегейлі жаңарту қажет. Бұл әлі де тағынан түсе қоймаған кландардың қарсылығын туғызатыны анық. Бүгінгі биліктің осындай тағдыршешті әрі тегеурінді қадамдарға баруы үшін саяси ерік-жігер қажет!

Сонымен бірге, созылмалы дертке ұшыраған біздің экономикаға терапевтік емес, хирургиялық емдеу әдістері керек. Бізде болса, үкімет көп жағдайда хайп пен хейттің соңынан еріп, ел экономикасына, әсіресе, қаржы саласына аса қауіпті популизмге салынып кетеді. Мәселе, ең алдымен, ұйымдастырушылық шешімдерге кеп тіреледі.

Меніңше, президент Тоқаевтың алдында екі жол бар.

Біріншісі – ел ішіндегі билікке деген негативті бір шешіммен сылып тастап, экономика мен әлеуметтік саланы осыншама құлдыратқан үкіметті отставкаға жіберіп, жаңа үкімет тағайындау.

Сол кезде үкіметті атарға оқ таба алмай жүрген біраз жұрт президентке алғысын жаудырар еді. Бірақ одан не өзгереді? Баға төмендей ме? Дүкен сөрелерінде арзан қант пайда бола ма? Ол жағына күмәнім бар.

Екінші жол – үкімет мүшелерін жерден алып, жерге салып, «соңғы қытай ескертуін» жасап, тағы да мүмкіншілік беру.

Шынын айтса, жұрт ондай ескертулерден әбден шаршады. Және де мұндай «квазиреформаларға» енді сенбейді.

Меніңше, тығырықтан шығудың бір ғана жолы қалмақ.

Қазіргі үкімет өзінің қолынан түк келмейтінін көрсетті, қарапайым тілмен жеткізсек, шайнап бергенді жұта алмай отыр. Өйткені үкімет мүшелерінің басым көпшілігі – ескі Қазақстанның шинелінен шыққан шенділер.

Сондықтан да олар кеше ғана өз қолымен құрған құбыжық жүйенің мұраттары мен мақсаттарынан бір сәтте бас тарта алмайды. Ең бастысы – олардың дені ескі Қазақстанның кландарымен тонның ішкі бауындай араласқан, солардың қылмыстарына қатысқан, солардың айтқанынан шыға алмай, солардың мүдделерін қорғаштайды.

Сондықтан да бізге мүлдем жаңа үкімет керек! Өз басым оның құрамына кешегі биліктің бәлекеттерімен былғанбаған, мемлекеттік мүддені ұстанған мамандарды үкіметке шақырғанын қалаймын. Азаматтық қоғамда ондай «сен тұр, мен атайындар» жеткілікті.

Оларға бір-екі жыл уақыт берейік. Осы уақыт ішінде өз бағдарламаларын ұсынсын, оны жүзеге асырсын. Қолдарынан келмесе, отставкаға кетсін.

Міне, Жаңа Қазақстанда салтанат құруға тиіс билік реформасы осындай болуы тиіс деп есептеймін.

Назарбаев 30 жыл бойы санамызға сіңіріп келген «алдымен экономика, сосын саясат» деген күмәнді де кесірлі қағидат қайтадан төрге озып, «жағдай тым қиындап кетті, күнделікті тірлігімізді реттеп алайық, саяси реформаларды сосын көре жатармыз» деген ұстаным басты ұранға айналып кетпей ме деген де күдік жоқ емес.

Сондықтан да, бұл жолғы Жолдаудың тек қана әлеуметтік-экономикалық салалармен шектелгені дұрыс болмайды. Өйткені, бізде саяси саладағы реформалар кібіртіктеп қалғандай көрінеді.

Бұл Жолдаудың саяси салмағы тым ауыр: өйткені бұл – қазақтың санасын дүр сілкіндірген қанды Қаңтардан кейін жарияланғалы тұрған Жолдау!

Алдымен, Каңтарға толық әрі әділетті баға беріліп, нақты айыптылар аталып, өз жазасын алуы тиіс! Онсыз билікке деген сенім туралы сөз қозғаудың өзі артық!

Сонымен қатар, кеше биліктің өзі сонша жарнамалаған референдумның шешімдеріне сай заңнамалық өзгерістерді дереу қолға алу керек. Конституциядан «елбасизм» идеологемасы алынып тасталса да, заң сол қалпында. Оның өзі Назарбаевтың тұсындағы былық-шылықтарға, соның ішінде, саяси қылмыстарға, заңсыз жекешелендіру мен капиталды сыртқа шығару ісіне жан-жақты әрі объективті баға беруге зиянын тигізуде.

Екі жылдан кейін президент сайлауы өтпек. Олай болса, саяси өмірді жандандыру, сөз бостандығын, саяси партиялардың тең құқықтығын қамтамасыз ету, сайлау комиссияларының құрамын заман талабына сай жаңарту сияқты маңызды шаруаларсыз, реформа дегендері – тұл! Бұл тақырып та Жолдауда өз көрінісін тауып, демократия мен шынайы бәсекелестікті аңсаған қоғамның көңілінен шығатын бастамалардың жариялануын талап етеді.

Осы айтылған талаптар мен ұсыныстар Жолдауда айтылса, президент Тоқаевты жұрт шынайы реформатор деп тани бастауы әбден мүмкін…

Әміржан  Қосан,

саясаткер

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: