Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еріктілер жылы қорытындыланды

20.12.2020, 20:00 887

HALYQLINE.KZ Бүгін аудан әкімдігінде «Еріктілер» жылына орай қорытынды шара өтті.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші дейміз. Расымен де, биылғы жылдың қиын болғанына қарамастан аудан жастарының біліктілігі, білімділігі, ауызбіршілігінің мығым болуымен талай игі істердің атқарылып жатқандығының куәсі болудамыз.

Әсіресе, қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсететін ерікті жастардың өнегелі істерін атап өтпеске болмайды. Олар қиын кезеңде аудан кәсіпкерлерінен қаржы жинап, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына азық-түліктер мен қорғаныш заттарын таратқан. Осындай игі істерге қол ұшын берген қазалылық жомарт жүректі азаматтарға жиында «Жастар жанашыры» номинациясы мен Ғ.Мұратбаев атындағы төсбелгі табысталды.

Тосыннан келген індеттің алдын алу үшін елімізде төтенше жағдай жарияланған тұста ауданның ерікті жастары өздерінің белсенділігін одан әрі арттыра түсті. «Мейірімді жастар жасағы», «Автоволонтер» клубы, «Қазалы қайырымды жандар», «Харекет» қайырымдылық қоры еріктілері және «Алпамыс» бөбекжай балабақшасының демеушілігімен ауыз толтырып айтарлықтай қайырымдылық жұмыстары атқарылған. Аталған ұйымдардың демеушілігімен Қазалы қаласында және Құмжиек, Ғ.Мұратбаев ауылдарында жастардың атсалысуымен 3 отбасыға, «Харекет» қоры арқылы 5 отбасыға баспана табысталған, одан өзге де қайырымдылық істердің ортасынан табылды. Осы жұмыстардың ұйытқысы болған ұйымдарға «Үздік жастар ұйымдары» номинациясы берілді.

Ақы дәметпей, қайтарымын күтпей қол ұшын созу – кез келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Десек те, ауданда белсенді жастардың қатары көбейіп, қоғамдық өмірге белсене араласты, өз кезегінде көмекке мұқтаж азаматтарға ұдайы қол көмектерін берді, пандемияның алдын алуда жүргізілген ақпараттық-насихаттық жұмыстарды үйлестірді. Осындай ерікті жастарымыздың бірқатары облыс, аудан әкімінің және облыстық Жастар ресурстық орталығының «Алғыс хаттарымен марапатталды.

– Осы жердің де, елдің де иесі – сіздер. Өскелең жастардың жақсылыққа ұмтылып, өзінің туып-өскен жерінің дамуы мен гүлденуіне септігін тигізуі көңілге сенімділік ұялатады. Сондықтан да, болашақта мемлекеттің тұтқасы Өздеріңдей жастардың сенімді қолында деп айта аламын. Ел үшін қызмет етіңіздер, біз әрқашан қолдауға дайынбыз», – деді өзінің қорытынды сөзінде аудан басшысы М.Ергешбаев.

Салтанатты жиынға қатысқан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Б.Мастеков өз сөзінде биылғы жылдың қорытындысымен Қазалы ауданы жастарының облыстық деңгейде алдыңғы қатардан көрінгенін тілге тиек етті.

Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: