Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бес нәрсенің безбені

31.08.2023, 15:05 186

HALYQLINE.KZ

Қоғам мен билік қашық та болар, асық та болар бес нәрсе туралы

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол», – депті Абай атамыз.

Әрине, біздің бәрін білгіш билік мен секілді пақырдың ақылына зар бола қоймас. Бірақ та, өз басым Жаңа Қазақстанды құру тек қана биліктің ісі деп қарастырмаймын.

Бұл іске әрбір азамат, әрбір патриот (құй, ол билікшіл болсын, құй, оппозиция болсын, құй, басқасы болсын!) шама-шарқынша ат салысу керек деп санаймын.

Сол себепті Абай атама жүгініп, ертеңгі күні парламентте президент елге ұсынар кезекті Жолдауының қарсаңында осы ойларымды жұртшылыққа ұсынуды жөн көріп отырмын.

«Бес нәрседен қашық бол», – депті Абай тамыз. Қоғам да, билік те бойын аулақ ұстауы тиіс нәрселер жеткілікті-ақ.

Біріншісі – ескі Қазақстанның әбден, барлық жағынан – моральдық та, материалдық та – ескіріп, тозығы шыққан, құбыжық мұрасы. Және де ол мұра тек қана саяси жүйедегі келеңсіздіктермен шектелмейді, ол келеңсіздік қоғам өмірінің барша саласын қамтиды.

Экономикадағы олигополиядан біз әлі де құтыла алмадық. XXI ғасырдың ат төбеліндей ғана шонжарлары экономика мен саясат алаңынан жайдан-жай кете қоймас. Оларды қуып жіберетіндей биліктің де не шамасы, не тиісті саяси ерік-жігері жеткіліксіздей. Халыққа тиесілі жерүсті мен жерасты байлықтарын сатып, байлыққа кенелген ол топтың мүддесі мен қалтасына жұмыс істеп келген экономикамыздың маңдайшысы мен офшорлардағы бенефициарларының аты өзгергенімен, оның мән-мазмұны мен құрылымы сол күйінде қалды. Барлық бәле мен пәле – осыдан және осылардан!

Екіншісі – тек қана саяси жүйенің ғана емес, сонымен бірге, совет дәуірінде негізі қаланған бүкіл инфрақұрылымдық жүйенің тозып, іріп-шіруі. Бүгінде үкімет өрт сөндірушілер командасы секілді не Екібастұзда, не Петропавлда орын алған апаттардың салдарымен күресіп әлек. Бізге өртті сөндірушілерден гөрі, сол өрттің алдын ала алатын, болашақта коммуналдық, электр және жылу жүйелеріндегі төтенше жағдайларды болдырмайтын білімді де білікті үкімет керек.

Әйтпесе, қылышын сүйретіп қыс тағы да келе жатыр…

Бір нәрсе анық: экономикада 30 жыл бойына өзінің оңтайлы шешімін таппай келген басқа да «бұрқ етер» былықтар баршылық. Оларды болдырмаудың алғышарттарын жасау да – кезек күттірмейтін шаруа. Әйтпесе, әрбір жергілікті не салалық катаклизмді билікке қарсы (нақтылап айтсақ, антитоқаевшыл) күштер, соның ішінде, мемлекет пен ұлтқа қарсы күштер өз мүддесінде пайдаланып кетуі әбден ықтимал. Билік Қанды Қаңтардың өзі неден басталғанын ұмыта қоймаған болар.

Үшіншісі – айта-айта жауыр болса да, оның шынайы бағасын сыртқы саясаттың тереңіне бойлай бермейтін, қым-қуыт ішкі шаруалардан бас алмай келе жатқан және бір күндік хайп ықпалынан шыға алмаған, алдамшы квазиқұндылықтарға құныққандар толық ұғына қоймаған сыртқы қауіп-қатерлер.

Және де ол сыртқы қауіптердің ішкі қолдаушылары жоқ емес, олар пікірі сан алуан, көпэтникалық қоғамның өне бойында да, кландық жүйемен құрылған биліктің ішінде де баршылық. Өзін оппозиция санайтын күштер де біркелкі емес екенін ұғынатын кез келді. Оның ішінде, билікті сынаса да, мемлекеттік, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятындар да, «күл болмаса, бүл болсын, Қазақстандағы жағдай қиындаған сайын маған жақсы» деп, елден бүлік не көтеріліс шығуын көксейтін саяси кек алушы олигархтар мен оларды қолдаушылар бар. Осының бәрінің аражігін айырып, тиісті баға беретін кез келді.

Төртіншісі – қаржы жүйесінің қараусыздығы (қарақтығы деуге де болады!) мен банктердің бассыздығы! Бюджет пен Ұлттық қордың арты ашылып қалды. Ол шелек түпсіз емес. Жоғарғы аудит палатасының есептерін тыңдасаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады!

Бесіншісі – алуан-түрлі негізі мен сипаты бар ішкі қауіптер конгломераты. Оның ішіне, ең алдымен, ескі Қазақстандағы жайлы жағдайынан айырылған, сол себепті саяси реванш алғысы келетін кертартпа күштер кіреді! Бір қызығы сол: биліктің өзі солар туралы жалпылама айтады да қояды, олардың атын атап, түсін түстегісі келмейді! Соның себебін түсінбей-ақ қойдым! Әлде «көкек өз атын шақырады» дегеннен қорқып отыр ма?!

«Бес нәрсеге асық бол!», – дейді Абай атамыз.

Біріншісі – халық бос сөзден, көпірме уәдеден әбден шаршады. Сол үшін – нақты мерзімге арналған, нақты жауапты тұлғалары бар дағдарыстан шығу жоспары шұғыл түрде қабылдануы тиіс. Ондай жоспарды орындай алған үкімет – жарайды, ондай іс қолынан келмесе – жарамайды! Мұндай қадам жасалмаса, әлеуметтік-экономикалық наразылық саяси сипат алып, сын бағыты үкіметтен президенттің өзін ауысары хақ. Ол болса, саяси тұрақсыздыққа алып келеді.

Белгілі бір мерзімге, мәселен, екі-үш жылға, бюджеттік шығындарды түбегейлі қайта қарау керек сияқты. Аса қатаң үнем керек! Басты қағидат мынадай болуы тиіс: мемлекеттік органдар өз шығындарын мейлінше қысқартып, керісінше, үнемделген қаржы әлеуметтік көмекке жұмсалсын. Әлеуметтік көмек пен салықтық саясатқа адрестік сипат беретін кез келді. Әйтпесе, бізде кедей де, бай да бір салық төлеп, бір әлеуметтік санатта тіркеліп, мемлекет тарапынан бірдей көмек алып жүр.

Кезінде қызу-қызу дабырамен, көзбояушылықпен қабылданып қойған, түкке тұрғысыз мемлекеттік бағдарламаларды да қайта қарайтын кез келді! Экономикалық қайтарымы мен әлеуметтік тиімділігі жоқ оларды қысқарта салса да, бюджет жебірлерінен басқа ешкім өкпелей қоймас.

Шағын және орта бизнеске даңғыл жол ашылуы тиіс. Ол жол тек қана президент мәлімдемелерімен салына қоймайды, ол үшін кем дегенде үш шарт керек: жемқорлықты жою, билік басындағыларын үлкен және шағын бизнеске жолатпау және ШОБ субъектілерінің салығын жеңілдету.

Кезінде субъективтік негізде қабылданған тиімсіз мемлекеттік бағдарламалар дереу доғарылуы тиіс. Бюджеттік қаржыны жаратудың басым бағыты – әлеуметтік көмек болсын. Онда да ол адрестік сипат алуы шарт. Әйтпесе, жалпылама патерналистік санадан құтыла алмаймыз.

Банктер тұтыну кредиттерінен гөрі отандық тауар өндірушілерге жеңіл несие беруге көшетіндей саяси әрі экономикалық жағдай жасалуы тиіс.

Екіншісі – ескірген инфрақұрылымды ұстап тұру, оны жетілдіру, сөзсіз, тиісті қаржыны қажет етеді. Бюджеттің болымсыз да берекесіз жағдайы белгілі. Сол себепті, осы күнге дейін олигархтардың қолында боп келген, капиталды жөндеуді қажет ететін кәсіпорындар мен нысандарды сол қожайындар өздері қалпына келтіруі тиіс! Осыған дейін сол саланы сүліктей сорып, бар қызығын көріп келген олардың әбден майланған мұрты қисая қоймас! Ол үшін тиісті саяси шешім керек, ол үшін бүгінгі билік олардың ықпалынан тыс болуы шарт!

Қазір Жаңа Қазақстан ескі Қазақстанды экспроприациялап жатқан сықылды: басқаның қолына көшу процесі мен процедуралары міндетті түрде халықтық бақылауда болуы тиіс!

Үшіншісі – сыртқы қауіптерге қатысты қимыл-әрекет міндетті түрде жария жүргізілуі шарт емес. Халықаралық қарым-қатынастар, ұлттық қауіпсіздік салаларының өз ерекшеліктері мен талаптары бар екені түсінікті. Бірақ та, кей жағдайда бұл салада сырт көзге көрініп, ұлттың намысы мен мінещзінің айғағы болатындай қоғами белсенділік керек-ақ! Мәселен, мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне, жеріміздің тұтастығына күмән келтірген сырт жақ арандатуларына лайықты жауап беретін легитимді қоғамдық күш бар ма бізде? Жоқ! О бастан, осыдан бес жыл бұрын біз, «Жаңа Қазақстан» Форумын құрушылар, дәл осындай ұлттық-демократиялық күш қажет екенін баса айтқанбыз. Бірақ билік кезінде оған құлақ аспады, біздің ұйымды тіркеуден бас тартты. Саяси алаңдағы сол кеңістік әлі де вакуум боп тұр.

Сырттан қауіп төндіретіндер ел ішіндегі қауіптер мен кемшіліктерді ұтымды пайдалануға тырысатынын да естен шығармағанымыз абзал.

Төртіншісі – халықтық қаржы халықтың қолында болуы хақ! Ол үшін халықтық бақылауды қолға алу керек. Әрине, жаңадан құрылған Жоғаргы аудит палатасы бар. Ол президентке тікелей бағынады. Бірақ, қалай дегенмен де ол – әкімшілікке бағынатын, сол жақтан жалақы алатын құрылым. Бізге кезіндегі Жоғарғы Кеңестегі Бақылау палатасы секілді, жалақысын президенттен емес, көппартиялық парламенттен алатын тәуелсіз құрылым керек. Соны құрайық!

Екінші деңгейдегі банктердің ақшаны қайдан алып, қайда салып жатқанына, үстеме пайдаларының Қазақстан экономикасы мен халқының шынайы жағдайына сәйкестігін, артында әлі күнге дейін қандай топтар тұрғандығын анықтайтын парламенттік аудит қажет!

Басқасын айтпағанда, президент өзінің Жарлығы не үкімімен тағайындалатын әрбір шенеуніктің үйіне кіріп-шықса! Олардың отбасы мүшелерінің табысымен танысып алса, нұр үстіне нұр болар еді!

Өйткені біздің түбімізге жететін бір нәрсе болса, ол – саяси коррупция! Ал ол болса, Ақордадан, Парламент палаталары мен Үкімет үйінен, Жоғарғы сот, Бас прокуратурадан басталады! Басынан шіріген балықтың сасық иісі Астананың Сол жағалауында мүңкіп-ақ тұр!

Бесіншісі – билік әлі де болса, Жаңа Қазақстанның идеологиялық негізін қалай алмаған сыңайлы. Жалпы да жылтыр сөз көп, ал «Жаңа Қазақстан дегеніңіз мынау!» дегендей нақты да қарапайым сипаттамасы жоқ! Не екенін білмейтін нәрсені қалай қолдайсыз?! Билік шенеунік шинелінен шыға алмай, Жаңа Қазақстанның ресурстық базасын, адами негізін анықтап алмай.

Шынын айтайық, Жаңа Қазақстанның ахиллес өкшесі – кадр саясаты. Сыртқы саясат мамандары ішкі саясатты біле бермейді. Кешегі мықты елші бүгін мықты әкім не министр бола алмайды Гәп сонда! Бәлкім, президенттің бір қателігі осы болса керек.

Оның үстіне саяси алаңдағы ескіні аңсаушы күштер мен жаңашыл болғысы келетіндердің текетіресін ескеруіміз тағы қажет. Билік сыр бермегендей, бірақ та кілем астында өтіп жатқан сол күрестің салқыны ел дамуына өз салқынын тигізіп жатыр.

Ең сорақысы сол: бізде саясатты біреулер қолдағы билікті сақтап қалу үшін әрекет не болмаса сол билік үшін талас ретінде ғана қарастыру тәжірибесі әлі де сақталған!

Ал саясатты, қоғамдық өмірдегі қимыл-әрекетті мемлекеттің іргесін нығайту, ұлттық мүддені қорғау, халықтың өмірін жақсарту үшін берілген мүмкіндік деп санау әлі де санаға орныға қоймаған!

Реалды саясаттың орнын саяси технологиялар басып алды! Бұндай идеологиялық тренд – кесірлі әрі оның орасан зор қаупі бар: таза технологиялық көзқарас қоғам назарын түп негізгі, стратегиялық бағыт-бағдардан бұрып алып кетуі мүмкін, бірақ ол уақытша тиімділігі ғана бар әрекет, жеме-жемге келгенде кез келген саяси ойынның арты ашылып қалады.

Елдегі объективті түрде орын алған қиын жағдайды, түпкі себебі ескі Қазақстанда жатқан оқыс оқиғалар мен апаттарды, солардан туындаған наразылықты кез келген күштер, соның ішінде, ескішілдер, деструктивті, сыртқы ықпалды орталықтар, басқа елдер өз пайдасына жаратып жіберуі әбден мүмкін!

Абсолюттік еркіндік отымен ойнаймыз деп жүріп, ең басты құндылығымыз – мемлекеттігімізден айырылып қалуымыз ықтимал!

Идеологиялық қағидаттарға салсақ, әрине, либерализм идеясы дұрыс-ақ. Ол жалпыадамзаттық тенденцияларға сәйкес келеді. Бірақ та әлемде боп жатқан жаһандық өзгерістер, бізге сол либералдық максимализмге Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, мемлекеттік және ұлттық мүддені қорғау тұрғысынан сын көзбен қарауға мәжбүрлеп отырғаны да – өмір шындығы!

Ел ішінде: «Президент ұсынған Жаңа Қазақстан идеясын және оның айтқан сөздерін қолдаймын, бірақ та сол идеясы мен тапсырмаларының орындалу барысына көңлім толмайды» дейтіндердің саны артып бара жатқаны да рас.

Меніңше, Жаңа Қазақстан өзінің өміршеңдігін боямасыз да баянды бастамалармен, нақты да нәтижелі істермен дәлелдей алмаса, дәл осы қоғамдық сана тренді еліміздің саяси болашағының басты анықтауышы болып қала бермек.

Әміржан  ҚОСАН.

Abai.kz сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: