Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

А.Шаменов: Абырой барлығымызға ортақ

22.07.2022, 16:45 702

HALYQLINE.KZ

Кеше қалалық әкімдіктегі актив отырысында ҚР Президентінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінен туындайтын тапсырмалардың орындалуына байланысты басты мақсаттар мен міндеттер кеңінен тарқатылды. Жиынға қала әкімі А.Шаменов қатысып, қаладағы бірқатар мәселенің басын ашып айтты. Шаһар басшысы ең алдымен, қаламыздағы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуын мұқият қадағалап, экономиканың нақты секторына қолдау көрсету секілді айшықты міндеттер аясында қаланың бірқатар дербес бөлім басшылары мен ауыл, кент әкімдеріне түсіндірме жасап, міндеттелген жұмыстардың барысын сұрады. Оған қоса, аталған үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте қала және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелген болатын. Осыған сәйкес, қала әкімдігінің мәжілісінде сол тапсырмалар аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі айтылды. Сондай-ақ, барлық қалалық бөлім басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеді.

Құрметті әріптестер, қазір инфляцияның ушығып кетуі өте күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы да әсер етті. Бағаны тұрақтандыру үшін қаладағы азық-түлік тауарларын импорттауды төмендетіп, өзімізде өндірілетін тауарларды пайдалану туралы ұсыныстар енгізуіміз қажет, – деген Асылбек Шаменов «Байқоңыр ӘКК» АҚ мен қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларына бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жобасын әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Бақытжанұлына кәсіпкерлер мен мемлекеттік-жекешілік әріптестік бойынша көтерме сауда орталықтарын салу жобасын ұйымдастырып, нәтижелі жұмыс күтетінін айтып өтті. Сонымен қатар, қала әкімі мүдделі кәсіпкерлердің өнімдерін әсіресе, азық-түлік тауарларын шығаратын аймақ кәсіпкерлерінің өнімдерін сауда орындарына делдалсыз өткізу үшін арнайы шаралар қолдану керек екенін де жеткізді. Қала көлемінде орналасқан сауда орталықтарында, базарларда бәсекелестік мәселесі белең алып жатқаны мәлім. Соған сәйкес, қала әкімі де осы түйткілдің барысын қадағалау үшін мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жұмыс істеуі керек деп түсіндірді.

Соңғы жылдары аймақ тұрғындарының табысы күрт азайғаны белгілі болды. Президентіміз оны нақтылап айтып кеткен еді. Осы орайда, қала әкімі де тиісті қарекеттің жасалатынын айтып, қалалық жұмыспен қамту орталығы мен бөлім басшыларынан тыңғылықты істің айқын түйінін күтетінін жеткізді. «Жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпорындарына жұмыссыз жастар мен азаматтарды қамту мақсатында тиісті жұмыстарды атқаруды тәжірибелеріңізге қарай көретін боламын. Тапсырма 100 пайыз орындалуы керек» деді. 

Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп жұмыс орындарының құрылуын анық есепке алу әдістемесін әзірлей отырып, аудандар мен қалалар әкімдері үшін әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнынан кем болмайтынын айта кетіп, индакаторларды белгілеу міндеті жүктелді. Бұл бағытта біздің қалада қарқынды нәтиже көрінбейді. Оны Асылбек Өмірбекұлы да мойындап, ауыл, кент әкімдеріне қатаң түрде ескерту жасап, міндетті бақылауға алынатынын айтып өтті. Сондай-ақ, бөлім басшылары мен ауыл, кент әкімдерінің жұмысын бағалаған кезде мұқият, құнтты істелген шаруаның басы ғана мадақталатынын қоса кетті. Иә, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, оған жұмыссыз тұрғындардың орналасуы әлеуметтік мәселелердің тұрақтануына тікелей әсер ететіні анық. Экономиканың дамуы да осыған байланысты болмақ. Сондықтан бірлескен жұмыстың жемісті қорытындысы байқалғаны жақсы.

Келесі білім беру ұйымдарының басшыларына міндеттелген қызметтердің барысы, атқарылып жатқан жұмыстың айшықтығы, болып жатқан келеңсіз оқиғалардың шешімі сұралып, қалалық Полиция басқармасының бастығы Әбдібек Сламбекұлы мен білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлына нақты шара жасалып, әрбір баланы өз баламыздай көру қажет екенін түсіндірді.

Өскелең ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы үшін аса қажетті жұмыс. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, ең бірінші осы бағыттағы барлық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізулеріңіз керек, – деді ол.

Одан кейін салық базасындағы жұмыстарды көбейту керек екенін, сонымен қатар, инвестиция тарту жұмыстарын қайта қарау, жанар-жағармай бойынша жұмыстардың басталуы жайында, жөндеуден өтетін жолдардың сапасына және күтіп-ұстау шараларын ұйымдастыру барысында бөлім басшыларына шұғыл жұмыс істелуі керектігін хабарлады.

– Бүгін мемлекет басшысының үкіметтің кеңейтілген отырысында және облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісінде берілген тапсырмаларды талқыладық. Сондықтан берілген тапсырмалардың үдесінен шығып кетпей, жұмыс қарқынын барынша күшейтуіміз керек. Кемшіліктерге жол бермеңіздер. Абырой барлығымызға ортақ. Қалған мәселелер жұмыс тәртібінде қаралатын болады, – деді А.Өмірбекұлы.

Кезекті басқосудың соңында өңірімізде белең алып, басты түйткілге айналып отырған Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы баяндама жасалды. Осы ретте қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Амантайұлы:

Қызылорда аймағы қазіргі таңда аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошағында орналасқан. Ағымдағы жылдың маусымында алғашқы диагнозбен 11 жағдай тіркеліп, 1 науқас қайтыс болды. Жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу қорытындысының нәтижесінде анықталған адамдардың барлығы мал шаруашылығымен айналысатын кісілер болып шықты. Қалаға қарасты аймақтардың барлығына тиісті дезинсекциялау жұмыстары жүргізілді. Кенеге қарсы дезинсекция жұмыстары 14 сәуір мен 5 мамыр аралығында жүргізілген болатын. Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облысы филиалының бригадасымен санитарлық қорғаныш белдеуінде 450 гектар жер кенеге қарсы дезинсекцияланды. Аса қауіпті, қолайсыз аймақтардың қатарындағы 3 елді мекенге кенеге қарсы қайтадан жоғары дезинсекцияландыру жұмыстары қарастырылды. Қолайсыз аймақтар қатарына Абай, Досан, Иіркөл ауылдары мен Белкөл кенті кіреді. Сондай-ақ, кенеге қарсы сақтану шаралары мен түсіндірмелерді тұрақты түрде, күнделікті ақпараттандырып отырмыз, – деді.

Айта кететіні, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты облыстық мәжілісте үлкен ескерту айтылған болатын. Бұл вирус аса қауіпті, жұқпалы ауру қатарында екені белгілі. Аурудың қауіптілігі сол, медициналық көмекке кеш жүгінген жағдайда өлімге әкеліп соғу ықтималдылығы жоғары. Өкінішке қарай, қаламызда және аймақ бойынша бұл вирустың әсерінен өлім жағдайлары тіркеліп отыр. Осы ретте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидахуалы және алдағы уақытта шұғыл атқаруға тиісті шараларды қолға алу туралы қала әкімі А.Шаменов қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Амантайұлына қатаң тапсырма беріп, міндетті түрде тексеретінін айтты. Сондай-ақ, қала әкімі: «Кене шағып, вирус өршігеннен кейін барып қимылдағанша алдын алу, ескерту, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілсе, мұндай күрделі мәселеге дейін бармайтын еді. Сонымен бірге, білім саласына, азық-түлік тауарларына, сауда орталықтарын жандандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бәсекелестік, заңсыздық жолдарына мониторинг топтарын құрып, күнделікті тексеріс жасалып, арнайы шараларды қолдануды негізгі шаруа ретінде қарауымыз керек» деп жиналыстың нүктесін қойды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: