Еліміздің экономикалық ахуалы күшейіп, халық бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы өмір сүру салтына көшкен. Қарны тоқ, қалтасы көк қазағымның мамыражай күй кешуіне енді ештеңе де кедергі болмайды. Бұны Үкіметтің өзі айтып отыр. Инфляция нығайып, теңге де тәлтіректемеудің қамына түсіпті. Үкімет отырысында еліміздің қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралып, біз қозғап отырған тақырып бойынша Ұлттық экономика, Қаржы министрі айтып берді.
Күлесің бе, күйесің бе? Теңге нығаймақ түгілі тұғырынан тайғалы қай заман? Осы кейде билік басындағылардың халықтың жағдайына қалай талдау жасайтынына таңданасың. Әйтеуір Үкіметбасына қорқасоқтап, қиюы келіспеген өтірік статистикаға толы баяндаманы оқып кетуді ғана мақсат тұтатын сияқты. Әйтпесе өздері бұқараның бел ортасына келіп, елдің жайын шын көзбен көрген адамға мынадай ақпараттарды айтудың өзі арына сыймайтын еді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы инфляция шілде айында жылдық мәнде 14 пайызға төмендеген. Азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғарғы 26,2 пайыздан 13,5 пайызға дейін жылдық мәнде екі еседей баяулаған. Қайдағы төмен баға, қайдағы баяулаған инфляцияны айтады?
Халықтың құрғақ уәдеден құлағы семген. Биліктің бағаны уысымызда ұстап тұрамыз деген сөзін әлімсақтан естіп келеді, бірақ шығып жатқан нәтиже жоқ.
– Баға өсімін ұстап тұру Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Елдегі инфляция осы жылдың ақпанынан бастап біртіндеп баяулап келеді. Қабылданған іс-шаралардың арқасында біз оны бүгінде жылдық мәнде 14 пайызға дейін баяулата алдық. Дегенмен біздің алдымызда осы жылдың соңына дейін инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендету міндеті тұр, – деді Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.
Дәл осы мазмұндас әңгіме былтыр «Қанды қаңтар» оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан» құрып, дамып кетеміз дегенде де айтылған еді. Әлі де айтылып келеді және айтыла береді.
Оның айтуынша, өңір әкімдері мен бейінді министрліктер аталған құжатта жоспарланған барлық іс-шараны сапалы орындауы тиіс. Тауар бағасын қалыптастырудың барлық тізбегі бойынша делдалдық сызбаны анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселе әкімдердің үнемі бақылауында болуы қажет. Өңір басшылары бұл үшін дербес жауапкершілік арқалайды. Мұның нәтижесін уақыт көрсетеді.
«Теңге нығайды» деп бас киімімізді аспанға атып жатқанымызда доллар тағы да өсті. KASE қор нарығындағы күндізгі сауда қорытындысы бойынша, доллар бағамы 0,54 тиынға қымбаттады. Бір АҚШ долларының орташа бағамы – 449,17 теңге. Ұлттық банктің 15 тамыздағы ресми бағамы – 1 долларға 448,55 теңге.
Аттылы жаяудың жайын қайдан ұқсын?! Жайлы орынға жайғасқан жағалыларды жұрттың жағдайы әсте қызықтырсын ба? Әйтпесе, Қазақстанның халқы дәл қазір көңіл көншітерліктей емес. Жартысы кедейлікте өмір сүреді. Экономикалық әл-ауқаты жақсарған ел кредитке көміліп, қарызға тамақ алып өмір сүрмейді. Ал билік жалған статистикамен халықты алдаумен келеді және алдай береді де.
А.ТАУАРТЕГІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!