Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналист дейтін бір жұрт бар…

29.06.2023, 9:20 162

HALYQLINE.KZ

(Жол  үстінде  ойға  келген  жазба)

Түн жамылып, жолда келе жатырмын…

Барша журналистер қауымы Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын!

Журналистер екіге бөлінеді: саналы ғұмырын әлеумет мүддесіне бағыштайтын және билікке қызмет ететін болып.

Билікке қызмет ететін журналистер қай қоғамға болсын қауіпті, олар өздерінің принципсіздігі һәм ымырашылдығымен автократияның орнығуына, әкімшілдік-әміршілдік жүйенің әлеуеттенуі мен бюрократияның бел алуына жәрдемдеседі.

Әдетте мұндай журналистиканың маңайында тумысынан өз пікірі жоқ, танымы таяз, санасы ояз – нантабарлар жүреді. Назарбаев дәуірінде осы нантабарлардың дәурені жүрді, солардың дегені болып тұрды, әлі де солай…

Көптеген журналистің «өсу эволюциясын» бақылағанда түйгенім, жас кезінде журналистер бала бүркіт секілді аянбағыш келеді, бірақ келе-келе мау тартады, ақырында мүлде шау тартып, тышқаншылап кетеді. Бір журналистерді білемін, бесіктен белі шықпай жатып, билікшіл болды, нәтижесінде тез «өсіп», қазір түрлі басшылық қызметтің «құлағын ұстап», тәп-тәуір тіршілік етіп жүр. Әдетте бұлар «балтаның сабы» сықылды – өзі өскен орманын отағыш келеді. Оған да куә болудамыз.

Бір журналистер бар, бейнелеп айтқанда, Пригожин сияқты мүлде бөтен жақтан, басқа тұстан келеді. Келе, өзіне биліктен Путин сықылды бір қожайын тауып алады, оның бар мұраты астауы жемге толы һәм пәрмені күшті – сол қожасына жағу. Ең жаманы сол – мұндай жолбикелер иесіне жағыну жолында талай дүниені бүлдіріп кетеді. (Мұндай келеңсіздіктер билік жүйесінің әр саласында болып жатыр) Бүлдіре жүріп, ылдым-жылдым креслоға жетіп алған мұндай «пригожин тақылеттес» журналистер – сөз бостандығының соры. Ертең журналистика ісіне тұсау салатын, сөз бостандығын шектейтін әділетсіз заңдар осындайлардың қолынан шықпақ.

Жалпы, журналистика деген аламан бәйге сияқты. Әдетте мұндай бәйгеден қас журналист озып келмек және мұндай қас жүйріктң жүлдесін билік емес, қоғам беруі тиіс. Алайда, мұндай бәйгелерге қазылық ететін әрі әділ бағалайтын қоғамдық институттар бізде жетілген жоқ, барлары әлі қауқарсыз әрі беделсіз. Әсілі бұл – автократиялық мемлекеттерге тән үрдіс. Журналистерге сөзін сөйлетіп отыру арқылы экс-президент өзінің жемқорлық пен жағымпаздыққа негізделген билігін отыз жылға созды емес пе?

Ал енді қоғам бәйгесін алып беретін журналист кім және ол қандай қасиеттерге ие болуы һәм нендей құндылықтармен қарулануы шарт?

Әуелі, журналист – әділетсіздікке төзбейтін ақын жүректі, екіншіден, әлеуметшіл һәм принципшіл, үшіншіден, парасатты ұстаздардан өнеге мен білім алған, төртіншіден, қалам мен ой қуаты күшті, яғни талантты, бесіншіден, адамзаттық һәм ұлттық құндылықтармен қаруланған болуы шарт. Қазақ қоғамы осы сипаттағы журналистерге зәру. Бар еді, отыз жыл үстемдік еткен озбыр билік түбіне жетіп тынды ғой.

Ал қазіргі уақта журналистер деп жүргеніміз – негізінен ақпарат таратушылар һәм биліктің кейде дұрыс, кейде бұрыс саясаты мен әртүрлі саяси науқандарды қолдаушылар әрі насихаттаушылар. Десек те қазақ қоғамына дәл қазір керегі – тек халық мүддесін көздейтін, сол мұратқа жан-тәнімен қызмет ететін азат ойлы, кәсіби журналистер. Ерте ме, кеш пе, түбі біз бұған келеміз. Демократиялық мемлекеттердің барлығы бұл жолдан өткен, өте алмаған елдер тирания тепкісінде қалды, жемқорлық пен кедейшілік құрсауынан құтыла алмады. Әлі күнге дейін жұрттың соңында қалып, соры қайнап отыр. Сондықтан «Жаңа Қазақстанға» басқа жол жоқ, жаңа билік мұны түйсінгені абзал және бұған мүдделі болғаны жөн.

Айтпақшы, кеше бір қызық жайтқа куә болдым. Әл-Фараби көшесімен келе жатыр едім, бір сары Range Rover алды-артымызды орап, әрлі-бері ойқастай берді.

– Өй, мынау қайтеді-ей, ойқастап, – деп едім, рөлдегі таксист:

–Танымайсыз ба не, бұл әлгі пәлен деген блогер ғой, – деді. (Атын атап еді, ұмыттым).

– Жоқ, – деп едім, бетіме бажырая қарап:

–:Қалайша танымайсыз, бұл блогерді бүкіл ел біледі, көрмейсіз бе, астындағы мәшинесі 100 миллион тұрады, – деді әлгі жүргізуші менің білмегеніме таңғалып әрі қынжылып.

– Сонда бұл не істейді?

– Реклама жасайды, ақшаны күреп табады.

– Ол реклама кімге керек? – дедім, өзімнің әлі күнге дейін бір блогердің рекламасына қызығып ештеңе сатып алмағаным есіме түсіп.

– Елге ұнайды, пәленбай миллион подписщигі бар, – деді таксист.

Байқаймын, блогердің көлігіне қызығып келеді. Мені мазалаған басқа сауалдар еді.

Иә, осындай ауадан ақша жасайтын блогерлер көбейіп келеді. Ішкен-жеген, жүрген-тұрған, көбінесе жеңілтек, бейәдеп өмірді тамашалау бүгіншіл жұрттың сүйікті ермегіне айналуда. Мемлекеттік телеарналардың тобырлық мәдениетті, тек фанерщик жұлдыздардың жын-ойнағын насихаттайтын бағдарламаларынан жұрт жалыға бастағандай. Ал есті дүниелер болса – емге жоқ. Кейде өмір көрген аға буын қаламгерлерді, ел ағаларын көріп, қоғам жайлы пікірін тыңдағың келеді. Баяғы өзіміз көріп ер жеткен, үлгі тұтып, өрнек алған Свғат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Ілия Жақанов, Жарқын Шәкәрім сынды ағалардың салған сара жолы неге жалғаспады, ізбасарлары қайда кеткен деп налисың. Осы уаққа шейін халықтың ділімен үйлесетін, есті жұрттың жүрегіне жол табар бір ойлы, сана түзер бағдарламаның жоқтығы неден? Тіпті ұлттық өнерімізге арналған, мың жылдық ән-күйімізді насихаттайтын бірде-бір бағдарламаның болмауы қалай? Бәріміз жабыла жамандайтын сонау кеңес заманының өзінде ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттайтын, өзіміз содан нәр алып өскен бірнеше бағдарлама болған жоқ па еді? Ендігімізге не жорық? Бүйте берсе, елдігіміз не болмақ, жұрт қалай түзелмек, ұлт қайтіп ұйыспақ?

Мемлекеттік телеарналарда сапалы, ұлттық сипаттағы көрсетілім болмағандықтан, көрерменнің талғамы төмендеп барады, қазір жұрт таксист жігіт айтпақшы реклама көреді. Қызылды-жасылды жарнама, шулы-дулы ойын-сауық жанға азық болмақ емес. Бір сұмдығы – бұлардың барлығына қаржы табылады, праим-тайм уақыты беріледі, ал ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиетке жоқ! Парадокс просто!

Бүйте берсе, жаңағыдай көшеде қымбат көлікпен ойқастаған блогерлер қоғамды желіктіруші әрі жетекші күшке айналмақ. Ертең беті аулақ, сыртқы, ішкі дұшпан күштер қаржыландырып берсе, бұлар жаудың сойылын соғып, жұртты соңынан ертпек

Өткенде журналист Динара Сәтжан елді елең еткізген жазба жариялады. Айтуынша, еліміздегі блогер әнші жұлдыздар арабтың хиджабын жамылып, бұл науқанды өз парақшаларында насихаттауға көшкен. Сол қызметі үшін оларды әлдеқайдан діни күштер қаржыландыратын көрінеді. Бұл дегеніңіз қазіргі қоғамның тілімен айтқанда – «званок» қой. Бұл сұмдыққа қоғам селк етті, бірақ билік селт етпеді. Сөйтіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Біздің қоғамда осылай «жабулы күйінде» қалып жатқан қатерлі қауіптер қаншама. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Ал біздің билік мұндай келеңсіздіктерді әшкерелеп, тиісті шаралар қолданудың орнына, осының бәрін жұрттан жасырумен әлек. Осы мәселелерді індетіп, журналистік зерттеу жүргізу, сөйтіп жұртқа жария қылу – журналистердің міндеті негізі. Тек бірлі жарым блогер ғана бұған назар аударып, өз парақшаларында дабыл қағып жатты. Бірақ жоғарғы жоқ бұған еш назар аудармады.

Блогерлер демекші, бұлардың жақсысы мен жаманы бар. Жаманы – қоғамды азғындатуға, елді тозғындатуға апара жатса, жақсысы керісінше, қоғамды жариялыққа шақыруда, әділетсіз әкімқараларды айыптап, парақор прокурорлар мен соттардың соңына түсуде. Жемқорлар мен жуандардан зорлық көрген, қиянатшылдар мен жауыздардан қорлық көргендерге арашасы болуда.

Міне, бұл – оң үрдіс. Мұндай блогерлерді биліктің демегені жөн, қолдап, көмектеспесе де кедергі келтірмегені ләзім.

Қазір еліміздің ақпарат кеңістігінде түрлі қоғамдық-саяси мәселелер көтеретін көпшілік әлеуметтік ютуб арналар, порталдар пайда болуда, түрлі сайттар ашылуда. Олардың біразын Ақпарат министрлігінің қолдай бастағаны қуантады. Арасында қоғамдық негізде өз қызметін атқарып жатқандары да бар. Соның нәтижесінде қоғамдық пікір мемлекеттік БАҚ-да емес, интернет кеңістігінде қалыптаса бастады. Мұның екі жағы да бар. «Жаман» жағы – бұдан былай мемлекеттік БАҚ өз ықпалынан айырыла бермек. Басқа қауіпті, жаман жақтарын жоғарыда қысқаша айттық. Жақсы жағын қоғам әлі сезе бастайтын болады.

Сондықтан мемлекеттік БАҚ болып жатқан бәсекелестікте төтеп беру үшін және қоғамды сауықтыру мақсатында жұрт санасын жегі құрттай жалмап жатқан қазіргі сауық индустриясынан бас тартуы қажет, Көріп отырғандай, мұндай формат билікке де, халыққа да опа берген жоқ. Мұндай формат отыз жылда тұтас ұлтты дауасыз деградацияға ұшыратты. Ал деградацияға ұшырап, әртүрлі тобырлық мәдениет насихатының салдарынан рухани контузия алған ұлттан ешқандай мемлекетшіл тұлға шықпақ емес.

Егер бұлай жалғаса берсе – Тәуелсіздігіме қатер. Жат ағымдармен уланғандардың мемлекетке қаншалықты қатер екендігін кешегі «Қаңтар қырғыны» көрсеткен жоқ па? Бұл сұмдықтар қайталанбас үшін, ең бастысы Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін барлық БАҚ, әсіресе теле-радио кешендерін ағартушылық пен қоғамды жаппай рухани-мәдени сауықтырушылық бағытқа бет бұрғызу қажет. Ол үшін ЭАҚ әуелі ғылым мен білімді, көшелі өнер мен озық мәдениет үлгілерін, ұлттық һәм адамзаттық құндылықтарды насихаттауға басымдық беретін жасампаз форматқа көшіру керек. Айтпақшы, рейтинг қуу деген пәлені доғару керек және одан біржола бас тарту керек Өйткені бұл – тобырдың ыңғайына жығылу, олардың жетегінде кету деген сөз. Басқа түк емес. Рейтингтен мүйіз шықса – мемлекеттік телеарналардың мүйізі ендігі қарағайдай болатын еді ғой.

Осы керектер жолында мемлекет идеологиясына жауапты басшылар мен Сіздер – журналистер, жұмыс істеулеріңіз керек!

…Мен келе жатқан шаһардың түнгі оттары көрінді. Тамам.

Ерлан  ТӨЛЕУТАЙ.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: