Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүз жырау шыққан мекендегі мерейлі мереке

27.10.2022, 12:10 186

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау­дың төрінде ұлттық мереке ретінде 25 қазан – Респуб­лика күні деп бекітті. Алайда кей қазақстандық, әсіресе жастар Республика күнінің не екенін һәм маңыздылығын білмей жатады. Оның үстіне бүкіл еліміз бұл мерекені үлкен аумақта атап өтуде. Ендеше, ұлттық мереке жайында анықтама беріп өтейік. Ең алдымен, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Еліміз қанша жыл өзге ұлттармен бір шаңырақ астында өмір сүріп келіп, енді Тәуелсіздік алуға алғаш қадамын жасады. Осыдан кейін «Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген ұран пайда болды. Бұл қабылданған Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Алғашқыда Республика күні ұлттық мереке емес, мемлекеттік санатында еді. Бірақ Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болды. Осы мереке дәстүрлі түрде бірнеше жыл қатарынан аталып өтіп, 2009 жылы кей билік өкіліне ұнамай, мереке қатарынан  алынып  тасталды. Дей тұрғанымен, ҚР Президенті  ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, 2022 жылы 13 жылдан кейін қайта тойланды. Республика, облыс көлемінде аталып өткен іс-шаралардың біразы елге мәлім. Ал, аудандарда бұл мереке қалай тойланды? Әлқисса­сын айтып болсақ, тамыры тереңде жатқан Қармақшы ауданы Республика күнін қалай қарсы алғанына көшейік. Көзбен көріп, көңілге түю үшін арнайы барған болатынбыз.

Республика  күні  қарсаңында  бұл ауданда бірнеше нысан бой көтерді. Мәселен, Жосалы кентіндегі Ибрагим Қасымов және Тайшық би көшелерінде жаңадан спорт, ойын алаңдарының ашылу салтанаты өтті. Бұған аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов қатысып, тұрғындардың қуанышына  ортақтасты.

– Сыр елінде Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында «Балалар жылына» тарту ретінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қала, ауданда демеушілердің қолдауымен құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын бір мезетте 80 спорт, ойын алаңы ел игілігіне берілуде. Соның ішінде Қармақшы ауданы бойынша биылғы жылы құны 100 миллион теңгеден асатын 8 ойын алаңы салынуда. Бүгінгі күні ойын алаңдарының құрылыс жұмыстары аяқталып, Ұлттық мере­ке қарсаңында аудан тұрғындарына пайдалануға беріліп отыр. Бұл шағын спорт алаңдары жас спортшылар мен аудан тұрғындарына керемет тарту, жаңа бастама деп білемін. Осы жерден болашақ спортшылар мен ел абыройын асқақтататын дарабоздар шығады деп сенеміз. Себебі балаға құйылған инвестиция ел болашағының жарқын  кепілі  болмақ,  – деді аудан  әкімі.

Күз – молшылықтың, байлықтың, берекенің кезі. Диқанның еңбегінің жемісі жәрмеңкеде көрінетіні белгілі. Сондықтан аудан халқының игілігі үшін Республика күні және «Алтын дән-2022» мерекелік іс-шарасы аясында Жоса­лы кентіндегі Е.Сексенбаев көшесінің бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдас­тырылды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 78,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әкелініпті. Оның ішінде 27 тонна күріш, 650 кг ет және 3 тонна балық, 37 тонна бақша, 30 литр шұбат, 150 кг жуық кондитер  өнімдері  қамтылып, нарықтан арзан бағада  пұлданды. Байыптап қарасақ, жалпы жәрмеңкеге кент және  ауылдық округтерден 52 жүк  автокөлігі келген. Аудан  халқы  қысқа  қамданып, ризашылығын  білдірді.

– Шыны керек, бүгінгі күні азық-түлік бағасы қымбаттап кетті. Сондықтан жәрмеңке жиі өткізіліп тұрғаны қуант­ады. Бағаны  тұрақтандыру мақсатында жәрмеңкенің берері мол. Бүгінгі жәрмеңкеге көңіліміз толды. Көбіне бақша өнімдерін молырақ алдық. Баға қанағаттанарлық. Сол себепті аудан әкімінен бастап, барша қызметкерлерге алғысымызды  білдіреміз, – деді  аудан  тұрғыны  Әлия  Емішова.

Таң атқаннан түс ауғанша жалғасқан жәрмеңке барлығының көңілінен шықты. «Мал семіз болса, төл егіз, жер семіз болса, дән егіз» дегендей, биыл Қармақшы ауданының жері шұрайлы яки құнарлы болғаны соншалық, егіннен мол өнім жиналып, төрт түліктің де басы едәуір артты. Бұны  қамбаға  түскен  дән  мен  қораға  жиналған мал төлінен  аңғаруға  болады.

Бұған қоса, аудан тұрғындары мен қонақтары «Сыр сүлейлері» аллеясының және Е.Сексенбаев көшесінің абаттандыру жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Тұрма­ғамбет Ізтілеуовтың 140 жылдық мерейтойына орай, филоло­гия ғылымдарының кандидаты, Тұрмағамбет­танушы Ерхан Кәрбозов ақын шығармаларына арналған «Зерт­теулер»  кітабының  5 томының тұсаукесері болды. Әрі қарай мереке республикалық ақындар айтысымен жалғас­ты. Тау тұлға Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығына орай «Аралап жердің жүзін жүрер сөзім» атты ақындар айтысының шымылдығын аудан әкімінің орынбасары  Жұлдыз­хан  Ерқосаев  сөз  сөйлеп   ашты.

– Халқымызда «Қос тойың қабат болсын» деген қанатты сөз бар. Елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болып табылатын салтанатты мереке қарсаңында киелі Қармақшы жерінде Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдық мерейтойы өткізіліп жатыр.Өзі өмірден өтсе де, өлмес өлең сөздері жердің жүзін аралап, алты Алашқа аты мәлім болған Тұрмағамбет ақынның мұраларын ұлықтау, кейінгі  ұрпаққа  қастерлеп  жеткізу – парызымыз. Өнер – мұрагер ұрпақтарымен өміршең. Бүгінде ақындық пен жыраулық өнердің көшін жалғаған  талабы мен таланты таудай ұрпақ барда рухани өнеріміз, ұлттық құндылық­тарымыз мәңгі жасай  бермек.  Назым  сөздің  шебері,  даңқты шайыр, атақты  сөз зергері  Тұрмағамбет  Ізтілеуовтің   140 жылдық мерейтойы баршаңызға құтты болсын! Қасиетті Қармақшы елінің өнер шамшырағы жарқырай берсін! Сөз маржанын терген от тілді ақтаңгерлерге бүгінгі аламан айтыста бақтарыңыз бен баптарыңыз қатар шапсын  дегім  келеді, – деді  ол.

Ақындар айтысында әр аймақтан жиылған, сайдың тасын­дай іріктелген 10 ақын 5 жұп бойынша бәйгеге түсті. Жалпы, айтысқа бабамыздың мұрасын балаларымыздың аузынан естиік деп келген халықтың қарасы көп болды. Ал, аламан доданы «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов жүргізсе, суырыпсалма сөз өнері шешендерінің шабысын жергілікті ақындар мен өнер саласының саңлақтарынан құралған әділ қазылар бағалады. Қармақшының құнарлы топырағында талай батыр, талай дана туылғаны сөзсіз. Сол себепті ақындар айтысында да қармақшылық ақынның бабы да, бағы да қоса шапты. Әділ қазылардың шешімімен қармақшылық Сырым Әділбеков бас жүлдені иемденсе, көрерменнің ыстық ықыласына орнықты әзілімен бөленген жамбылдық ақын Есет Досалы бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға қызылордалық Нұрмат Мансұров лайық деп танылса, үздік үштікті аралдық Бексұлтан Орынбасаров қорытындылады.

Қайсар ердің еңбегін елі елеген күн десек те болады. Өйткені Қармақшы ауданы Республика күнінде Тұрмағамбет Ізтілеуовке бірнеше іс-шара арнады. Айтыстан бөлек, «Жасымнан назым сөзге шебер едім» атты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі ұйымдастырылып, Қорқыт елі – Қармақшының аспанын жырмен әуелетті. Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде байрағы биік бағзы өнеріміздің бүгінге жетуіне дара дарынымен, тума талантымен үлес қосқан алты Алашқа аты мәлім ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің мерейтойына орай өткізілген жыр фестиваліне Алматы қаласынан арнайы келген Ұлжан Байбосынова, Шымкент қаласынан Ғазиза Шаймаханова және мәдениет саласының үздіктері, жыршылар Шолпан Бимбетова, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Әділхан Қуаңбаев және жас жыршы Әлішер Мырзағалиевтер қатысып, жыр көрігін қыздырды. Аудан әкімі фестивальге қатысып, бұлбұл үнді, саф алтындай асыл өнеріміз жыраулықты насихаттап жүрген жыршы-жырауларымызға алғыс хатын табыстады.

Мерекелік кештің соңы орталық алаңда болды. Мұнда аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов дала еңбеккерлерін марапаттап, Сыр өңірінің қамбасын молайтып, ала жаздай еңбек еткен шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалады. Оның айтуынша, биыл егіс көлемі 24 326 гектарға орналас­тырылыпты. Жалпы орта өнім 60 центнерді құраған екен. Сонымен қатар, мерекеде Қармақшы ауданының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы табысталса, «Алтын дән» іс-шара­сында бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы, аудан әкімінің алғыс хаттарымен қоса, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапат­талды. Ал, жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинациялар иеленді. Олардың қатарында бақша өсіруші, күріш өсіруші, комбайншы, агроном, бригадирлер бар. Мұнымен қоса, мерейлі мереке қарсаңында баспанаға мұқтаж тағы бір отбасына, яғни Мырзабаевтар отбасына «Харекет» қайырымдылық қоры 755-ші баспананың кілтін табыстады. Осылайша, қармақшылықтар мерекені  жоғары деңгейде атап өтті.

Азамат  АБИМОЛДА,

Қармақшы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: