Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Техника маманы – өнер адамы

01.05.2024, 9:40 120

Жыршылық – қазаққа тән өнер. Оның ішінде термешіліктің алар орны ерекше. Әуезді ән мен мағыналы сөздің бір-бірімен ұштасуы – термеге тән қасиет. Бұл өнер түрімен кім көрінген айналыса алмайды. Термені орындау үшін де талант қажет. XIX-XX ғасырлар арасында қазақ халқының үні саналған бұл өнердің ізі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Әсіресе, Сыр елінде көмейіне жыр қонғандар көп. Сонау Тұрмағамбет пен Нартай секілді сүлейлердің рухани құндылығын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жүргендердің қатарында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұрат Әбілов те бар. Жыр, терме орындаушылардың көбі арнайы музыкалық оқу орнын бітіріп немесе тіл ғылымына бет бұратын болса, Мұраттың мамандығы шығармашылықпен мүлде сәйкес келмейді. Бүгінгі таңда қалада көлік жөндеумен айналысатын термешіні арнайы іздеп барып, тілдесіп қайтқан едік.

Мұрат Әбілов 1986 жылы Арал ауданы, Ескіұра ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Райым ауылдық округінде мектепті тамамдап, 2005 жылы әскери борышын өтеуге Қарағанды қаласына кетеді. 2 жыл әскери борышын №6505 әскери топта атқарады. Одан соң Мұрат май ауыстырушы болып 9 жыл жұмыс істейді. Қазіргі  таңда  өзінің  жеке көлік  жөндейтін орталығы бар. Кейіпкеріміз Мұрат төрт жасынан бастап термешілікке қызыққан. Айтуынша, бала күнінен радиодан, теледидардан терме, жыр тыңдап өскен. Әлгінде айтып өткендей, термешінің музыкалық білімі жоқ. Балалық шақ техникамен өтіп,  солай өскен соң бұл саладан алыстап кете алмапты. Механикадан тыс кеткісі келіп, әскер шебіне де қосылған еді. Бірақ тағдырдың жазмышынан құтылу мүмкін емес. Бір уақыттары өнер жолындағы жора-жолдастарымен гастрольдік сапарда болғанын да сағынышпен еске алады. Коронавирус ушыққанға дейін той аралап, өлеңдеткен екен. Карантиннің әсерінен бұл іс тоқтап қалып, әрмен қарай жалғасын таппады. Дегенмен, «туыс-туған, жора-жолдас қонақ қылып шақырған сәтте «әу» дейтінім бар» дейді. Арал-Қазалы жақтың термелері жанына жақын екенін айтады. Оның өңірдегі танымалдылығы кенеттен жарқ еткен. Досы әлеуметтік желіде видеосын таратып, бейнежазба ерекше қарқын алып, желінің лебімен  бір  топ  жыршы-термешімен  ел  аралаған  уақыты  да болған  екен. Айтуынша, бұл  жолға келуі  бекер  емес.

– Әкем жақ музыкамен етене таныс, мәдениет үйінде қызмет еткендер де, музыка пәнінен сабақ бергендері де бар. Нағашы жағым да құралақан емес. Нағашым  Нұртуғанның жырын жатқа айтатын, домбыраның  құлағында ойнайды, – дейді  ол.

Иә, өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Біздің бұл кейіпкеріміз асқан әмбебаптылығымен есте қалды. Өнерде абыройлы болса да, ең бірінші адамгершілік, отбасы екенін естен шығармаған екен. Әйтпегенде домбыра үйретіп, той жағалап, өзіне қолайлы өмір жасап алуға мол мүмкіндігі болған кейіпкерімізге шығармашылық табыс, отбасына береке мен мол денсаулық тіледік.

Арайлым  ОРАЗҒАЛИ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университеті

«Журналистика» мамандығының 2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: