Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жоқ!» – деп айтуды үйрен»

19.01.2023, 20:00 195

 «Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы, егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек» деген Әл-Фарабидің пікірі өз денсаулығына жауапты әр адамның көкейінде жаңғырып тұруға тиіс. Осы денсаулықтың қадіріне жетпей, өз денесін қауіпті улы заттармен улайтын жандардың ойсыз әрекеті қоғамның да қасіреті болып отыр. Есірткінің торына түсіп есірген жандардың өзіне ғана зиян келмейді, оның ата-анасы баласын бұл бәледен құтқаруға дәрменсіз болып қасірет шегеді, өмірде бірге болу үшін серттескен жары қиналып, күйзеледі, бар болса,баласының жігері құм болып, жылайды. Осының бәрі айналасын да бейжай қалдырмайды.

Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде денсаулықтың қадірі туралы былай делінген: «Таза ойлылық және денсаулықтың мықтылығы – ұлы іс. Көп адам мұның қадірін біле бермейді және оны сақтау шараларын орындай алмайды. Осы игі іс қолда барда қадірі білінбейді, қолдан кеткен соң қанша өкінсең де пайдасы жоқ». Өзіне-өзі қастандық жасап, саналы түрде уытқұмарлыққа ұрынған адамды құтқару оңайға соқпасы анық. Бәлкім, білместікпен әлде ермелікпен әлдекімдердің жетегінде кетті ме екен? Әттең, атын атауға да адам қорқатын улы шөпті түп-тамырымен құртуға қоғам дәрменсіз бе? Онда әр адам өзі сақтануға тиісті.

 Жас дос, қандай жағдайда да уытқұмарлықтан үзілді-кесілді бас тартуға дайын болыңыз! Адамға аз уақыт ләззат сыйлағанмен, терең тұңғиығына тартып әкететін, рухы әлсіз жандарды тәуелді ететін нашақорлықтан аулақ болыңыз! Қазір уытқұмарлықтың жаңа түрлері жастар арасында таралуда.Темекі тарту, кальян шегу,электронды темекі тартуға деген қызығушылық – нашақорлықтың баспалдағы секілді. Өмірге енді қадам басқан жасөспірім, өзіңді ғана ойлама,өзіңе жақын жандарды ойла. Сен оларға қымбатсың! Ананың қабағына кірбің түсіретін, болашағы бұлдыр қисық жолды таңдама! Сен түзу жолмен жүруге лайықсың! Спорт – серігің болсын!

Мүгедектер тән саулығын аңсаған:

Біреуге аяқ, ал біреуге қол қайғы.

Өз борышын сезінуден қалса адам,

Бұдан асқан мүгедектік болмайды,-

деп   Мұхтар Шаханов айтқандай, адамдық борышымызды ұмытпайық, достар! Рухани мүгедек болмайық!

#есірткігеқарсы, #противнаркотиков 

Нұрасыл Нұртуғанұлы,

Ж.Жабаев атындағы №234 мектептің 8-сынып оқушысы,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: