Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолақысы қымбаттайды

10.08.2023, 10:00 207

«Автобус паркінің» айналасында әңгіме көп. Қоғаммен, көпшілікпен жұмыс істегеннен кейін кез келген мекеменің маңында ызу-қиқы таластың болары хақ. Мекеме басшысы Мақсат Жүсіп бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг беріп, тілшілермен бірлесіп кейбір түйткілді түйіндерді ортаға салды. Бәрімізге белгілі былтыр қаламызға 150 жаңа автобус келді. Қазір олар халық игілігіне қызмет етіп жүр. Сонда да тұрғындардың қоғамдық көліктерге деген талап-тілегі, базынасы баршылық. Оны жіпке тізгендей айтып береміз. Одан бұрын қыркүйек айынан бастап  жолақысы қымбаттайтынын айтқымыз  келеді. Қолма-қол  төлесеңіз  130  теңге, электронды  төлем  болса, 85  теңге  болады.

ЦИФРЛАНУ  ЖОЛ  АПАТЫН  АЗАЙТАДЫ

Цифрланбасақ  болмайын деп тұр. Замана ағымы да осыған біртіндеп алып келе жатыр. Қазір қолма-қол ақша ұстамаймыз. Барлығы элек­тронды. Енді қоғамдық көліктер де осындайға ойысады. Олай болмасқа амал болмай отыр екен. Өйткені кейбір көлік жүргізушілері арасында ақша жымқыру әрекеттері болған. Қолма-қол ақша алған жүргізушілер жиналған ақшадан «үлес» алып отырыпты-мыс. Сондай әнтек әрекеттерді  азайту һәм мүлде болдырмау мақсатында ақшаны электронды түрде қабылдау процестері жүргізіліп  отыр. Қазір  халық  та оған үйреніп қалды. Қолма-қол төлейтіндер де бар. Әсіресе жасы үлкен зейнеткерлер қатары қолма-қол төлем жасай­ды. Телефон арқылы төлем жасай алмайтын­дықтан амалсыз жүргізушімен есеп­теседі. Бірақ  қолма-қол төлем жасайтындарға алда­ғы  уақытта  тиімсіз  болады.

Қазір автобустардың барлығында кондуктор жоқ, алып тастаған. Қолма-қол төлем жасайтындар авто­бус жүргізушісіне береді. Кемшілігі, кейбір жолаушылар ірі көлемдегі ақшаны алдын ала емес, аялдамаға жақын қалғанда төлейді. Мұндайда жүргізуші жолға және ақша қалдығын қайтаруға зейін қояды. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ алаңдаймын деп жол-көлік апаты болса, оған кім жауап береді? Осы тұрғыда автобус паркінің басшысы М.Жүсіп пікір білдірді:

– Бұл – ойда жүрген мәселе. Тал­қылап қарадық. Өйткені бірнеше мәрте жол апаты болған. Автобус жүргізушісі мүлдем алаңдамау үшін біз электронды төлемді қолға алып отырмыз. Халықтың да менталитеті біртіндеп электронды төлемге дағдыланып  келе  жатыр, –  деді  ол.

Байқасаңыз, кейбір автобустарда кондуктор жүреді. Ал кейбірінде жоқ. Оның себебін мекеме басшысы былай  түсіндірді.

– Негізі ол – заңсыз. Автобус жүргізушілері таңғы және кешкі мезгілдерде, халық көп мінетін кезде жандарына туыстарын ертіп шығады. Көмектесу үшін. Мұндай әрекеттерді байқап жүрміз. Олар тәртіптік кеңес­те  қаралады, – деді М.Жүсіп.

Жаңа автобустар қатары толығып жатыр. Қырымбек Көшербаев аймақ басқарған тұста автробус паркі теңгеріміне облыстық бюджет есебінен «Zhantong» маркалы 20 автобус алынды. 2015-2016 жылдары 92 дана, 2017 жылы 10 дана «ПАЗ» маркалы автобусы  әкелінді. Одан  кейінгі  жылдары да автобустар қатары толыға берді. Кейін аймақ тізгінін Н.Нәлібаев ұстаған соң, өзінің тікелей қолдауымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы жаңадан 150 дана автобус қосылды. Биылдан бастап 18 бағыт бойынша су жаңа автобус жарғақ құлағы жастыққа тимей халық­қа қызмет қылуда. Авто­бустарда барлық жағдай жасалған. Ішінде ауа салқындатқышы бар. Жаз мезгілінде жоғары температурадағы ыстық күндері халық үшін осындай қолайлы  жағдай  жасалған.

АВТОБУС  ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ  ЖЕТІСПЕЙДІ

Осыдан 6 жыл бұрын наурыз айын­да Қызылорда қалалық әкім­діктің қолдауымен заман талабына сай автобус паркі қолданысқа берілді. Автобус паркінің әкімшілік ғимараты, автобустарды жөндеу цехтары, газ құю бекеті және көлік жуу орны 3 ауысыммен тәулік бойы жұмыс істейді. Қолайлы және  сапа­лы жұмыс істеуге керекті барлық жабдықпен қамтылған. Автобус­тар газ-метан жанар-жағармаймен жүреді. Қоғамдық көлік санының еселеп артуына байланысты серік­тестіктің  штаттық бірлігі 376-дан 464-ке дейін артқан. Қазір мекемеде 300 автобус жүргізушісі бар. Осы орайда автобус паркінің  басшысы М.Жүсіп аз-кем хабарландыру  айтты. Кәсіби талап­қа сай келетін жүргізушілер аз көріне­ді. 25 жасқа толған, кемінде 5 жыл жүргізушілік  жұмыс тәжірибесі бар, «Д» санатындағы жүргізу­шілер жұмысқа қабылданады екен. Қазір тәжірибесі көп көлік жүргізушілері де жалақының азды­ғына  байла­нысты  кез келген жұмысты істегісі келмейді. Қазақстанда қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығын шешу үшін олардың мәртебесін дәрігерлер мен мұғалімдер сияқты көтеруді Қазақстанның автокөлік одағының басшысы көтерген болатын. Бүгінде елімізде 8000-ға жуық жүргізуші тапшы. Бұл  біздің  өңірде де байқалады. Енді  жүргізушілерді  ынталандыру мақсатында әр ай қорытындысы бойынша жол жүру ережесін бұзбаған, автобус тазалы­ғын сақтаған, қоғамдық тәртіпті сақтағандарға бонустар мен  көтерме  жалақылар  тағайындалуда.

Жан-жақта бәрінің бағасы өсіп жатыр. Қымбатшылық  халықты қыспаққа алуда. Соңғы өткен қала­лық мәслихаттың отырысында қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не қарасты қоғамдық көлік бағыттарында  қолма-қол  төлемді  130 теңгеге көтеруге ұсыныс берілді және де ол қолдау тапты. Ал электронды төлем 85 теңге болады. «Бізде неге қымбат?» деген сауал туындауы мүмкін. Өзге өңірлерде де бізден қымбат болмаса, арзан емес екен. Мәселен, қоғамдық көлік жол­ақысы Астана қаласында 90-130, Алматыда  80-150, Қостанайда 100-160, Талдықорғанда 80-160, Петропавлда 80-150, Қарағандыда 80-150, Семейде 80-160, Өскеменде  90-130, Қапшағайда 100-170, Ақтауда 80-140, Атырауда 80-160, Павлодарда 100-170, Оралда 80-150 теңге көлемінде болып тұр.

«2GIS» УАҚЫТТЫ  ҮНЕМДЕЙДІ

«2GIS» қосымшасына да халық бой үйретіп келеді. Үйден шықпай тұрып, өзіңе қажетті  аялдамаға  автобустардың қай жерде келе  жатқанын  көруге  болады. Мекеменің барлық  автобусына  автоинформатор орнатылып, автоматты  түрде  аялдамаларды хабарлау  қызметі  жұмыс  істеуде. Сондай-ақ серіктестік  «KitapAll»  дүкенімен  бірлесе отырып, халықтың көркем әдебиетті оқуға баулу мақсатында  қаланың  қоғамдық көліктерінде  жылжымалы  электронды кітапханалар  ұйымдастырған. Барар жеріңізге  бос  бармай,  кітап  оқып  баруға болады.

ӘЗІРГЕ  ЖЕҢІЛДІКТЕР  ЖОҚ

Бұны автобус паркінің басшысы өзі айтты. Дәл қазір қоғамның арнайы әлеуметтік топтарына жолақыға байланысты жеңілдіктер қарастырылмаған. Оның айтуынша, оған субсидия бөліну керек. Әзірге зағип жандар ғана жеңілдікті пайдалана алады. Алдағы уақытта әлеуметтік топтарға жеңілдіктер қаралады. Сондай-ақ зейнеткерлер де жарты бағамен жүруіне мүмкіндіктер жасалады. Оның  барлығы  уақыт  еншісінде.

ТҮЙІН. Мәскеудің де бірден құрылмағаны сияқты қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар уақытымен іске асырылуда. Бұндайда бәріміз уақытқа бағынуға тура келеді. Кең көлемдегі автобустар болмаған кезде де өмір сүрдік. Жағдай жасалған сайын одан жоғарысын талап ететініміз рас. Сондықтан кейде қанағат та қарын тойдырады.

Әйгерім  НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: