Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жібекті түте алмаған жүн етеді

17.11.2022, 10:40 693

Дана халқымыз тақырыптағы тәмсілді тауып айтқан. Жараты­лысы бойынша әйел затын еркектің қабырғасынан жаратса да, нәзіктікпен қатар бар ауырт­пашылықты көтерердей төзім мен күш-қуат берген. Қыз бала өмірге келгенде оның маңдайына бір отбасының жарық сәулесі, өзге отбасының түтінін түтетер отанасы, ұрпақ тәрбиелеуші ана бақытын жазады. Қазақ қоғамы қыз баласын сыйлаған, төрге шығарып, құрмет көрсеткен. Әйел адамды отбасының берекесін сақтаушысы, шаңырақтың сәнін келтірушісі деп қараған. Алайда қазіргі қоғамдағы кей жағдайлар барлығын теріске шығарып, әйел деген ұғымды тым төмендетіп жіберді. Соңғы уақытта елімізде болып жатқан әйелдерге деген әлімжеттік мәселесі жаға ұстатпай қоймайды. Әрі бұл жағдай елімізде өзекті мәселеге айналып бара жатыр.

Бұған дейін Елордадағы лифтіде әйелін соққыға жыққан ер адамның іс-әрекеті елде үлкен резонанс тудырған еді. Жәбірленуші төрт жерден сүйегі сынып, миы шайқалғаннан кейін ғана күйеуінің осы кезге дейін зорлық-зомбылық көрсеткенін ашық айтқан болатын. Төрт жыл отасқан жұбайын тепкінің астына алып, аяусыз ұрып-соғып, дәл осылай адамдық деңгейден тым төмен түсіп жатқандай… Бұл оқиғадағы ең таңқаларлығы – әйелін өлердей етіп сабаған қатыгез жігіттің анасының «Amanat» партиясының мүшесі, сол партия жанындағы «Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі» кеңестің төрайымы болып шығуы. Өздеріне «аманат» етіп берілген бір адамның өмірін қорғай алмаған адам өзгелердің құқығын  қалай  қорғамақ?!

Зорлық-зомбылықтың салда­ры адам өліміне әкелген дәл осындай жағдай Түркістан облысында да болған. Ащы суға сылқия то­йып алған ер адам әйелін балаларының көзінше ұрып өлтірген. Марқұмның анасының айтуы бойынша қызының сау-тамтығын қалдырмай ұрып, шашынан сүйреген, тістерін, қабырғаларын сындырған. Адал жарын төрт бала­сының көзінше айуандықпен өлтірген  қатыгезге  есірткі қолданды  деген де күдік тағылған еді.

Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіні шулатқан видеода шымкенттік жігіттің әйелін көшенің қақ ортасында ұрып құлатып, балағат сөздер айтып жатқанын көруге болады. Мұнда да дәл сол жағдай, ұру, соғу, күш көрсету…

Жалпы, психологтардың айтуынша, елімізде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының белең алуы, адамдардың күнделікті өмір­дегі қиындықтардан, күйбің тірліктен шаршағандықтан алқымын қысқан ашуын осылай алатындығы деп пайымдайды. Біз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жатқан ақпараттардан да тыс қалып жатқан, біз көрмеген қаншама жағдай бар елімізде. Әр жағдайдың артында тағдырына налыған талай әйел заты жатыр. Әлеуметтік жағдай қыспаққа алғанда әлімжеттігін әлсіздерге көрсететін тасжүректер азайса екен қоғамда, оларға қаралатын заң да қатаңдатылса екен  деп  түйіндейін.

Асылзат  ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

студент

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: