Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»

02.06.2023, 18:10 307

Университет қабырғасында жүрген әрбір студент үшін ең маңызды жауапкершіліктердің бірі – білім алу. Жақсы маман сапалы жұмыс атқару үшін үнемі ізденіс үстінде болып, өз қабілеттерін дамытып отыруы шарт. Осы орайда «академиялық ұтқырлық» ЖОО-дағы студент үшін таптырмас мүмкіндік, себебі бұл бағдарлама өзге елдерде тәжірибе алмасып немесе өз еліңнің ішінде жүріп басқа қалада оқып келуге мүмкіндік береді. Ұтқырлық бағдарламасымен студент өзінің қалаған ЖОО таңдап, кәсіби ілімін арттыра отыра, ғылым және білімберу саласында құнды халықаралық тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік береді. Бағдарламаның  басты мақсаты – Қазақстандағы білім алу сапасын нығайта отыра, өз мамандығындағы кәсіби теорияны практика жүзінде дамытып, жаңа технологияларды меңгеру. Еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікке дағдылау. 

Академиялық ұтқырлық «сыртқы» және «ішкі» деп 2-ге бөлінеді. Яғни, өзге елде де, өз еліміздің де беделді ЖОО-да бір немесе бірнеше семестр оқып келуге мүмкіндік береді. «Азық түлік өнімдерінің технологиясы»  мамандығы бойынша жыл сайын көптеген студент басқа елде білім нәрімен сусындайды. 

Осы бағдарлама бойынша шырайлы Шымкент қаласында орналасқан М.Әуезов атындағыоқу орнында білім алып келген, Қорқыт ата  атындағы ЖОО 2-курс студенті, университет белсендісі Сартова Ақмарал өз пікірімен бөліскен болатын.

«Бұл мен үшін керемет мүмкіндік, өзіме деген үлкен бастама болды. Алғашында біраз сескеніп едім, бірақ, әр істің қайыры бар демекші, мен осы күні басқа оқу орнында өткен уақытым үшін өте ризамын. Әр оқу орнының өзіндік жүйесі болады, соған үйренісіп кету – ең маңызды сәттердің бірі. Аздаған уақытты құртпай, болашағыма септігі бар мүмкіндікті қолданып қалғаныма қуаныштымын. Алған білімім өз ісімнің шебері және талапқа сай маман болуыма кепілдік болады. Әрине, мен тек осы жетістігіммен тоқтап қалмақ емеспін, келешекте туындаған әрбір мүмкіндікті мүлт жібермеймін. Ал, бүгінгі күнге оралсақ, тәжірибемді өзімнің қатарластарыммен және кіші курстармен бөліспекшімін», – дейді ол.

Сонымен  қатар, 1987 жылдан  бастап жұмыс атқарып келе жатқан жоба – «Erasmus» Еуропалық кеңес бағдарламасы. Басты мақсаты – студенттер мен оқытушыларды ауыстыру арқылы тәжірибе алмасу. Осы күнге дейін 3 млн-нан астам адам жоба аясында қызмет атқарды. Бағдарлама өзіне түрлі стипендияларды қосады. «Erasmus+» ең танымалы және ол қордың 7 бағдарламасын қамтиды: Comenius (мектеп оқушылары үшін), Erasmus (студенттерге), Erasmus Mundus (магистрлерге), Leonardo da Vinci (кәсіптік білім), Grundtvig (ересектерді оқыту), Youth in Action (жастарға бейресми білім беру), Jean Monnet (Еуропалық Одақты зерттеу), Sports (спорт саласы). ЕО азаматтарынан бөлек тағы жа 33 мемлекет, оның ішінде ҚР-да қатыса алады.

Сондай-ақ, шет елде табыс табуға және тәжірибе жинауға арналған тағыда сіз білу қажет «Work in travel» халықаралық байланыс бағдарламасы. Ағылшын тілін жетік меңгергісі келетін, Американың мәдениетіне қызығушылық танытатын әрбір студент үшін таптырмас мүмкіндік. Жыл сайын жүз мыңдаған студент бағдарлама аясында жұмыс істеуге мұхит асып кетеді.

Студенттердің таңдауы неге жиі дәл осы білім алу түріне түседі?

Себебі, білікті маман боламын деген адам жан-жақты дамуды қажет еткендіктен  өзге халықтардың мәдениетін, олардың оқу методикасын емін-еркін біліп, қыр-сырын ұғынуы абзал. Әлемдік деңгейдегі проблемаларды ашық әрі айқын түсінуге,  шешімін табуда өз үлесіңді қосуға керемет мүмкіндік береді. Жат елдің табалдырығында жүріп, туған еліңнің шаңырағы туралы баяндап, өз Отаныңа деген қызығушылықты арттыруға ат салысуға, патриоттық парызыңды атқаруға айрықша мүмкіндік. 

Мінеки, университет қабырғасында жүрген әрбір жас маман үшін мүмкіндіктер саны шексіз. Студенттік өмірдің шырайын пайдалы әрі қызықты етіп есте қалдыру үшін берілген әрбір мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет. Өзге елде білімнен бақ сынап келу студентке ғылыми, сондай-ақ, жалпы коммуникативтілікті арттыруға, психологиялық тұрғыдан мықты мінездерді қалыптастыруға бірден бір жәрдем болмақ. Сөзіміздің соңында, әрбір күн жаңа демге, мүмкіндікке толы. Тек соны жүзеге асыруға күш салсаңыз, біз қалаған және сіз құрайтын ғажайып өмірге жететінімізге кәміл сенім артыңыз дегіміз келеді.

Нұршат НЫШАНОВА,

  Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 1-курс студенті

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: