Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жемқорлық жайы

30.05.2022, 18:00 266

HALYQLINE.KZ «Мешкей жақсы ат емес» дейді халқымыз. Аузыңды (нәпсіңді) тый деген аталы сөзден соң санасының саңылауы бар қазақ баласы ортақ қазаннан оңашаланып, ашқарақтығын тыйып, екінші тура мағынасы айқайлап тұрғандай дүниеқоңыздығын доғарған деседі. Атаның сөзінен аспаған Алаштың баласы-ай дейсің де қоясың! Ал, бүгінгі күні ше? Бүгінгі күні бұл сөздің мағынасына мән беріп, құнына көз жеткізіп жүргендер қанша?

Бүгін…

Мешкей сөзі «Жемқор» сөзімен жаңа сипатқа ие болып, атаның сөзі аузында қалды. Жемқорлық жайлаған заман болды! Қазақи қоғамда дауа қонбас кеселге айналды. Қанына сіңген қасиет секілденіп қолында билігі бардың бәрі тайлы тұяғына дейін оңай олжаны көздеп, қарғаны көктен күткісі жоқ. Осыдан кейін қоғамды кеулеген қылмысты кесел демей көріңіз. Бұрынғының қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің керісі де басталғалы қашан! Десе де, қазанын қымтау үшін билік барынша тырысып, қолынан келгенше күресіп келеді. Сұғанағы барын қалың торға қойша қамап, БАҚ өкілдері сабақ болсын деп жазып та, көрсетіп те жатыр, бірақ халық қазынасына қол салуға қынжылып, қымсынып тұрғандар қатары өспесе жұтқыншағы бүлкілдейтіндер саны сиремей тұрғаны да жасырын емес…  

Қош. Қоғамды кері сүйреген қылмыс қаншама?! Оларды сынап-мінегеннен,  тізбектей тізгеннен қоғамға тиер пайдасы болса баяғыда-ақ біз қызыққандай, бізге де қызығатындар қатары қалыңдар ма еді?! Керісінше күресу жолдарын күшейте беруіміз керек.  

 Қазіргі таңда күрт көбейіп кеткен, қоғамда орын алып жатқан жемқорлықтанда бөтен қисынсыз әрекеттер жетерлік. Ал, осының барлығы бір ғана тәрбие жұмысының төмендігінен болған жағдайлар екені жасырын емес. Яғни, идеологиялық жұмыстың жеткіліксіздігі.

 Ең бірінші кезекте өзімізді өзіміз тәрбиелеп, адалдықтың ақ жолынан тайқымай, рухани құндылықтарымызды әуелі өзіміз дәріптеп, сол арқылы кісіге үлгі өнеге көрсете білуіміз керек.  Кешегі бабаларымыз, кісінің ала жібін аттамасынан басталатын қазақы тәрбиеміз ұрлық жасамауға, әлдембіреуді алдамауға, жасы мен жолы үлкенді сыйлауға үйретіп,  басқа бейәдептерден аулақ болуы үшін тәлімді тәрбие мен қай жағынан алсақ та ешкімде жоқ соны, озық салт-дәстүр қалыптастырған.

Тәрбие тал бесіктен басталады дегенді ешқашан естен шығармағанымыз абзал. Себебі қай нәрсе де отбасы ошақ қасынан басталары әмбеге аян. Біз әлемдегі ең әділ де ұлағатты Ислам дінін ұстанған халықпыз. Қасиетті құранымызда да жоғары адамгершілікті, қайырымдылықты сынды игі іс-әрекеттерді, бағалы құндылықтарды ұстану, жақсылық жасап, жаман қарекеттен тыйылу сауап делінген. Ойланып көріңізші, Құдайдың өзі қазаққа материалдық жағынан да, рухани тұрғыдан да бар жақсылығын молынан ұсынғанын байқайсыз. Өкінішке қарай, соны өзіміз пайдалана алмай жүрміз.

Құдай қара басының қамын ғана күйттеуден, бойкүйездіктен сақтасын делік.  Бұрынғылар ізіп жалғап, тәрбиеден аттамас ұлтжанды азаматтар саны арта берсін деп тілейік…

Расул ӘЛІМЖАН,

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және 

мәдени-продюсерлік орталығының маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: