Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазушылар одағы тәуелсіз азаматтық институт болу керек

16.05.2023, 11:10 228

HALYQLINE.KZ

Ата заңымыздың бірінші бөлімі, бірінші баптың бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Ата заңның бұл бабындағы мәселенің түйіні – құқықтық мемлекет құру. Құқықтық мемлекет тек күшті азаматтық қоғам негізінде қалыптасады. Бұл – капиталистік саяси жүйенің даму тарихы дәлелдеген заңдылық. Азаматтық қоғам субъектілері – түрлі қоғамдық бірлестік, ұйым, кәсіподақ, партиялық топ. Бұлар қолданыстағы заң бойынша биліктен тәуелсіз болады. Қоғамдағы мүдделес, идеялас адамдардың авангард топтары болып саналады. Бұларда ұжымдық сана күшті болады. Сондықтан айдың күннің аманында бас жарғызып, көз шығармай-ақ халық атынан сөйлеп, ханға түйесін сойдыра алады. Қазақстанда тіркелген жиырма мыңнан астам азаматтық қоғам субъектісі бар. Бұлардың ішінде «Қазақстан Жазушылар одағы» мен «Қазақстан ислам діни басқармасы» гуманизмдік сипаты басым, рухани тазалықты басты құндылық санайды. Сондықтан бұл ұйымдардың әділетті Қазақстан құруда міндеті де, жауапкершілігі де ерекше. Әсіресе «Жазушылар одағы» – халық құрметіне бөленген, бір ауыз сөзі мың батпан ұлт зиялылары топтасқан орын. Сондықтан бұл одақтың азаматтық қоғамның толыққанды субъектісі ретінде де әділетті қоғам құруда жауапкершілігі айрықша.

Біздің тарихымызда қоғамның әділеттілігін қалыптастыруда сөз ұстаған сүлейлер ерекше рөл атқарған. Тарихымызда «ей, хан мен айтпасам білмейсің, қымыз ішіп терлейсің… кешегі жүрген құл едің….» деп айдың күннің аманында астамсып бара жатқан ханды көзге шұқытып, тәубесіне келтіретін болған. 80-жылдардың соңында орыстың отарлау үстемдігі шырқау шыңға жетті. Г.В.Колбин атты орыс келіп бар қазақтың қыр желкесіне мінді. Сонымен 1986 жылғы желтоқсан көтерлісі туындады. Қазақтың өрімдей жастарының қаны суша ақты. Қазақ біткеннің мысы құрып, Г.В.Колбинге жағынуға сөз таба алмай қиналды. Сондай сүркейлі шақта қабағынан қар жауып, «желтоқсанда қырылған қазақтың жастарын көргенше өлгенім артық еді. Немене түктен-түк жоқ сөзіңді бастамай жатып ыржыңдап күле бересің» деп ел алдында Колбиннің бетіне айтқан бір адам сол қалам ұстаған қазақтың сойынан болған.

Авторитарлы билікке азаматтық қоғамның қалыптасуы керек емес. Сондықтан бүгінге дейін билік түрлі жолмен азаматтық қоғамды уысында ұстап келді. Әсіресе жазушыларды, жазушылар одағын түрлі тәсілмен сатып алды деп айтуға болады. Бұндай сатып алудан азаматтық қоғам ғана емес әдеби шаруашылық саласы да қатты зиян шекті. Жазушылар одағы жазушылардың шығармашылық тірлігін мемлекеттік стипендия, мемлекеттік марапат, мемлекеттік тапсырыс пен билікті жағалап жүріп алатын тендерге байлап қойды. Сосын да әдеби агенттер дами алмады. Жазушылардың кітап нарығы қалыптаспады. Нарық бәсекесінде сұрыпталып, шыңдалмаған бұл саланың болашағы қиын. Қашан болмасын нарық заманы өз заңдылығы бойынша жүрмеген бұл саланы шаңына көміп кетеді.

Жетпіс жылдық ұлт зиялыларын атып-шабып, аластаумен қорқыту, сатып алу ұлт зиялыларының да қара шаңырағы болған одақты рухани жақтан аздырып кетті. 90-жылдары «Азат» партиясының мүшелері: «Қазақстан тәуелсіздік жариялауы керек» деп Алматыда парламентті апталап қоршап жатқанда көзкөрім жерде тұрған одақ үйінен бір адам келіп топқа қосылмапты. Тәуелсіз еліміздің отыз жылдық тарихында шындық көмілген, азаматтың ар-ұжданы сыналатын көп оқиға болды. Мұхтар Шаханов шындық деп шырылдады. Қабдеш Жұмаділов зілденіп: «Мен ұлтшылмын. Ұлтжанды деген сөз дұрыс емес. Қазақта итжанды, қатынжанды деген сөз бар. Мені ұлтшыл дейді. Мен бұл атақты басқа марапаттарымнан артық көремін» деп еді. Мүбада осы екі адамның артында өздері мүше болған Қазақстан Жазушылар одағы тіреп тұрғанда билік тізерлер еді. Амал нешік? Олар шындық үшін, әділдік үшін билікпен емес, жазушылар одағымен күресіп өтті. Қазақтың талантты режиссері Болат Атабаев «Жаңаөзен қырғыны» үшін билікпен алысты. Шетелде бассауғалауға мәжбүр болды. Өмірінің соңғы екі-үш жылында елде болды. 2021 жылы қайтыс болды. 2020 жылғы бір сұхбатында: «Қазақстанның азаматтық қоғамын жек көремін» деген еді. Мен бұл сөзді тәуелсіз Қазақстанның азаматтық қоғамына, әсіресе өнер иелері мен ұлт зиялылары мүше болатын ұйымдарға берілген тарихи баға деп ойлаймын.

Н.Назарбаевтың авторитарлы билігі күшейген тұста Жазушылар одағын Н.Оразалин басқарды. Н.Оразалин бұл орынға одаққа мүше қаламгерлердің баламалы дербес сайлауымен емес, биліктің қолдауымен келді. Мұндай тағайындаумен келген төраға Жазушылар одағын биліктің қолбаласына айландырды. Бұны дәлелдеп, жіпке тізіп айту – басы артық шаруа. Содан соң ақын Ұлықбек Есдәулет биліктің қолдауымен төраға болды. Ұлықбек қазір «Аманат» партиясы саяси биросының мүшесі болды. Одақты биліктің басыбайлы ұйымына айналдырды. Ел арасында бұл ұйымды «жазушылар одағы» емес, «азушылар одағы» деп атайтындар шықты. Биыл одақ төрағасы сайланатын уақыт болыпты. Ұ.Есдәулет биліктен бата алып болыпты. Біз бұны Жазушылар одағы төрағасының экс-орынбасары Ақберен Елгезектің сәуір айының басындағы: «Мұндай қойылымға қатыспаймын. Одақтан кеттім» деген мәлімдемесінен білдік.

Бүгін билік те, халық та мойындаған бір шындық бар. Біз қазақ халқы тәуелсіздіктің отыз жылында тоналдық. Ел байлығының жарымы бар-жоғы 162 адамның қолында екен. Отыз жылда әділетсіздік өршіп, елді жемқорлық жайлады. Шындық тұншықты. Жазықсыздардың қаны шашылды. Міне, осындай ел басына күн туғанда тек Жаңаөзен мұнайшылары әділдік үшін күресті алғаш болып бастады. Оққа кеудесін тосты. Шын мәнінде мұнайшылардың атойлап күрес жолына түсуінің басты себебі, біріншіден, биліктің әділетсіздігі мұнайшыларды шылқыған байлықтың үстінде отырса да тұрмыстық жақтан тығырыққа тіреді. Екіншіден, мұнайшыларда кәсіподақ ұйымы бар. Ұжымдық сана күшті болды. Сондықтан олар бірігіп бас көтерді. Қазір Жаңаөзен мұнайшылары қазақстандықтардың жақсы тұрмыс пен ар-ұждан үшін күресінің символына айналды.

Шынын айтқанда, «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін ұлттың «әдебиет – ардың  ісі» деген аталы сөзді тәпсірлеген перзенттері, қаламгерлер ар-ұждан үшін күрестің алдында жүруге тиіс еді. Не үшін бұлай болмады? Енді не істеу керек? Бұл сұрақ бүгін қалам ұстап сөз сапырған әр тұлғаны ар-ұждан сотына тартады деп есептеймін. Сөз ұстаған қауым қонса, бүгінгі дәуірде Қазақстанда «Жаңаөзен қырғыны», «Қаңтар қырғыны» болып, адам қаны төгілмес те еді.

Алда жаңа Қазақстанда әділетті қоғам құруда жазушылардың, одақтың міндеті ауыр. Қазақтың ұлт ретінде тағдыры талқыға түскен осы сын сағат, алмағайып кезең жазушылар үшін «мен шығармаларым арқылы ғана саясатқа араласам» деп отыратын шақ емес. Егер осы кезеңдегі тарихтың тағдырлы талқысында ұлт ретінде ұтылсақ, ең үлкен күнә қазақ жазушыларының мойнында. Екінші қаңтар туып қан төгілсе, жазықсыздардың қаны – осы одақтың мойнында. Жазушылар одағы осыны білу керек. Бұл жазушыларды әдебиетті қойып саясатпен айналыссын деген сөз емес. «Ақын болу – өз еркің, азамат болу – борышың» деген қанатты сөзді айтатын қауым ел дамуы мен ұлт тағдырына саятын мәселеге әрқашан азаматтық позицияларын ашық білдіріп үн қосып, азаматтық белсенділік танытып отыру керек дегендік. Жазушылар одағы әр қаламгердің тәуелсіз азаматтық позициясын жариялайтын, қорғайтын орта болсын дегендік. Жазушы қауымның бұлайша азаматтық танытуы өз төрағаларын билік емес, өздері әділ бәсекелі сайлауларынан басталады. Жаңа Қазақстанда Жазушылар одағының қарын тірлікті емес, тәуелсіз азаматтық институттық позициясын күшейтуге көшуі – халықтың, әділетті қоғам құруды мақсат еткен азаматтық қоғамның, нарықтың талабы.

Ағыбай  Әкбәрұлы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: