Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жарасымды жұп» жарқылы

06.10.2022, 10:00 513

Қазір көбі өз денсаулығына шүкір етіп, барды бағаламайды. Керісінше, сәл нәрсеге буырқанып, кемнен мін іздеуге құмар. Көз жанары сыр берсе, аздаған сынық-шығымға ұшыраса, Құдайдың сынағына шыдас бере алмастай әрекет жасайды. Бірақ, осы денсаулығымыз­ға мән беріп, барды бағалап, сап-сау күн кешіп жүргеніміз үшін шүкіршілік етуге тиіспіз. Мұны неге айтып отыр десе­ңіз, жақында өмірде сынақпен дүние­ге келген, бір емес, бірнеше сырқатты амалсыз­дан серік еткен жандардың өмірге деген ынта-ықыласына, құлшынысына, ниетіне куә болдым. Олар өмірге біз секілді қарамайды, өзін сол күйінде қабылдап үлгерген. Жаратқанның қазіргі сынағы кейінгі өмір үшін тосынсый болатынын санасымен түйсініп, қиыншылыққа қарсы тұрған. Алайда, жанын үмітпен жамау еткен дидары мейірімге толы жандар бұл өмірде де сый-құрметке, бар жақсыға лайық. Туабітті дерттен көз ашпаған қиын тағдырдың иелері де жұп  атанып, өмірге  дені  сау ұрпақ  алып келуге  мүмкіндігі бар. Тағдырдың тартысы­на  тап  болғандар  қоғамның үн-зарын, мұңын естігенде біздегі «тәжге» көз салып, бақыттың не екенін сезінбейтіндерге таңдана қарайды. Қайтейік, қазіргі күйі­міз осындай. Баз біреулер жарымжан жандардың жағдайына жатсына қарайды, дегенмен, олардың бізден де қайратты  екенін  ұғына  бермейді.

Санасына «жаратқанның сынағын күліп қарсы алу» деген ұғымды сіңірген жандарды қоғамнан шеттетуге болмайды. Қазір мұндай тағдыр иелерін оқытатын, өмірге деген құлшынысын арттыруға жағдай жасайтын орталықтар көбейіп келеді. Соның бірі – Қазалы ауданындағы «Шапағат» мүгедек бала­ларды сауықтандыру орталығы. Экологиялық апат аймағы болып саналатын өңірде 1995 жылы құрылған «Шапағат» орталығы – қазіргі таңда облыс жұртшылығына белгілі, аудандағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларды сауық­тандырумен қатар, оқу-тәрбие  сала­сында  айтарлықтай  жетістікке  жеткен  іргелі шаңырақ. 2001 жылдан бастап «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компания­сының  тікелей  демеуші­лігімен жұмыс істейтін бұл орталықта қазіргі таңда 25 мүгедектігі  бар  бала  тәлім-тәрбие  алуда. Олар диагнозына сәйкес, 3  топқа  біріктірілген.

2022 жылы «Шапағат» оңалту орта­лығы Samruk-Kazyna Trust корпоратив­тік қорының «Әрекет» жобасы шеңбе­рін­де әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бо­йынша  гранттар конкурсына қатысып, жеңімпаз атанды. Жобаның мақсаты – нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді пісіру бойынша өндірістік цех ашу арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар­ды жұмысқа орналастыру. Бүгінде жоба бойынша ерекше қажеттілігі бар 6 жас жұмысқа қабылданып, өндіріс орнында қалыпты жұмыс істеуде және одан шыққан 11 түрлі өнім аудандағы дүкендерге  таратылып  жатыр.

Міне, осыған сәйкес, еңбек пен білімге жаны құштар жастар арасында Қазалы ауданы Р.Бағланова атындағы Мәдениет үйінде Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығы мен «Шапа­ғат» орталығының ұйымдастыруымен, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның қолдауымен «Жарасымды жұп» сайысы өткізіліп, олардың өмірге деген талпынысына  жаңа  леп  берді.

Іс-шараға Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Әбу­бәкірұлы мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы мемлекеттік органдармен жұмыс істеу департаментінің директоры Тілеуберген Шаутай қатысты.

– Құрметті көрермендер, қатысушылар, қазылар алқасы, барлықтарыңызды осындай керемет іс-шараның басталуымен құттықтаймын. Мұндай ерекше жандардың өмірі біздің қоғамдағыларға үлгі-өнеге болады деп есептеймін. Мекеменің басшылығы сөз алып, құттықтауды маған жүктеді, әрине, оған қуаныштымын. Тек ғана өмірдің салған сынағына қарсы тұрып ғана қоймай, оны ары қарай да қабылдап, отбасын құрып, көбейіп жатқандарыңызды сыртта жүрсек те естиміз, қуанамыз. Әр қазақтың баласының қуанышына да, қайғысына да ортақпыз. Сондықтан қазір сайысқа қатысатын барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Осындай жақсы іс-шара үшін ұйымдастырушыларға да алғыс айтамын, жалғасын таба берсін, – деді  Тілеуберген  Құдайбергенұлы.

Байқауға әділ төрелік жасайтын қазы­лар алқасының құрамында «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компания­сы жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджер Ақтолқын Сұлтангереева, Қаза­лы аудандық жастар ресурстық орталығының  директоры  Нұрбек  Ақпанбетов  болды.

Барлығы 4 жұптан тұратын қатысу­шылар 4 кезең бойынша бақ сынасты. Әрбір кезеңге ынта-ықыласпен дайын­далған  қатысушылар көрерменнің көз­айымына айналып, өз өнерін ортаға салды. Дегенмен, сайыс басталмай тұрып, әділ түрде өтуі үшін, жеребе таста­лып, қатысушылардың өнер көрсету реттілігі айқындалды.

Нәтижесінде Бақытбек пен Индира жұбы бірінші болып ортаға шықты. Алғашқы кезең «Таныстыру» болғандықтан, өздерін түрлі бағытта таныс­тыруға мүмкіндік алды. Олар өлең шумақтары арқылы бір-бірін таныс­тырып, сахнаға сән берді. Сондай-ақ, көрермендер арасында ойын ойнатып, қазақтың салт-дәстүрін пайдалану арқылы оларға сыйлық таратты. Ал жеребе бойынша екінші болып өздерін таныстыруға шыққан Серікбол мен Дана жұбы ерекше жыр шумақтарымен көрерменнің ықыла­сына бөленді. Үшінші кезектегі Мағауия мен Айнұр жұбы да өз қаламынан туған керемет өлең жолдарымен бір-бірін таныстырған еді. Соңғы болып кештің көркін қыздырған Дәурен­бек пен Әйгерім жұбы да қазақтың шешендік өнерін ортаға салып, сиясы кеппеген өлең шумақтарын оқып, көп­шілікке өздерін таныстырды. Барлық қатысу­шылардың бұл кезеңде өмірді өлеңге жалғаған  әрекеттері  көрермен қауымнан бөлек, әділқазы алқасының оларға деген  құрметін  арттырғандай.

Сонымен екінші кезең де басталды. Дәл осы реттілікпен сахнаға шығатын қатысушылар бұл жолы өз өнерін көрсетуі қажет. Бір-біріне ұқсамайтын өнер көрсеткен жандардың осы кезеңде нағыз өнерлі екеніне көз жеткіздік. Себебі, алғашқы жұп сәнді киімдерді тез арада ауыстырып, сән көрсетілімін жасаса, екінші жұп баян аспабымен әуелете ән салды. Тіпті жарына шығарған авторлық әнін де орындап, көңілді атмосфера жасады. Ал үшінші жұп өз өнерін көрсету кезеңінде нағыз шоу жасағаны барлығын қуанышқа бөледі. Өйткені көптен бері бір-біріне махаббатын жеткізе алмай жүрген жандардың махаббат монологын оқып, Мағауия Айнұр есімді жұбына сахнада неке жүзігін тағып, өмірлік жары болуға ұсыныс жасады. Және Айнұр да оған келісім беріп, үлкен өмірге деген қадам­ды сахнада бастады. Ал соңғы болып сахнада Дәуренбек пен Әйгерім сезімге толы ән айтып, өнерлі жұптың бейнесін көрсетті. Осылай бұл кезең де өз мәресіне жетіп, әрі қарай келесі кезең басталды.

Үшінші кезең үй тапырмасы деп аталды. Бұл кезде қатысушы жұптар үйден қолдан жасаған бұйымдарын, тағам түрін  қазылар алқасына ұсынды. Бар ынта-жігерін сала отырып жасалған дүниел­ердің ішінде кәсіби шеберлер қолы­нан шыққан заттардан кем түспейтін қол­өнер бұйымдары да болды. Мұны нағыз шеберлік пен өнер дерсіз. Енді бірі қонақ­кәде бұйымдарын жасап, ас-тағамдар әзірлеп келді. Сонымен қатар, сахнаға арналған көйлекті салфетка­лармен керемет етіп безендірген қатысушылар да болды. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі  жандардың өнерден кенде емес екеніне көз жеткізіп, жасаған заттарына ерекше таңданыспен, қуанышпен зер салдық. Осылай бұл кезең де қазылар алқасының оң бағасын ала отырып, сайыс әрі қарай жалғасты.

Соңғы кезеңде барлық қатысушыларға логикалық сұрақтар қойылды, әр дұрыс  жауапқа 1 ұпай беріледі.  Бұл бағыт бойынша да қатысушылардың алғыр, озық білімге ие жандар екенін баса айту­ға болады. Осы қорытынды кезең­нен  кейін қазылар алқасы жұптарға қойылған ұпайларды есептеп, жеңімпаз  жұптарды  анықтады.

– Барлығымыз керемет іс-шараның куәгері  болдық. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы 2001 жылдан бері «Шапағат» орталығымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау білдіріп келеді. Осы жандар үлкен өмірге аяқ басса, мектеп табалдырығын аттаса, жұп болып, отбасын құрып жатса, біздің компания әрдайым қуанышпен бөлісуге дайын. Былтырдан бері осы отбасылармен танысып, өнеріне куә болып келемін. Бүгін де осы қатарға жұп ретінде қосылған жандармен таныс болып жатырмын. Өндірістік цех ашылғалы еңбекке деген қабілеттерін көріп келемін. Ал қорытындыға келсек, барлық қатысушы үздік деп айтуға ла­йық. Себебі бірінен-бірі асқан өнер иелері осы сайыста барын сала білді. Десек те, сайыс болған соң, бір-екі ұпай артық-кем түсу деген болады. Осыған орай жеңімпаздарды анықтадық, – деді әділ қазылар алқасының  төрайымы  Ақтолқын  Сұлтангереева.

Сайыстың қорытындысында «Парасатты жұп» номинациясымен Бақытбек пен Индира жұбы марапатталды. Ал «Мейірімді  жұп»  номинациясы Серік­бол мен Дана жұбына бұйырды. Сондай-ақ, ортада топ жарып, жұбына үйленуге  ұсыныс жасаған Мағауия мен Айнұр жұбы «Жарасымды жұп» номинациясын жеңіп алса, «Өнерлі жұп» номинациясына  Дәуренбек пен Әйгерім жұбы лайық деп танылды. Барлық қатысушыларға арнайы номинациялар жазылған лента тағылып, диплом табысталып, арнайы тұрмысқа қажетті бағалы сыйлықтар  тарту  етілді. Оның ішінде  электрлі  шәйнек, үтік, жемістен сок шығарушы аппарат пен қысқатолқынды пеш бар. Және барлық жұпқа торт үлестірілді. Жеңімпаз атанған  жұптар бір-бірін құттықтап, лайық деп танылған номина­цияларға ризашылығын  жеткізді.

– Шынымызды айтсақ, дайындық аз болды. Дегенмен, барымызды салдық, соның нәтижесінде «Өнерлі жұп» номиницясын иеленіп отырмыз. Іс-шара жоғары деңгейде өтті, біз бұл байқаудың ұйым­дастырушылары мен демеушілеріне алғасымызды айтамыз, – деп пікір білдірді жеңімпаз атанған Дәуренбек пен Әйгерім  жұбы.

Мұндай байқаулар ұйымдастыру­шылар тарапынан алдағы уақытта тағы да дәстүрлі түрде өтетіні айтылды. Соған сәйкес, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының өкілдері мұндай іс-шараларды міндетті түрде қолдайтынын жеткізіп, барлық қатысушыларға сәттілік  тіледі.

ТҮЙІН. Адамзат өмірінде үлкен бақыт екі жолмен келеді деген тәмсіл бар. Бірі еңбекпен болса, бірі – сынақпен. Сынақпен келген бақыт бұл дүниеде сезілмесе де, кейінгі өмірде зейнетін көреді дегенді естіп жатамыз. Иә, бүгінгі іс-шарадан нағыз мейірімге толы жүрегі мен өмірге деген көзқарасы қалыптасқан жандардың әрбір әрекетіне зер салу арқылы олардың парасат-пайымының, таным-түсінігінің жоғары дәрежеде екенін ұғындық. Мұндай жандарды қолдау Жаратқанның сүйген амалдарына кіреді. Қолдаушы мен қамқоршы барда еліміздің болашағы жарқын боларына  сенім  мол.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Суретті  түсірген  Андрей  Тайгунов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: