Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жанқожа бабаның 250 жылдығына әзірлік қандай?»

11.03.2024, 9:20 189

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысы әкімі

Н.Нәлібаевтың

Қазалы ауданы әкімі

М.Шермағанбеттің назарына

Оқырман қоңырау шалды. Амандық-саулықтан соң «Биыл Жанқожа бабамыздың дүниеге келгеніне 250 жыл толатыны белгілі. Мен қарапайым тірлік кешкен адаммын. Осы ретте «батыр бабамыздың құрметіне қандай іс-шаралар атқарылады, оған қандай әзірлік жүріп жатыр?» деген сұрағым бар» деп қысқа қайырды.

Ойға қалдым. Оқырманның өзі айтқандай қарапайым жанның пікірі көпшіліктің көкейіндегі сауалды дөп басқандай. Мұның өзі барша ғұмырын ат үстінде өткізіп, елін-жерін қорғап, сол жолда шейіт болған даңқты батыр, әулие ұлына деген Құдайдың бір аты – халқының шексіз сүйіспеншілігінің белгісі екендігі даусыз.

Бірнеше күн бұрын Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы Еркін Сағадинмен тілдескен едім. Еркін Иманғалиұлы жаңа ғана (7 наурыз күні) Қазалы ауданының жуырда тағайындалған әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің қабылдауында болғанын, аудан басшысының ілтипатпен қарсы алғанын, әңгіме барысында Жанқожа бабаның 250 жылдығы туралы ауқымды сөз қозғалғанын, бұлақ жайы, басқа да мәселелер назардан қалыс қалмағанын ризашылықпен жеткізген еді. Мен де қуанып қалдым. Шындығы керек, Жанқожа бабаның Қызылқұмдағы мәңгілік мекеніндегі түнеухана жанынан бұлақ қазу мәселесі бұрын да көтерілген еді. Қазалыда бұған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Мұхтар Оразбаев бұлақ мәселесін әлденеше мәрте қозғағанын атап кету әділдік болар. Барша шаруаның түйінін шешу қаражатқа тірелетіні белгілі ғой. Десе де, түнеухана маңындағы бұлақтың қаншалықты маңызды екенін жеткізе кетсек.

– Жанқожа батырдың мазары Қызылқұмдағы Кәукей елді мекенінен батысқа қарай 170 шақырым жерде Өзбекстанмен шекарада орналасқан. Биік төбенің ұшар басындағы мазар кейін силикат кірпішпен өрілген. Ұзындығы алты, ені бес метрді құрайды. Биіктігі 3 метр болса, күмбезделген беті – 5 метр. Түнеухана маңында бұлақ бар. Зират жасаушылар алдымен осы бұлақтың жанына аялдап, жуынып-шайынып, дәрет алып, тазалануға тиісті. Алайда ауызсу, аяқ су мәселесі өте қиын. Өткен ғасырдың 60-жылдарының орта шенінде қазылған бұлақтың жағдайы қазір күрделі күйде. Арада өткен уақыт табының әсерімен су көзі бітелген. Зират етушілер ауызсуды ыдыстарға (бочка) құйып, өздерімен бірге әкелуге мәжбүр. Бұлақ мәселесі бұған дейін қозғалған болатын. «Құжаттары дайындалу үстінде. Алдағы уақытта шешіледі» дегенді естиміз. Тездетіп бітсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жанқожа бабамыздың бейітіне зират жасаушылар өте көп келеді. Батыр бабамыздың зираты сырлауды (лефкас) қажет етеді. Зират басындағы түнеухана 1992 жылы шопанның үйі ретінде салынған. Ұзақ жылдар бойы Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы болған марқұм әкем Иманғали Сағадинұлы түнеухана ретінде пайдаланып келді. Жыл сайын қолдан келген жөндеу, әктеу-сырлау жұмыстарын үй ішімізбен жасаймыз. Түнеухананы жөндеуге бару үшін өзім қомақты ақшаға көлік жалдаймын. Осыны ескеріп, мүмкіндігі болса маған техникалық жағдайы жарамды көлік қаралса деген өтінішім бар. Түнеухана үйін күрделі жөндеуден өткізсе, мүмкіндігінше жаңадан салынса, тіпті дұрыс болар еді.

Осы ретте мынаны қаперде тұтсақ. Жанқожа бабамыздың рухына тағзым жасаушылардың құжаттары «Қызылқұм» шекара бекетінде тексеруден өтеді. Арнайы рұқсат қағазы болуы қажет. Бұл жұмыстар бір терезе арқылы реттеледі. Кейде бұл жағдайдан хабарсыз сырт жерден келгендер кідіріп қалатын уақыты да болады. Сондықтан тиісті құжаттарды дайындауға ерекше көңіл бөлінсе, – дейді Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы Еркін Иманғалиұлы.

«Туған ай – тураған ет». Міне, наурыз айы да орталанып қалды. Әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы бабамызды ұлықтау ұрпақ парызы екені баршаға аян. Әрине, бұл тақырыптың ел ағаларының назарында екендігін жақсы түсінеміз. Осы ретте «Жанқожа батыр бабамыздың құрметіне қандай іс-шаралар атқарылады, оған қандай әзірлік жүріп жатыр?» деген оқырман сауалын құзыреттілерге қоюды жөн санадым.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданының  Құрметті  азаматы.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: