Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанқожа баба есімі ұлықталды

29.09.2022, 15:30 1001

Арықбалық шайқасына – 165 жыл

Тарих парағына «Арықбалық шайқасы» деген атпен енген әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз бастаған көтеріліс қазақ халқының өмірінде өшпес орын алғаны анық. Биыл сол оқиғаның өткеніне тура 165 жыл толды. Бір сәт өткенге көз жүгіртейікші.

Танымал жазушы ағамыз Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-шы бетінде 1857 жылдың қаңтар айында Арықбалықта үлкен шайқас болғаны баяндалған.

«Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деген дерек көпшілікке жақсы мәлім.

Сондай-ақ жазушы Молдахмет Қаназ келтірген «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі қарудан 3221 оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» дегенді оқығанда кеудеңе мұң ұялайды.

Жуырда Әйтеке би кенті орталығында орналасқан халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлына арналып салынған кесенеде «Арықбалық шайқасының» өткеніне 165 жыл және Жанқожа батыр кесенесінің салынғанына 30 жыл толуына арналған  «Халқының туған бағына, батыр баба Жанқожа» атты рухани-танымдық шара өтті. Жиналғандар «Арықбалық шайқасында» құрбан болған марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Жанқожа батыр атындағы орталық мешіттің наиб имамы Бақтияр Саламатов бабалар рухына құран бағыштады.

Шара шымылдығы Марат Жақсылықов басшылық жасайтын Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған театрландырылған қойылыммен басталды.  

Келесі кезекте Қазалы аудынының әкімі Мұхтар Оразбаев жұртшылыққа айтулы күннің өңір шежіресіндегі айшықты орны мен жас ұрпаққа беретін ұлғатының маңызды екенін атап өтті.

– Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыздың есімі озбыр да өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батыр ретінде біз үшін әрдайым бағасы жоғары тұрады. Биыл тарихта «Арықбалық шайқасы» деген атаумен қалған көтеріліске 165 жыл толды. Ал, Қазалы ауданындағы киелі орындардың бірі саналатын Жанқожа баба кесенесінің салынғанына тура 30 жыл болып отыр. Қазалылықтар үшін киелі осынау кесене Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қиын-қыстау кезеңде салынды. Соған қарамастан халық жұдырықтай жұмылып, кесенені аз ғана уақыттың ішінде өте сапалы етіп аяқтады. Сондықтан мен халықпен бірге болып, құрылыс жұмыстарына белсенді атсалысқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіргім келеді, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлы кесене құрылысының салынуына сол кезде белсене атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар табыс етті.

Мұнан соң Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов осыдан 30 жыл бұрын кесене іргетасының қалай қаланғандығына, ел-халықтың ыстық ықыласымен бой көтергендігіне тоқталды.

Рухани шара мұнан әрі жыршылар мен жазба ақындардың фестиваліне, қылқалам шеберлерінің туындалыры қойылған көрмеге ұласып, өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды.

Өнерпаздарға Болат Жолтаев басқаратын Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі әзірлеген түрлі номинациялар беріліп, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ұжымы дайындаған бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Шара соңында Жанқожа батыр ұрпақтары баба рухына арнап дастархан жайып, құран оқытты.

ҚАЗАЛЫДА ЕГІН ОРАҒЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

«Адал еңбек – ердің досы». Қазалыдағы егіс алқабтарындағы қарбалас жұмыс осынау даналық сөзді еске салады. Күріш алқабтарындағы «дала кемесі» атанған комбайндар мен түрлі техникалар таң атқаннан кеш батқанға дейін тынымсыз жұмыс істеп жатыр.

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев пен «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев «РЗА-Агро» ЖШС-ның күріштік алқаптарында болып, жұмыс барысымен танысты.

Серіктестік Алға ауылдық округінің «Қостам» учаскесінде 606 гектар жерге күріш еккен. Қазіргі таңда күрішті орып, бастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Ағымдағы жылы «Рза-Агро» ЖШС 1922 гектар жерге күріш дақылын екті. Орташа өнім көлемі әр гектарға шаққанда бөтен емес.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбайдың айтуынша аудан көлемінде егін орағын ерте аяқтау жолында жұмыстар жасалуда.

Келесі кезекте Мұхтар Оразбаев «Сыр маржаны» ЖШС-ның Ақтан батыр ауылындағы қырманына арнайы барды. Қырман басында қызу жұмыс жүріп жатыр.

Биылғы жылы Қазалы ауданы бойынша 17402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде күріш дақылы 6361 гектар жерге себілген.

Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: