Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанқожа баба атындағы медресе ашылды

03.10.2022, 11:00 604

HALYQLINE.KZ Қазалыда имандылық шарасы жалғасып келеді. Бұған дейін әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз бастаған тарих парағына «Арықбалық шайқасы» деген атпен енген көтерілістің 165 жылдығы, Жанқожа батыр кесенесінің салынғанына 30 жыл толуына орай жоғары деңгейде рухани-танымдық шара өткізілгенін оқырмандарға жеткізген едік. Өткен аптаның қасиетті жұма күні тағы да бір көпшілік жүрегіне жылы әсер қалдырған оқиға орын алды.

Әйтеке би кентіндегі орталық мешіт жанынан жаңа медресе ашылды. Ауданда тұңғыш рет ашылған медресеге ұлт азаттық көтерілісінің даңқты қолбасшысы, батыр баба Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімі берілді.

Осынау қуанышқа жиналған қазалылықтарды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтап, игі тілегін жеткізді.

– Біз Сіздермен бірге айтулы оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қасиетті Қазалы жері – көптеген ұлылар, халқымызға өнегелі жол, із қалдырған ишандар шыққан мекен. Бүгін, міне, тәуелсіздіктің, еліміздің бірлік-ынтымағының арқасында Қазалыда Жанқожа батыр мешітінің жанынан жаңа медресе ашылуда. Сіздерді аудан орталығындағы жаңа медресенің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Медресе қашаннан да ілім мен білім, тәрбие мен тағылым, иман ордасы болып саналады. Басқалардан айрықша білім орталығында тәлім алған бала Жаратушысын танып, иманды да ибалы болып өседі. Мұнда тәрбиеленген жас өскіндер қоғамдағы түрлі жаман әдеттен бойын аулақ ұстауға бейімделеді. Еселі еңбектің арқасында болашақта жат қылықтардан ада қоғам құрамыз деген ниеттеміз. Бұл тек медресенің қоғамға берер пайдасының бір парасы, – деген Мұхтар Әуесұлы игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.

Медресенің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, көпшіліктің қуанышымен бөлісті. Сонымен қатар, медреседегі білім алушыларға тілек білдіріп, Құран кітап таратты.

Мұхтар Әуесұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының иығына қазақы дәстүрге сай шапан жауып, әнші жерлесіміз Роза Бағланованың 100 жылдығына шығарылған «Ән әлемінің падишасы» атты кітапты табыстады.

Мұнан соң Жанқожа батыр атындағы мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов пен медресенің салынуына белсенді атсалысқан азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов ілімге бет бұрған жастарға бата беріп, ізгілік үйі барша қазалылықтардың жұдырықтай жұмылуының арқасында салынғанын атап өтті.

Жаңа нысанның лентасы салтанатты түрде қиылған соң шараға қатысушылар медресенің ішін аралап, бөлмелермен танысты.

Жаңа медресенің ашылу салтанатына орай «Жыршылар дінді жырлайды» атты жыршылар фестивалі мен қазақ күресі, қол күрес, гір тасын көтеруден жарыстар ұйымдастырылып, «Ел үлесі пәтерге» жобасы бойынша Шәкен ауылындағы мешіт имамына үйдің кілті табысталды.

«Имандының жүзі жарқын» деген осы болар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: