Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағашта көпір пайдалануға берілді

15.12.2023, 17:00 246

Жалағаш ауданына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан орталығындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарды құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекет жергілікті инфрақұрылымды жаңартады. Мұның бәрі өңірлерді тұрғындар мен инвестиция үшін тартымды етеді» деп атап өтті. Бүгін Жалағаш ауданындағы құрылысы аяқталған маңызды жобалар халық игілігіне берілуде. Жаңа ғана 50 тұрғын үйдің кілтін жерлестерімізге табыстадық. Мырзабай ахун ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория жұмысын бастады. Міне, жылдар бойы шешімі табылмай келген теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі іске қосылады. Халықтың сұранысына сәйкес, аспалы көпір құрылысына облыстық бюджеттен 325,4 млн теңге бөлінді. Көптен күткен қуаныш құтты болсын!», – деді аймақ басшысы.

Ашылу рәсімінде еңбек ардагері Қабылбек Нұрмағанбетов жерлестерін құттықтап, бата берді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен аудан дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Айта кетейік, биыл облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде Жалағаш ауданының бюджеті – 11 млрд теңге. Бұл қаражат ең өзекті мәселелерді шешуге, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда. Жалағаш ауданындағы автомобиль жолдарын жақсартуға 2,5 млрд теңге қаралып, 64,5 шақырым жол жөнделді. Шәменов пен Ақсу ауылдық округін газдандыру жұмыстары басталды. Мұнан бөлек, ауданда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2 нысан салынды. Бүгін Мырзабай ахун ауылындағы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Аламесек ауылындағы амбулатория халық игілігіне тапсырылады. Келер жылы Қаракеткен ауылында фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы басталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: