Кезінде Құнанбай бата сұраған ел абызы, отаршылдық дәуірінде рухын отарлатпаған ғұлама Қалжан ахун еді. Сыр өңірінде бұл ғана емес, бойына батырлық, кеудесіне қасиет біткен теңдессіз тұлғалар аз емес. Сырдың жағасын мекендеген жалағаштық жұртшылық қазақылықтың қаймағын бұзбай, аға-бауырға деген сыйластық-сауқатын сақтап та келеді. Мұндағы тұрғындардың бүгінгі жағдайы жақсы. Біразы кәсіпкерлікке бет бұрған. Мұны Жалағаш ауданына жасаған баспасөз турынан байқадық.
Күнмен таласа тұрып, таңғы салқынмен сағаттық жолды артқа тастап, Жалағаш ауданына аяқ бастық. Таза көшелер мен мүлгіген тыныштық жаныңды жадыратып, ерекше әсер береді. Бірақ, біздің міндет орталықтағы ұзын-сонар көшені аралып қайту емес, тұрғындардың әл-ауқатын бағамдап, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көру болғандықтан, шаруамызды бастадық.
КӨШЕЛЕР КӨРІКТЕНЕДІ, ТІРЛІГІ ӨНІП КЕЛЕДІ
Жалағаш ауданы бойынша 2023 жылға бюджет есебінен 5,2 млрд теңге бөлініп, 34 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазірде 2,2 млрд теңгені құрайтын 8 жол құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Бұл 8 жобаның мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, 6 жобаның құрылыс жұмысы басталған. Оның ішінде Ақсу елді мекеніне кіреберіс жолына орташа жөндеу, Жаңаталап-Аққыр, Есет батыр-Жаңадария ауылдық округінің автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары бар. Мұнан бөлек кенттегі М.Шәменов, Т.Қыстаубаев көшелеріне де күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, аяқталуға жақын қалды. Әрі кентте үлкен әрі орташа көлемдегі 10 көшеге күрделі жөндеу жұмысы тоқтаусыз жүріп жатыр. Айтар болсақ, тағы да Бұқарбай ауылындағы 3 көшеге, Аққұм елді мекеніндегі 1 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, асфальт беті ауыстырылуда. Кентте жалпы алғанда 84,17 шақырымды құрайтын 71 көше бар. Оның 37-сі Дәуімбай елді мекенінде орналасқан.
– Кеше ғана көшеміз шаңы бұрқырап, тасы сыртқа шығып, бала-шағамыз да, өзіміз де жүруге өте ыңғайсыз, қиын болатын еді, қазір көшемізге жөндеу жұмысы жүргізіліп, заман талабына сай жұмыстар атқарылып, пайдалануға берілді. М.Шәменов көшесі бұған дейін жөндеуден өтетін болып, беті тазаланып, құрылыс жұмыстары басталамын дегенше 5-6 жыл тұрып қалды. Халықтың атынан ұсыныс жасадық, әрі қарай тірлік атқарылды. Сол кездерде үйіміздің терезесін ашып отыру мұң болатын. Ал бүгінде кішкентайларымыз осы жолда асыр салып ойнап, кешкісін балалар қоларбасымен тротуарларда емін-еркін жүре алады. Аптап ыстықта тұрғындардың игілігі үшін қызмет жасап, құрылысты аяқтап берген аудан басшыларына, жол құрылысын жүргізуші мекеме ұжымына үлкен алғыс білдіреміз! – деді Мөрәлі Шәменов атындағы көше тұрғыны Гүлнар Жаңабергенова.
М.Шәменов көшесіне құрылысқа 479,4 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмысы наурыз айында басталған. Қазір құрылыстың 70 пайызы бітіп тұр. Алда қазан айына дейін пайдалануға толығымен берілетін болады. Одан басқа жоғарыда айтып өткендей кент орталығындағы 10 көшенің (Мысық би, Желтоқсан, Қ.Нұрпейісов, З.Ижанов, Жеңістің 50 жылдығы, И.Панфилов, А.Бектібаев, І.Нұркенов, Т.Әбжалиев, А.Қазыбеков көшесі) жөндеу жұмысының барысымен таныстық.
– Жалағаш кентінің аумағында 2023 жылғы облыстық, республикалық бюджеттен 12 көшенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда М.Шәменов, І.Нұркенов, А.Бектібаев, А.Қазыбеков көшесіне асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, қалған көшелерді де тездетіп құрылысын аяқтауға күш салып жатырмыз. Кентте құрылысы басталған 10 көшенің 2-еуі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында, қалғаны аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен қаржы қаралып іске асуда. Әрі демеушілер есебінен 4 көшеге тас төсеу жұмысын жүргіздік. Мұнан басқа кентте мемлекеттік сатып алу жұмыстары аясында 3 көшеге бағдаршам қойылып, аяқсу мәселесін шешуге бағытталған жұмыс шеңберінде 3 насос аппараты алынды, – деді кент әкімі Мардан Жамалатов.
Жалағаштықтарды жол мәселесі ғана емес, аймақты ортасынан бөліп тұрған теміржолдан жаяу өту де қажытқан. Бүгінге дейін талай рет бас жарылып, қолы сынған ағайынның жайын көрген тұрғын Әбілқайыр Ералиев қолға алынған тірлікке дән риза. Бұдан былай Жалағаш кентін бөліп тұрған теміржолдан енді қиналмай өтуге болады. Себебі, құрылысы бастау алған аспалы көпір тек баспалдақпен емес, лифтімен де көтерілуге ыңғайлы етіп жасалатын болды.
– Жас кезімде кентті қос қанатқа бөліп тұрған теміржол сынаған талай тағдырдың куәгері менмін. Сол уақыттары мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін бір мұғалімді пойыз басып, екіге бөліп тастаған. Одан бөлек, қыстыгүндері талай адамның басы жарылып, аяғына жарық түсіп, сынықпен жатып қалғандарды да талай кездестірдім. Міне, осындай қаншама зардапқа әкелген жолға қазір көпір салынып жатыр. Қуаныштымыз. Көптен күткен арманымыз орындалып жатыр, – деді зейнеткер Әбілқайыр Ералиев.
Салынып жатқан көпірдің бас мердігері – «Гүлнұр МК» ЖШС. Құрылысқа 325,4 млн теңге қаржы қаралған. Мұнда қазір металл бұйымдарын құрастыру, тіреу орындарын қазу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыстың 40 пайызы аяқталып тұр. Бұл мәліметті аудан әкімінің орынбасары растады.
– Кент тұрғындарының көптен бергі тілегінің бірі – теміржол арқылы өтетін аспалы көпір еді. Қаншама тұрғын осы өткелден өтеді, олардың өмірінің қауіпсіздігі маңызды болғандықтан, осы істі ұзаққа созбай, облыс әкімінің қолдауымен қаражаты бөлініп, құрылысты бастадық. Кенттегі теміржолдың арғы бетінде 6000-нан аса тұрғын бергі бетке түрлі іс-шараға, оқушылар секцияларға, үйірмелерге қатысу үшін кесіп өтіп жүр. Енді алдағы уақытта көпір құрылысы бітіп, ел игілігіне пайдалануға береміз. Аспалы көпірдің жалпы ұзындығы 55,29 метрді, ені 3,26 метрді, биіктігі 12,96 метрді құрайды. Ал жаяу жүргіншілер жолының ені – 2,7 метр. Көпірден өтушілер жолы металлконструкцияланып, тірек қабырғалары монолитті темір бетоннан жасалатын болады, – деді аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.
«АҚТЕРЕК» УЧАСКЕСІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Аймақта сүйіншілеп тұрған жақсы жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта жалағаштық жастарға да, аудан тұрғындарына да жақсы мүмкіндік туғалы отыр. Кенттен алыс емес аумақта «Ақтерек» учаскесі тұрғындарға дайын күйінде берілетін болды. Осы үшін қазір 170 гектар аумақ дайындалуда.
– Аудан халқы үшін кент аумағында «Ақтерек» учаскесі әзірленіп жатыр. Мұнда 511 участок жер кезегінде тұрған тұрғындарға үлестірілетін болады. Айта кететін артықшылығы – тұрғындар жерді иемденбес бұрын аумақта алдымен әлеуметтік қажеттілікті қанағаттандыратын дүниелер жасалып жатыр. Яғни көше салу, газдандыру, су құбырларын орналастыру, аяқсу мәселесін шешу, тіпті ауызсудың да жайын реттеп жатырмыз. Жоспар бойынша учаскенің ірі көшелерінде 70 коттедж бой көтереді. Әзірге бұл демеушілер есебінен немесе бірлескен жұмыс нәтижесінде іске асуы мүмкін. Одан басқа 26 көппәтерлі тұрғын үй, 1 спорт кешені мен мәдени демалыс паркі бой көтереді. Және 1 балабақша мен мектептің құрылысын бастаймыз. Супермаркет пен 1 әкімдік ғимаратының да орнын нақтылап, құрылыс барысында, мейрамхана, кафе сынды көңіл көтеретін орындардың болуын қадағалаймыз. 25 тұрмыстық қызмет керсету объектісі салынып, монша да жұртшылықтың игілігіне табысталатын болады. Әзірге сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы, электр, газ желілері жүргізіліп, ауызсу тарату кешенінің құрылысы дайын тұр. Ендігі тұрғындарға жер телімін беру жұмыстарының алдындамыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
ҚАРАКЕТКЕНДІКТЕРДІҢ «ҚАЗЫНАСЫ» немесе КӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ СЕРПІН
«Ақтеректен» асып, Жалағаш жұртының жағдайын көзбен көрмекке ниеттендік. Темір тұлпармен аз уақытта Қаракеткен ауылына барып, ондағыларды не толғандырып жүргенін сұрадық. Бірақ, ауыл тұрғындары негізгі мәселесі шешілгенін айтып, қуанышын білдірді.
Ауданға қарасты Қаракеткен ауылында небәрі 223 түтін бар. Тұрғындардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады екен. Мұнда 103 шаруа қожалығы шаруасын дөңгелетіп, тірлігін атқарып отыр. Оның 43-і ірі шаруа қожалығына айналып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып келеді. Қызығы, бұл ауылда жұмыссыздар саны – 10 адам.
Қаракеткендіктер үшін биылғы жыл жемісті болып тұр. «Неге?» десеңіз, мұнда қаншама жылдан бері тоз-тозы шыққан электр бағаналары мен сымдары түп-түгел ауыстырылып, жаңарып жатыр. Ауылдағы басты мәселе – электр желілерінің ақауы болған. Ал қазір бұл мәселе шешіліп, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен, «УниверсалСтройСервис» ЖШС-ның мердігерлігімен атқарылып жатқан жұмысқа 89,7 млн теңге қаржы қаралған. Ауылға электр желілерінің орнатылғанына тұрғындар дән риза.
– Қаракеткен ауылындағы электр желілерін түгелімен жаңарту жұмыстары толықтай бітуге таяп тұр. Барлығын есептесек, 317 бағана ауыстырылды, 11 шақырым жаңа электр сымдары жүргізіліп, үш қосалқы құрылғы қондырылды. Құрылыс жұмыстарын уақытынан бұрын аяқтап жатырмыз. Яғни осы айдың 20-сында электр желісі түгелдей іске қосылады, – деді мердігер мекеменің бас маманы Жайдарбек Есжанов.
Тұрған орнымыздан артқы бетке қарағанымызда, «Өркен тәтті әлемі» дейтін кондитерлік цехты байқадық. Өндіріс орнының басшысы Назгүл Сыдыққызы «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы 6 млн теңге несие алып, өзінің тәтті өнімдер өндіретін шағын цехын ашқан. Аудан тұрғындарының ахуалын байқау барысында мұндай игі бастамаға ие болған жанмен тілдесуге асығып, кәсіпкермен жүздестік. Барсақ, цехта қос қызметкерімен торт пен тәттінің түр-түрін шығарып жатыр екен. Қызу жұмыс үстінде аз-кем тілдесіп те үлгердік.
– Мектепте информатика пәнінен сабақ беремін. Негізгі мамандығым – сол. Бірақ 5 жылдан бері осы кондитерлік жұмысқа қызығып бастадым. Солай үйден түрлі тапсырыс қабылдап, торт жасап жүрдім. 2 ай бұрын «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы 6 пайызбен 6 млн теңге несие алып, жұмысты бастап кеттім. Енді алдағы уақытта бірыңғай осы тірлікті дөңгелетемін, бұйыртса. Өзім көпбалалы анамын. Бұл – отбасылық кәсіп, алдағы уақытта бұдан да үлкен деңгейде тәттілер пісіріп, ауқымды кеңейтеміз деген ой бар. Тапсырыс күнделікті түсіп отырады. Аудан орталығында да тұрақты тәттілерді өткізетін дүкен бар. Ауыл-аймақта да сұраныс аз емес. Торттың 5-6 түрін жасаймын, шайға қажетті біраз тәтті түрін шығарып жатырмыз, – деді Назгүл Сыдыққызы.
Негізінен 2023 жылдың 6 айында аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3302 бірлікті, оның ішінде 3135-і немесе 94,9 пайызы нақты жұмыс істеп тұрғандар санатында. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында аудан бойынша жыл басынан 76 жоба 1494,2 млн теңгеге қаржыландырылды. Мұнда ауылдық жердегі тұрғындардың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлемінде шамамен 1 млрд 48 млн 900 мың теңгені құрайтын 149 жобаның құжаттары жинақталып, қаржыландыруға дайын тұр. Аталған жобалар Жалағаш кенті және ауылдық округтер бөлінісінде жасалған.
– Өнеркәсіп өнімдері өндірісіне байланысты ауданда 6 айда 18 млрд 110 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, меже 199,8 пайызға артық орындалып отыр. Оның ішінде өндеу өнеркәсібіне тоқталатын болсақ, 5 млрд 225 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,6 пайызға жоғары орындалды. Бөлшек сауда айналымына тоқталсақ, 1 млрд 198 млн теңгенің айналымы жасалып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,7 пайызға артық орындалып отыр. Аудандағы кәсіпкерлік субъектілерін дамыту, жұмыс істеп тұрғанын одан әрі жақсарту мақсатында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы 76 жоба 1 млрд 494 млн теңгеге қаржыландырылды. Қазіргі уақытта президентіміздің ауылдық елді мекендерді, ауыл-аймақты дамыту бағдарламасы іске асырылайын деп жатыр. Оған облысымызға 3 млрд теңге қаржы бөлінген.
Қазіргі уақытта ауданымызда 1 млрд 49 млн теңгені құрайтын 149 жобаның құжаттары дайындалды. Келер апта жұмысты бастайтын боламыз. Облыста агент болып «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» белгіленді. Осы жұмыстарды үйлестіріп, ауданымызға қажетті қаржыны алатын боламыз. 149 жобаның ішінде өңдеу саласына байланысты 9 жоба бар. Жылыжай бар, қызмет көрсету саласы мен 7 кооператив құрылды, оның ішінде 1-еуі сүт өңдеу, алтауы ет өңдеу бағытында жұмыс істейтін болады. Несие негізінен 2,5 пайызбен жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 8 млн 600 мың теңгеге дейін, кооператив төрағаларына 27 млн 600 мың теңгеге дейін беріледі. Несиенің мерзімі мал шаруашылығы саласына 7 жылға дейін, басқа да салаларға 5 жылға дейін, бұл – кәсіп ашамын дегендер үшін үлкен мүмкіндік, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет.
ЖАЙҚАЛҒАН ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІҢ ЖАЙЫ
Жалағаш жұртшылығы биыл 500 гектар аумаққа бау-бақша дақылдарын отырғызған. Оның ішінде Таң ауылының тұрғындары 60 гектар жерге көкөніс егіп, жақында рақатын көргелі отыр. Ауданға барғанда шеттегі жасыл желектің жайын білмей кете алмадық. Таңдықтардың егіс алқабына барып, нағыз ауыл өмірінің қызығы мен шыжығына шолу жасағандай болдық. Бейнеті мен зейнеті мол жұмыстың жайын біліп, биылғы жылғы статистикамен таныстық.
Көктемгі егін орналастыру жұмыстарына бүгінгі күнге дейін 75 шаруашылық операторлармен келісімшартқа отырып, 1850 тонна дизель отынын алған. 2666 тонна дизель отынын бөлуге сұраныс берілген болатын, қазіргі таңда оның 69,4 пайызы алынған.
2023 жылдың 12 шілдесіне ауданға жоспар бойынша секундына 96,57 текшеметр су келуі тиіс болса, нақты келген судың көлемі секундына 92,07 (95,3%) текше метрді құрап отыр. Су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Бүгінде аудан шаруашылықтары 40 дана су тартқыш насос қондырғыларын егінді суаруға пайдаланып, оның ішінде 12 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен шаруашылықтарға берілген. Ал 28 дана насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаржысына алған. Бүгінгі күнге 179 гектар күріш алқабына су шықпай қалғаны анықталды. Оның ішінде Мақпалкөл ауылдық округі «Мақпалкөл» ЖШС – 96 га, «Ақмар» ШҚ – 15 га, Бұқарбай батыр ауылдық округі «Дінмұхаммед» ФҚ – 68 га.
Ауданда 2023 жылдың 12 шілдесіндегі мәлімет бойынша орналастырылған 19800 га күріш егісінің 14320 гектары, яғни 72,3 пайызы жақсы жағдайда, 4550 гектар немесе 23 пайызы қанағаттанарлық, 930 гектар нашар жағдайда болып тұр. Күтімге алынған 7200 га ескі жоңышқа дақылының 6750 га бірінші орымы аяқталды. Орта есеппен 1 гектардан 22,2 центнер өнім, барлығы 14985 тонна жиналды.
Облыстық ауыл шараушылығы және жер қатынастары басқармасы мен «Казсушар» өндірістік учаскелері өкілдерінен құрылған жұмысшы топ ауданда 7443 гектар суармалы жерде дақылдарды кезектестіру тәртібі бұзылғанын анықтаған. Бұл жерде күріш дақылының көлемі артық егілмеген. Нақты айтқанда су тапшылығы жағдайы ескеріліп, күріш егуге кезегі келген 1400 га егістік жерлерде ескі жоңышқа дақылы қалдырылған, 1420 га жаңа жоңышқа дақылы орнына күріш, 1420 гектар аумаққа күріш дақылының орнына жаңа жоңышқа орналастырылған. Сонымен қатар, аудандағы Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Таң ауылдық округтерінде «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңінің құрылыс жұмыстарын жаз айларында жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының орналасу тәртібі өзгерген шаруашылықтар бар.
Тиісті сала мамандары аудандағы суармалы жерде дақылдарды орналастыру тәртібіне тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінгі күнге 1346 га күріш дақылын артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.
Көл-көсір тірліктің жайы – осы. Жалағаштың брендіне айналған ауыл шаруашылығы өнімдері уақытында жәрмеңкеде бой көрсетіп, сөрелерге қойылатынына нық сенімдіміз. Жасыратын ештеңесі жоқ, аудан тұрғындарының басым бөлігі осы егін мен мал шаруашылығын тұрақты тірлікке айналдырған. Нәпақасын да осыдан табады.
ТАҢДЫҚТАР ТАҢМЕН ТАЛАСА ТІРЛІК ЕТЕДІ
Жалағаш ауданына баспасөз турына барған бір топ тілші егін басын шалғаннан кейін жақында ғана үлгілі ауылдар қатарынан көрінген Таң ауылының тынысымен таныстық. Мұндағылар таңмен таласа тірлікке шығып, іске кірісіп кетеді екен. Ауылдағы жайқалған жасыл желек көз сүйсіндіріп, табиғатқа деген ықыласыңды арттырады екен. Ауылдың қазіргі ахуалы жаман емес. 244 шаңырақ егін шаруашылығымен шаруасын жүргізіп отыр. Таңдықтар 3852 гектар жерге егін егіп, алдағы уақытта рақатын көрмекке ниеттенген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш көлемі – 2 602 гектар, жаздық бидай – 104 гектар, бақша – 95 гектар, жаңа жоңышқа – 452 гектар, ескі жоңышқа 506 гектарды құрайды.
ТҮЙІН. Жалағаш ауданына жасаған баспасөз турында көңіл қуанарлық жайттарды байқадық. Мұны тұрғындар да растайды. Жалпы, ауданның экономикалық, әлеуметтік ахуалы оң тенденцияға түскен. Әлеуметтік кешендердің кемі жоқ. Әрі тірлікке деген бетбұрыс та бірқалыпты. Тұрғындардан пікір алу барысында «әкімге ризамыз» деген сөзді біразынан естідік. Жұмыс атқарылып жатыр ғой, бірақ оның сапасы мен нәтижесін алдағы уақытта көре береміз. Ауылдарға жағдай жасалып, құрылысқа көңіл бөлініп жатқанын көргенде бір серпілдік. Себебі, қандай аймақтың болмасын, құрылысына «сызат» түссе немесе кенжелеу байқалса, сын тезіне ілігеді. Әзірге мұндай болмайды деген үміттеміз. Ауданның алдағы болашағына сәттілік тілеп, «Сәт сапардан» өттік. «Тірліктің қайнаған шағында емес, қызуы басылған шағында көрген дұрыс» демей ме, өңірдің ахуалын алдағы уақытта тағы да байқап, бағамдап тұрамыз. Қалғаны уақытымен бола жатар.
Ердәулет ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!