Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жемқорлықпен күрескен сайын «жейтіндер» көбейіп келе ме?

01.06.2023, 11:20 258

Сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жою қолымыздан келмейтін дүние секілді. Себебі оған қарсы күрес бұрынғы «жасанды» әдіспен ғана жасалып келеді. Жалпы, сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамдағы ең өткір мәселелердің бірі болып қала беретін құбылыс. Бұл – тек біздің елдегі дерт емес, әлемдік дерт. Масштабы вирустық  дертпен бірдей. Тіпті одан  да  зардабы мол. Өйткені  заңды бұзуға, сот   төрелігін   бұрмалауға, елдің экономика­лық және  әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізе­тін билікті  асыра  пайдаланудың  бір  түрі десек артық айтқанымыз емес. Сыбайлас жемқорлық ең көп тараған елдер­дің тізімін айту этикаға сай емес. Десе де, статис­тиканы біліп жүрген дұрыс болар. Transparency International ұйымының зерттеуіне сәйкес, 2020 жылы әлемдегі жемқорлық ең көп таралған  елдер қатарында Сомали, Судан, Сирия, Йемен және Венесуэла болды. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен елдерге Жаңа Зелан­дия, Дания, Финлян­дия, Швейцария және Сингапур жата­ды. Ал, Қазақ­стан «алтын» ортасын ұстап тұр. Деген­мен, зерттеуге  келгенде  еліміздегі жемқорлықтың өзі бір бұрышқа «жасырынып» қала­тын сияқ­ты. Кешегі Жигули Дайра­баевтың екі ұлы аса ірі көлемде жемқор деп танылса да, үкімет депутат-әкеге сенімін білдіріп отыр. Біздің елде жемқорлық қалып­ты болып бара жатқанға ұқсайды. Бұдан шығатын қоры­тынды: «Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жоқ». Дегенмен, онымен күресте жалақысын алып отырғандар бар. Олар атқарылған жұмыстарын тізбектеп жіберіпті. Көрейік. Әңгі­ме  Қызылорда  облысына  қатысты…

Ресми хатқа жауап мынадай қар­қында басталды. «Мемлекет басшы­сының 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­сатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысында алдағы бес жылға арналған маңызды құжат. Онда сатып алу мен бюджет процесінің ашықтығын арттыру, жемқорлардың жауапкершілігін қатаңдату, қоғамдық бақылауды күшейту  және т.б. түйінді міндеттер мен жүйелі шаралар қамтылған. Қазіргі таңда, біз аталған тұжырымдамада көрсетілген іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Жемқорлыққа итермелейтін жүйе­лі себептер мен жағдайларды жою маңызды. Бұл ретте ақ­параттық-түсіндіру жұмыстарының рөлі зор. Департамент, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мен өңір тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі сала өкілдерінің қатысуымен облыс­тық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, мекемелер мен тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылықты дамыту мақсатында кездесулер, семинарлар мен құқықтық түсіндірме  жұмыс­тарын  жүргізуде.

Университеттер мен колледждер қызметкерлері мен студенттері арасында туындайтын сыбайлас жем­қорлық факторлары, басқа да өзекті мәселелері жөнінде білім беру ұйымы­ның  өкілдері мен студенттеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру, құқықтық мәдениетті дамыту, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын таныс­тыру және  жастардың ұсыныс­тарын тыңдау, пікір алмасу мақсатында  кездесулер  өткізілуде».

Жә, осы да жеткілікті шығар. Әрі қарай да Қазақстан Респуб­ликасы сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменттің жауабы бір сарында жалғасты. Нәтижеге емес, есепке құрылған заман болғаннан кейін депар­таменттің сөзімен сабақтай бере­йік. Жемқорлардың  жегені қате болмаса, журналистің сөзді өзгертпей  салуы  да  қателікке  жатпас.

Бірақ бұдан кері кеткен қоғамды тәрбиелеуіміз мүмкін. Сондықтан өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың жайын ашып жазайық. Кім, қашан, қайда жегенін ұмытып қалып жатса, тілші кімнің, қандай жұмыс атқарып жатқанын біледі. Білуі де керек-ақ. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақ­тағы департаменті 2020 жылдан бастап заңнамаға квазимемлекеттік сектор субъектілерінде комп­лаенс-қызметін құруды енгізді. Бұл қандай көмек берді? Ол ұжымдық сектор талдау жасауға, ашықтықты қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізді. Сондай-ақ, кәсіптің көзін іздегендерге нәсіп берген «Бизнеске жол» жобасын агенттік жыл басында іске қосты. Департаментке сан сауалымызды жолдаған едік. Соның бірі, құрылым сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басқа ұйымдармен және мемлекеттік органдармен қандай  байланыста?

– Департамент «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, аталған жоба негізінде жергілікті кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау және бизнестің дамуына қалыптасқан негізсіз кедергілерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстар ұйымдас­тырып, жүргізіп келеді. Апта сайын «Атамекен» палатасы алаңында кіші және орта бизнес өкілдерін жеке қабыл­дау  жүргізілуде.

Жалпы, жобаны іске асыру басталғалы 454-ден астам кәсіпкерді қамтыған 31 кездесу өткізілді. Пробле­малық мәселелерді талдау мақсатында әлеуметтік желілерде, оның ішінде «Атамекен» палатасының интернет-ресурстарында кері байланыс арналары іске қосылды. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы  кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде түсіндірме жұмыс­тары  жүргізілуде.

Бізге түскен әрбір өтінішке барлық мүдделі тарапты тарта отырып, оларды мүмкіндігінше объективті түрде қарастыруға және заңды құқықтық салада шешуге тырысамыз. Бүгінгі күні Департаментпен аталған жобаның төңірегінде 200-ге жуық кәсіпкердің заңды мүдделері қорғалып, жұмысының  дамуына  ықпал жасалды, – деді Қазақстан Республикасы сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының  м.а. Ернар Мақажанов.

Рас, кәсіпкерлерге әкімшілік кедер­гілер ұшан-теңіз. Жаз айында «қан ішер» маса жәндігі қаптап кетсе, кәсіпкерлерге тоқсан са­йын аяқтан шалу кездесіп жатады. Жақында ғана өңірдің бір кәсіпкері жер учаскесін алу кезінде әкімшілік кедергілерге кездескені жайында мәлімет желіде желдей есті. Ол жергілікті атқару­шы органнан жылыжай салу үшін Қызылжарма ауылында 0,01 га жер учаскесін сұраған. Алайда уәкілетті орган кәсіпкер сұраған жерден үш есе көп 0,03 га жер учаскесін аук­ционға қойған екен. «Кәсіпкер» деген­де көз алдымыз­ға бай елестейді ғой. Бірақ бәрінің қалтасы кең деп кім айтты? Жаңағы кәсіпкердің тиісті қаражаты болмай, аукционға қатыса алмаған. Бұл мәселеге орай департамент жауапты сала мамандарының қатысуымен жиын өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде кәсіпкердің өтінішіне сәйкес, жергілікті ат­қарушы орган 0,01 га жер учаскесін сатып алуға аукцион өткізу туралы шешім қабыл­дады. Осылайша, кәсіпкер аукционға қайта қатысуға мүмкіндік алды. Бұл тек бір мысал ғана. Жаңадан келген басшы Ернар Әбсейітұлы мен жанындағы қосшыларына әкімшілік кедергі­лерге тап болған шағын және орта бизнес субъектілері, туындаған мәселелер бойынша шешімі табылып, кәсібін жалғастырған кәсіпкерлер өз алғы­с­ын білдіруде. Бұған қоса, сыбайлас  жемқорлыққа  қатысты карта бар  екен.

– Қызметімізде бағдар ретінде «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» айқындалып, жасалды. Бұл картаға рәсімдердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде  орындамауына байланысты бұқара мен бизнесті толғандыратын көкейтесті мәселелер енгізілді. Олар ауыл шаруашылығы, жер, жолдар және инфрақұрылым, олигополиялар, білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік саласы. Айта кететін жағдай, бұл карта өңірдегі мәселелердің шешілуіне байланысты тұрақты негізде жаңартылып тұрады, – деді Ернар Мақажанов.

Соңғы уақытта аймақта білім сала­сында бірқатар сыбайлас жем­қорлық  фактісі анықталған. Ке­зінде «нұрланған» тіркестер төгіліп жататын. Қазір «кемелдікке» қатыс­ты тіркестер жетерлік. «Келешекке – кемел біліммен» деп жүргенде білім саласы «қисайып» жатыр. Қазіргі таңда Жаңақорған аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты көпэпизодты қылмыстық іс тергелуде. Олар білім беру мекемелерінің қызметкерлері болып табыл­майтын тұлғалардың есеп-шоттарына еңбекақы түріндегі ақшалай қаражатты аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде. Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынған. Міне, қызық!

Сонымен қатар, департамент мемлекет басшысының сөзін арқау етіпті. 2022 жылғы 21 қаңтарда бизнес-қоғамдастықпен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев бүй депті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­сатта, осы құбылыстың салдары­мен емес, себептерімен  күреске  баса назар аудару қажет» деп ескерткен. Сол себепті ескі емес, жаңа әдістерді департамент  қолдануға  кіріскен.

– Елімізде мемлекеттік органдар және оларға қарасты квазимем­лекеттік сектор ұйымдары өз қыз­меттеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы  ішкі талдау  жүргізуге  міндетті. Ішкі талдау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды тетік. Ол арқылы мекемедегі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталып және зерделенуі қажет. Ішкі талдау нәтижесімен мекеме қызметінде құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жағдайда олардың алдын алу  және  болдырмау  мақсатында  ұсыным  енгізіледі. Бұл жұмыстар ме­ке­ме басшысымен жүргізілуі қажет. Осы  тұрғыда жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында комплаенс-қызметтері енгізілді. Аталған комплаенс-қызметтердің жұмысын дұрыс үйлестіру үшін департаментпен қадамдық алгоритім әзірленді. Бүгінде мамандар комплаенс-офицерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл мекемедегі жемқорлық тәуекелдерін жасырмауға, алдын алуға септігін  тигізеді, – деді Ернар  Әб­сейітұлы.

Шынын айту керек, сыбайлас жемқорлықпен күрес әрбір адамның өзінен басталу керек. Жаттанды сөз болса да, ең шынайы сөз. Тіпті «жегендерді» тауып бергендерге қаржылай сыйақы беріледі. Қоғамды жөндеу үшін ақшаны қоспасақ тағы болмай тұр. Жыл басынан бері жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 10 азаматқа 2 миллион теңге­ден астам жалпы сыйақы табыс­талған.

Соңғы жаңалықтарды да қалыс қалдырмайық. Ұстазға құрметтің құны – 34 499 теңгеден аспауы керек. Егер 34 500 теңге көлемінде мұғалімге сыйлық берілсе, бұл заң аясында қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл белгіленген сома пара беруге жатпай ма? Қысқасы, ұсталмағанның бәрі жемқор емес. Департаменттің жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Алайда елде бедел институты жоқ болса, жемқорлықпен күрес те жоқ дегенді білдіреді.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: