Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасөспірімдердің жүгенсіздігі тыйылмай тұр

09.02.2023, 11:40 297

Елімізде жасөспірімдер арасында қылмыс­тық істер белең алуда. Бұл отбасында ұл мен қыз­дың тәрбиесінің тізгіні бос дегенді білдіреді. Біз адамға оның ортасы әсер етеді деп жиі айтамыз. Алайда ата-ана баласына ақ пен қараны нық түсіндірсе, ортаның пікірі оған әсер етпейтіні анық. Десе де, жасөспірімдердің жүгенсіздігі тыйылмай тұр. Жастардың түнде көше торуылдап, беймезгіл уақытта жүруі, одан қалды ащы сусынға әуес болуы көзге үйреншікті болды. Дегенмен, бүгінгі күні жеңіл қылмыстан ауыр қылмысқа ұласып бара жатыр. Алаяқтық, адам өлтіру, зорлық-зомбылық, әлсізге әлімжет­тік яки буллинг әлемжеліде тараған видеодан жас­өспірімдер қылмысының түр-түрі көбейгенін аңғаруға болады. Жауапты басқармалар алдын алу шараларын жүргізгенімен, статистика басқаша сөйлейді. Республикада бұл бір ізге түсуі үшін мұны өңірден бастау керек. Қызылорда облысында бұл ахуал қалай? Анығын айтайық.

Өткен жылдың нәтижесі бойынша облыста кәмелетке толмағандардың қылмысы айтарлықтай  төмендеген. 2021 жылмен салыстыр­ғанда 44 пайызға азайыпты. Ал, былтыр қандай қылмыстар  тіркелген?

– ҚР ҚК-нің (әрі қарай баптың номері көрсетіледі) 106-бабы қасақана ауыр дәрежедегі дене жарақатын салу – 5, 122-бап бойынша он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қаты­нас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау – 3, 188-бап, яғни ұрлық қылмысы – 20, 190-бап, алаяқтық – 2, 191-бап, тонаумен ұсталғандар – 2, 200-бабы, автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құрыққа сыйымсыз иеленіп алу – 2, 287-бабы, қару­ды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс  құрылғыларын  заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру – 1, 293-бабы, бұзақылық бойынша 3 жасөспірім тіркелді. Осы жылдың бір айлық қорытындысымен  кәмелетке  толмағандардың  қатысуымен  1  қылмыс болды, – деді облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шам­шидин  Амитов.

Есірткіге еліткендерді қозғап, қоғамдық талдау жүргіземіз. Сахнаның төрінде жүрген әнші жастар да есірткі саудасымен айналысып, резонанс тудырғаны ел есінде. Олар өз жазасын заң аясында алды. Міне, солардың ізінен ерген қызылордалықтар бақытымызға орай жоқ екен. Былтыр облыста жасөспірімдердің қатысуымен есірткі саудасына қатыс­ты қылмыс дерегі тіркелмеген. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды боп­салау, әлімжеттік көрсету, кибербуллинг, жыныс­тық қатынасқа итермелеу қылмыс­тары да болмаған. Алайда кейбір өңірде мұндай қыл­мыс­тар жетерлік. Әскердегі әлімжеттік пен зорлық-зомбылықты былай қойғанда, ай сайын жаға ұстатарлық оқиғалар болуда. Жақында ғана Талдықорғанда 15 жастағы жасөспірім 13 жастағы баланы зорлаған видеосы әлемжеліде талқыға түсті. Жалпы, бүгінгі күні Талдықорған облысы қылмыс­тың қайнаған ордасы болып тұр. Қызыл­ордалық жасөспірімдер де қылмыс жасаудан қалыс қалмауда. Арсыздыққа бармаса да, алаяқтықпен айналысуда. Өткен жылы алаяқ­тық бойынша 2 қылмыс болған. Бірі өзге адамның атынан заңсыз шағын несие рәсімдеген. Ал, екіншісі дүкеннен зат алып, ақшасын төлемей кеткен. Бұған қоса, қылмыстық қаруды сақтау, алып жүрудің 1 дерегі болыпты. Қоғамға  зияны  тиетіндей әрекеттер, адам өлтіру  қылмыстары  анықталмаған.

Сыр  бойында  жасөспірімдердің қыл­мысы басқа өңірлерге қарағанда едәуір аз. Бұл сөзімізді облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шамшидин Егенбердіұлы да қуаттайды. Ол «Республикадағы қылмысы төмен облыс – Қызылорда» деп жауап берді. Дей тұрғанмен, нақты нешінші орын екенімізді сұраған болатынбыз. Жә, бұл жауапты қылмыс бойынша көш бастаған он облысқа кірмейді деп қабылдадық. Бірақ облысымыздың аудандары арасында рейтинг жасап көрелік. Қылмыстың «жас серкелері» облысымыздың қай ауданында шоғырланған екен? Және қай өңірдің полиция басқармалары мен аудан әкімдері қамысты бос ұстап, қолын  қиып  отырғанын  көрейік.

Дисклеймер: департаменттің берген мәліметі  бойынша рейтингті өзіміз қойдық.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс бойынша  рейтинг:

1. Қызылорда қаласы 47-ден 24-ке төмендеген.

2. Қазалы ауданы – 4-тен 7-ге көбейді.

3. Арал ауданы – 1-ден 3-ке өскен.

4. Жаңақорған ауданы 8-ден 2-ге азайған.

5. Жалағаш ауданы – 0-ден 1-ге артты.

6. Шиелі ауданы 3-тен 1-ге төмендеді.

7. Сырдария ауданы 2-ден 0,

8. Қармақшы ауданы 3-тен 0 болып, қылмыс анықталмаған.

Статистикаға қарап отырып, былтыр облыс көлемінде қылмыстың алдын алудың  жұмыстары  жүйелі  жүргізілгенін аңғаруға болады. «Бала және отбасы», «Мен және менің полицейім», «Түнгі қала», «Абайлаңыз, балалар!»  акциясы  ұйымдастырылса, «Дема­лыс»  пен  «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел  профилактикалық іс-шаралар мен акция­лары 2 рет өткізіліпті. Аймақта білім беру  онлайн форматта болса да, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынған. Ата-ана мен оқушыларға лекциялар айты­лып, кездесулер жүргізілген. Десе де, өз міндетін атқармайтын бірнеше ата-анаға қатаң жаза қолданылды. Бұл жайында ОПД бас­тығының міндетін атқарушы Шамшидин Амитов   мәлімдеді.

– Есепті мерзімде ювеналды  полиция  бөлі­ніс­терінің  қызметкерлерімен  барлығы 6415 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде әртүрлі құқықбұзушылық жасағандары үшін 6072 тұлға жеткізілді. Соны­мен қатар 305 кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына жатқызылса, 38 жас­өспірім қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ, түнгі уақытта заңды өкілсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрген 5041 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке  тартылды.

Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан ішкі істер органдарының тізімдік және профилактикалық есебіне 140 жасөспірім алынса, ал кәмелетке толмағандарды тәрбие­леу, оқыту және бағып-күту жөніндегі өздері­нің міндеттерін орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің  профилактикалық  есебіне  69-ы  алынды, – деді  ол.

Бұған қоса, өткенде облыс әкімінің ұйым­дастыруымен Н.Бекежанов атындағы театрда «Отбасы – тәрбие бесігі» тақырыбында жиын өтті. Мұнда Шамшидин Амитов баяндама оқыған болатын. Содан бірер сөзді қоса кеткенді жөн санадық. Оның айтуынша, ата-анасының тәрбиесіне көнбей, құқықбұзушылық жасаған 3 бала девианттық мінез-құлықтық балаларға арналған мектеп-интернатқа орна­ластырылды. Міне, ата-ана балаға тәрбие беру­де салғырттық танытса, отбасына ойран, қоғамға опат әкелетіні даусыз. Егер жауапты мамандар жұмысына немқұрайды қараса, елге сын келері анық. Айтқандай, ақпарат таратудан ОПД  бір жерден ағаттық жіберген сыңайлы. Бізге жауап берген хатта суық қару ұстап жүрудің 1 қылмысы тіркелгенін жеткізді. Бірақ Шамшидин Егенбердіұлы жоғарыда айтқан жиында «оқушылар мен студенттердің қоғамдық орында суық қару алып жүрудің 45 дерегі анықталып, олармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді» деп айтты. Департамент бастығының міндетін ат­қарушының  жиындағы  сөзі мен хат жүзіндегі сөзінің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Бұның  жауа­бын  кейін  білерміз.

Жасөспірім шақта аңғалдық басым болып, қылмыстық істерді жасамақ түгілі, ойламауы қажет. Бірақ отбасындағы қажетті тәрбиенің берілмеуі қылмысқа барудың бірден-бір себебі болып тұр. Енді не істейміз? Алдын алу шаралары жүйелі болып, қылмыстық істер төмендеген. Одан іздер кінәрат жоқ. Дегенмен, қоғамға пайдасынан зияны тиіп жүрген жастарымыз да аз емес. Мұның бір ғана нақты шешімі бар. Ең алдымен, заң аясында ата-анаға қатаң жаза қолданылуы керек. Сол кезде ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қара­майтын болады. Сонымен қатар, балаға тәртіптік жазаны күшейту керек. Бәлкім, осы қоғамның есін жиғызар. Ең өкініштісі, кезінде ақса­қалдың бір ауыз сөзі елін, кейуананың бір ауыз сөзі келінін тәрбиелейтін еді. Бүгінгі күні тек айыппұл салып қана халықты тәртіпке бағындыруға қауқарлымыз.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: