Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тынымсыз 365 тәулік

23.06.2022, 16:10 549

HALYQLINE.KZ Детектив деректі болса тіпті керемет, шынайылығы сол, таныс жер-су аттары, таныс адам есімдерімен ұшырасқанда қызығушылығың үдеп, оқып тауысуға асығасың. Жақында сыр сақшыларының жұмыс барысында жасаған ерліктері туралы жазылған “Тынымсыз 365 тәулік” атты кітабын парақтап шықтым. Ішінде полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетовтің ерлігі туралы жазылған “Табельдік қаруды қолдану заңды деп танылсын” деген әңгімені оқыдым.

Оқиға желісі 2002 жылдардан сыр шертеді. Әмірдің Бердібекұлының ОПБ-ның МАЙ бөлімінде 15 жылдай қызмет етіп, криминалды полиция басқармасының жеке тұлғаларға қатысты жасалған аса ауыр қылмастарды ашу бөліміне жедел аға уәкіл болып келген тұсы. Әріптестері криминалды полиция басқармасының 2-ші бөлім бастығының орынбасары полиция подполковнигі О.Дәуленов, жедел уәкілдер полиция капитаны И.Датаев, полиция аға лейтенанты Е.Көбеновпен бірге Қазалыда болған адам өліміне қатысты істі ашуды мақсат тұтып, іс-сапарға шығады. Күдікті қанша айлалы болса да, құқық қорғау қызметкерлері сондай қауқарлы. Осы жолғы із кесуде іс нәтижелі аяқталарына сенеді. Әріптесті төртеу Қармақшының кіріберіс тұсында орналасқан жолаушылар асханасына тоқтайды. Ойлары – ауқаттанып, әлденіп әрі қарай сапар шегу. Қаз-қатар орналастырылған столдардың біреуіне жайғасқаны сол, бұларды көршілердің әңгімесі елең еткізді. Жанындағы столға жайғасқандар гүбір-гүбір әңгімені шыжғыртып жатыр. Сөздеріне қараса Сико дейтін біреуден зәражап болған кісілер көрінеді. Айтып отқандары – қаланың “Шанхай” мөлтек ауданында танымал криминалды топтың абыройлысы. Өзі 3 жылдан бері кісі өлімі, қарақшылық, қыз зорлау деректері бойынша іздеуде жүрген әккі. Онысы бұларға таныс. Неде болса көршілерінен бірдене суыртпақтауға болатынын біліп қызметтес төртеуі лезде амал табады. Әмір Шәймағамбетов түрлі-түсті метал қабылдайтын шымкенттік комерцант, ал қалған үшеуі осындағы әріптестерінің рөліне ене кетіп, әлгі Сиконы әңгімелеп отқандармен танысады. Азын-аулақ әңгіме аясында жіптің ұшы шығып, Сиконы қайдан іздеу керегін түсінеді.

Ауданға келе сала жергілікті ішкі істер бөліміне келіп, әлгілердің тамырын басып тапқан дерегі бойынша Сико жатуы мүмкін деген екі адреске жедел жоспар құрады. Бұларға Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Ахметов Барысбек, полиция майоры, Қармақшы АІІБ нің қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы Исмайлов Уалихан, Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі Жаукеев Ердәулет қосылды. Бірінші үйден дәудің өзі табылмаса да, соның сыбайластары, қылмыстық іс бойынша біраздан іздеуде жүрген төрт адамды қолға түсіреді. Ендігі нысан екінші үй, жеделдетіп жетпесе бұндағы болған жайдан хабар жетіп, іздеп келгендері ізін суытып үлгеруі мүмкін. Мұны түсінген олар екінші үйге қарай аяндайды. Түн баласы тыныштық құлаққа ұрып тұр. Ұйқыменен өлі тең, ұйықтап жатқан жерінен тапбермекке үйге Оразбек пен Барысбек кіреді де, Әмірбек пен Ислам терезеден секіріп сытылып кетпесін деп сыртта қалады. Ішке кіргеннен жанұшыра алысқан адамдар дыбысы түн тыныштығын бұзды. Жоспарлары жазбай орын алып, күдікті терезеден сыртқа лап қояды. Сол тұста “Әмір ат!” деген дауыс шықты, Әмірбек жеделдетіп терезе тұсына қару кезеніп тұрғаны сол еді, іштен секірген әлгі Әмірбекті қағып өтеді. Күдіктімен алысып жүргенде қару бірнеше метр жерге ұшып түседі. Қашқан қылмыскердің артынан ұзақ ойланатын уақыт жоқ. Біразді көрген сен тұр мен атайынның өзі ғой, ойланбастан екі мәрте ескерту оғын ауаға атып, үшіншісімен аяғынан қағып түсереді, Әмірбек. Айсыз қараңғыда алыстағы адамды аяқтан атып тоқтату да мықтылық. Қанды қол қылмыскер ұсталғанымен іс онымен бітпеді. Оқиға кезінде адамға қатысты табельдік тапаншадан оқ атылғаны үшін қызметтік тексеріс болады. Дегенмен оқиға кезінде қылмыскерді ұстау үшін қару қолданылғаны дәлелденіп, Әмір Шаймағамбетов ҚР ІІМ-нің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталады.

Бұл жазылған бір оқиға ғана. Асылында жыл он екі ай халық қауіпсіздігі мен бейбіт өмір үшін жан алысып, жан берісіп күресіп келе жатқан Сыр саңлақтарының әр жұмыс күні қауіпке толы өтеді. Қиыннан жол тауып, керек жерде, керек уақытта оқиға орнынан табылатын құқық қорғау қызметкерлерінің еңбегі адал, ерлігі ұрпаққа үлгі. Бүгін Тәуелсіздік жылдарынан бері бүгінге дейін тұрақты қоғам мен қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету үшін үздіксіз қызмет етіп келе жатқан ҚР-ның полициясының құрылғанына – 30 жыл. Осынау уақытта полиция сабында қызмет еткен әрбір азамат ұлтқа пана, елге сая бола білді. Мерейлі мереке аясында еліміздегі барша полиция қызметкерлерін, құрметті еңбек демалысындағы ардагерлерді құттықтаймын. Әркез бейбіт күн болсын!

Шернияз ЖАЛҒАС,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: