Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тар түсінікті кеңейткен тар қапас

18.11.2021, 11:00 388

Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын…

Ел  Президенті   Қ.Тоқаевтың  Қазақстан  халқына  жолдауынан.

Есірткіге елітіп, есінен адасқан азаматтардың қарасы көбейіп, бұл дерттің зардабы өршіп, адам өміріне қауіпті жаңа түрлері шыға бастады. Құдды бір әжесінің құртын сағынғандай тұтынушылардың саны артып жатқаны таң қалдырады. Көкейін тескен жандардың көпшілігі бұл жалғанда бір-ақ рет өмір сүргесін барлығын көру керек дегенді теріс ұғынатын секілді. Дәмін татты, артынша абақтыға жабылды. Үйінде бірінің анасы, екіншісінің әйелі көзінен емес, жүрегінен ыстық жас төгілуде, ал ұрпағы мәңгілікке нашақордың баласы деген лауазымды өшіре де алмас, сірә. Өзінің өмірін ғана емес, түгел ұрпағын құртқанын қазақ жігіттері аңғармай ма? Нашақорлық кеселден қалай құтқарамыз? Не істеу керек? Тек жиналыспен, құрғақ сөзбен халықты алдарқатудан жалықпайтын биліктің қолынан келмесе, жастардың оның құрығынан құтылудың әрекетін біз іздеп көрдік.

Қаладағы ЗК-169/1 тергеу изоляторының бастығы, әділет подполковнигі Алмат Тасқараевтан сотталғандардың түзету мекемесінен кейінгі өмірі және қазіргі таңда берілетін тамақ түрі, бір адамға қанша қаржы жұмсалатыны туралы, сондай-ақ түрме кітапханасы жайында сұрадық. Түрмеде көпшілігінің ермегі – кітап оқу. Алайда кітаптың мазмұны тексеріле ме? Себебі психологиялық тұрғыда кері әсерін тигізіп, қайтадан сол әрекетке немесе басқа да қылмыстық әрекетке баруы сөзсіз. Осы және басқа да қордаланған мәселеге қатысты өз жауабын берді.

– Біздің мекемеден жаза мерзімін өтеп шыққан азаматтарға қоғамға қайта бейімдеу бойынша «Қақпа алдында кездесу» бағдарламасы  бойынша жұмыс атқарамыз. Сотталған азаматтардың жергілікті атқарушы мекеме қызметкерлерімен кездесуі ұйымдастырылған болатын. Бұл кездесу барысында сотталған азаматтарға  бостандыққа шыққаннан кейінгі әлеуметтік байланыстарды орнату, кәсіби білім алу, біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмек алу, құқықтық көмек, құжаттарын  қайта қалпына келтіру бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сотталғандардың  тамақтануы ҚР Үкіметінің 28.11.2014 ж № 1255 қаулысымен жүзеге асады. Мұны ашып айтамыз деп кезінде басымыз дауға қалған болатын. Кезінде халық арасында жаңсақ пікір қалыптасып қалған еді. Кітапханада кітап мазмұны міндетті түрде тексеріледі, – деді.

Нашақордың өзімен жүзбе-жүз сөйлесіп, жастардың әлсіз санасына соққы беру үшін ҚР ҚАК-нің 92-бабымен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған А. есімді азаматтан жараның аузын тырнағымыз келмесе де, өз өмірінің жауырынынан жел өткізуіне қандай жағдай себеп болғанын білуге тырыстық.

– Есірткінің құрығына қашан түстіңіз? Тұтынуға не түрткі болды?

– 2004 жылы 27 жасымда алғаш рет қолдандым. Мектепті тамамдағаннан кейін алғашында ащы су ішіп жүрдім. Шыны керек, арақ жақпады. Есірткі қолдануыма айналамдағы адамдар әсер етті. Қасымда бір нанды бөлісіп жүрген достарым «көрсей» деп ұсынды. Бір-екі шектім. Содан кейін әуестеніп кеттім. Өзімді тежеу  қиынға  соқты.

– Есірткінің қай түрі болса да зиян. Бауыр – бұл препаратты қолдану кезінде «соққы алатын» бірінші орган. Мұнан бөлек, психикалық ауытқуға, дем алу аппарат­тарына, өкпе, жүрек, нерв жүйесіне, жыныс мүшеге де қауіпті. Міне, соны білген  жоқсыз  ба?

– Білдім. Бірақ,  қолдануға  ештеңе тұсау болмады. Керісінше, жанға дауаны есірткіден  іздедім.

– Ағзаңызға  қандай  әсерін  тигізді?

– Алғашында денсаулығыма зиянын байқамадым. 4-5 жылдан кейін сезілді. Ұмытшақтық пайда болды. Күн өткен сайын денсаулығым күрт нашарлай бастады. Дегенмен шеккім келіп тұрған соң, өзімді  тоқтата  алмадым.

– Сіз жаңа сөзіңізде 2004 жылдан бас­тап, есірткіні қолдандым дедіңіз. Темір торға түскен күнге дейін есептесек, 16 жыл өтіпті. Осы аралықта полиция қызмет­керлеріне ұсталып, бірақ ақша ұсынып  босатқан  кездері   болды   ма?

– Жоқ!

– Мүмкін емес. Сіз бір айда ұсталған жоқсыз. Қанша жыл өтті ғой. Тіпті бір адамның  ғұмыры. Ештеңені  жасырмай, бүге-шігесіне дейін баяндап берсеңіз. Себе­бі  бір  сөзіңіз  қоғамды  өзгертуі  мүмкін.

– Мүлде  болған  емес. Мен қалтама  салып  жүрмедім.

– Жақсы, тығылып шегіп отырған жеріңізден…

– Жо-жоқ. 2020 жылға дейін ешкімге ұсталған емеспін.

– Мақұл. Бейресми ақпараттарға сүйен­сек, құзырлы органдар коррупция­мен айналысады дейді. Тіпті интернет желісінде есірткіге еліткен жандар «бұл – Қазақстан» деп айтуда. Демек, жауапты мамандардың салғырттығының әсерінен қалың жұртшылықты, әсіресе, өскелең ұрпақ­ты наркоманиядан сақтандыра алмай келе жатқанымыз байқалады. Сол себіпті шындықты жасырмай айтқаныңыз дұрыс болар  еді…

– …

– Ақыры ұзақ жылдар бойы жұлдызыңыз оңынан туып, құрыққа түспеген екенсіз. Дер кезінде неге қойып кетпедіңіз? Бүгін барлығын доғарамын деп өзіңізге уәде берген кездер болды ма?

– Жасыратын ештеңесі жоқ. 2019 жылы  ойлана  бастадым.

– 2019 жылы?

– Иә, енді болмайды. Қояйын деген ойлар келді. Барынша азайтам немесе қоямын деп те жүрдім. Бірақ есірткіге келгенде күш-жігерім әлсіздеу болып тұр. Шүкір, бұл да бір Алланың сынағы шығар. Ең бастысы, ешкімге зияным тиген жоқ. Есірткіні сату, тарату, өндіруге қатысым  жоқ.

– Есірткінің бағасы қалтаға қонымды деуге де болатын шығар. Алайда тұрақты пайдаланған кезде көлемі көбейіп, құны да артады. Сіз есірткі тұтыну үшін қандай ессіз  әрекетке  бардыңыз?

– Есірткі қолдану үшін ешқандай оғаш әрекетке бармадым. Жұрттың жерін қазып берейін, қалай болсын ақша табамын. Өз еңбегіммен жасыратыны жоқ. Жұмыс істедім. Айлығымның жартысын осыған салып шығамын. Себебі ағзаға сіңіп қалғасын іздеп тұрады. Жоқ кезінде нервный  болып  кетесің…

– Міне, осындай кезде теріс қылық­тарға барған кезіңіз болмады ма?

– Жоқ, болмады. Мен өзімді құртқанмен, жақындарыма зиянымды тигізбеуге тырысамын. Менің барым да, байлығым да – отбасым.

– Балаларыңыз бар ма?

– Иә, үш балам бар. Әйелім бар. Жақындарыммен кездесуге барлық жағдай жасалған. Қауышып, көрісіп тұрамыз. Ол жағынан ешқандай қиындықтар туындаған емес. Тіпті пандемиялық ахуал­ға  байланысты каранитин күшейген кезде де онлайн  кездесіп  тұратын  едік.

– Керемет! Білесіз бе? Бразилияда кітапты көп оқыған қылмыскерлерге жаза жеңілдетіліп, тіпті уақытынан ерте босатады деген ақпарат бар. Біздің мемлекеттік заңға мұндай өзгерістер келуі ықтималдығы аз. Дегенмен кітапты қаншалықты жиі оқисыз?

– Мен кітап, газет-журналдарды көп оқимын. Бала кезімнен «Балдырған» журналын, «Ана тілі» газетін оқитынмын. Біздің түзету орталығындағы кітапханада көптеген тарихи, танымдық, тіпті заңға қатысты кітаптар қамтылған. Құнды қазы­намыз  әдеби  туындыларды да оқимын. Газет бетіндегі еліміздің жаңалық­тарымен де таныспын. Уақытымның біршамасы сол жерде өтеді. Өмірімді жақсы бағытқа өзгертуге, рухани баюға ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап деп білемін.

– Мысалы… соңғы рет қай кітапты  оқыдыңыз?

– Соңғы кездері Жаяу Мұсаның өлеңдерін оқып жүрмін. Ақынның шығармаларында халқымыздың тағдыры, қайғы-қасіреті, арманы, тебірентіп толғанған көрінісі көрінеді. Халықтың жырын жыр­лаған ғой.

– Түзету мекемесінде бірі кәсібін дөңгелетсе, енді бірі өздерінің жаңа өнерлерін ашып жатқанын көріп те, естіп те жүрміз. Сіз өзіңіздің қандай қабілетіңізді аштыңыз?

– Мен сызу-жазуға жақынмын. Арасында шабыт келіп, қолыма қалам алып өлең жазып тұратыным бар. Отбасымды, жерімді сағынып, жүрегімнің түкпірінде жатқан ойларды қара өлеңмен келістіріп жазамын. Бұл ақындық менде кезінде де болған. Ақындығымды құртқан наша деп ойлаймын. Ұмытшақтық, бірнәрсеге зейін қоя алмайтын халге де ұшырап қалдым. Енді осы қателіктің орынын толтыру үшін 50 жас болса да қыл қаламды қолыма алып, өлең жазсам ба деп жүрмін. Ал түзету мекемесінде отбасымның қамы үшін еңбек етіп, тапқан табысымды соларға жіберіп отырамын. Соның арқасында қазіргі таңда біршама жұмысты істеп көрдім. Бау-бақшамен айналысып та жүрмін. Бұрында да еңбекқормын, тек соның қадірін түсінуді үйретті десем болады. Жұмыстан қашпаймын. Табаныма батпасын деп айқыш-ұйқыш жерлермен жүрмейтінмін.

– Осы әрекетіңізге өкінесіз бе? Және кінәлімін деп есептейсіз бе? Немесе  бұған кім  кінәлі?

– Өкінемін! Әке-шешемді қоғамда еңсесін көтеріп жүре алмай, қанатын қиғаныма өкінемін. Отбасымды жер қылғаныма өкінемін. Бала-шағамның әкенің қамқорлығын, жылулығын сезіне алмай келе жатқанына өкінемін. Наша­қор деген өшпейтін атақ алғаныма өкінемін. Өкінгенде қандай! Ешкімді кінәлі деп айта алмаймын. Осыны ұсынған достар­ыма «жоқ» деп айтпай, артынан ерген  өзім  айыптымын.

– Сол азаматтармен әлі араласасыз  ба?

– Енді араласпауға тырысамын. Көріп жатсам, міндетті түрде қойыңдар деп айтамын. Кезінде маған да айтуын айтты ғой. Құлақ аспадым. Оларға да айтып, ескертемін. Әрі қарай шешім өздерінде. Алайда осы наша дегенді менің күнімді кешпей ертерек қойса жақсы болар еді. Өсіп келе жатқан ұрпағымды барынша Тәңірім жүректерін қара дақтан тазарт­сын деймін. Есірткі болсын, басқа да қылмыстық әркетке бармауларын сұраймын. Тар қапасқа түспеулерін тілеймін.

– Болар іс болды. Бояуы сіңді. Енді не істейсіз? Өміріңізді өзгертуге дайынсыз  ба?

– Иншалла, дайынмын. Өзімді болашақта мешітте жамағатпен бірге намаз оқып жатқанымды елестетемін. Отбасымның қасында солардың қызығын көру – арманым. Жіберген орны толмас қателікті құлан-таза айықтыра алмасам да, сәл болса өзгертіп, көңіл бөлуге тырысамын. Болашақта ешқандай қылмыс жасамайтыныма уәде беремін.

– БАҚ өкіліне сұхбат беремін деп келіс­кеніңізге алғысымды білдіремін. Және сіз тек шындықты айттыңыз деп сенемін. Біліп жүріңіз, өтірікке толы қабырға бір күні кішкене жарықтар береді.  Міне, сол кезде қабырға құлап, ақиқат ағыны мына жауыз әлемге енеді. Қанша шындықты тұншық­тырғанмен уақыты келгенде бәрі ашылады. Өйткені, шындық – тат баспайтын асыл. Сізге қылмыстық кодекс аясындағы жазаңызды өтеп, жақындарыңыздың жанында болуды нәсіп етсін. Әңгімеңізге рақмет!

Түрмедегімен  тілдескен 

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: