Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыбайлас жемқорлықпен күресудің механизмі қандай?

07.11.2020, 15:00 247 0

«Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсатпен кездейсоқ рақат үшін емес, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында»

Әл-Фараби

Парасат – жеке-тұлғаның қадір-қасиетін, кісілік кемелдігін білдіретін жиынтық ұғым. Парасаттылық – адам бойындағы кісілік қасиет. Парасаттылық ұғымы ақылдылық пен білімпаздық, мәдениеттілік, көрегенділік, зерделілік мағынасында қолданылады. Парасатты адамға адамгершілік, инабаттылық, салиқалылық, мейірімділік, ізгілік, әдептілік, ұстамдылық, талғампаздық қасиеттері тән.

Парасаттылықтың басты құндылығы – мемлекеттік қызметшілер тарапынан әрбір азаматтың мәселесіне терең үңілуге және қос тараптың қарым-қатынасы нәтижесінде туындайтын әкімшілік кедергілер мен негізсіз әуре-сарсаңдарға жол берілмеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай оң өзгертулер лауазымды тұлғалардың таным-түйсігін арттыра түсіп, мұң-мұқтажы мен жанайқайын арқалап келген азаматтардың мәселелеріне жақындай түсуіне едәуір ықпал етуде.

Қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді.

Қазақстанда экономиканы жандандыру және ауқымды әлеуметтік түрлендіру жағдайында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заманауи әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланысқан бүтіндей стратегияның қажеттілігіне анық көз жеткізілді.

Осыған байланысты 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілді.

Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа кез келген жемқорлықтың туындауына «нөлдік» төзімділік таныту атмосферасын құру жолын қолдану арқылы барлық қоғамды тарту, сондай-ақ Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Бұл стратегия толық өз нәтижесін беру үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын- алуға барлығымыз ат салысуымыз қажет.

Сыбайлас жемқорлықты феномен ретінде қоғамдық санадан, оның белгілі бір әлеуметтік жағдайларда қалыптасуы мен өзгеру динамикасынан бөліп қарастыруға болмайды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар, оларды тергеу, кінәлілерді жауапкершілікке тарту – мамандардың ісі, бірақ осы жұмыстың нәтижелері, сыбайлас жемқорлық тәуекелдің туындау себептеріне қатысты еліміздің әрбір азаматының өзіндік жеке пікірі болуы тиіс. Ол өзінің жеке бағдарларын, адамгершілік ұстанымдарын, діни идеяларын басшылыққа алуы тиіс, сондықтан оның сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері туралы түсінігі нормативтік және ғылыми дефинициялардан ерекшеленуі мүмкін.

Қоғамдық өмірдің жағымсыз құбылысы ретінде сыбайлас жемқорлық қоғамдық айыптауды туындатады, алайда әртүрлі әлеуметтік топтарда оларға төзімділік дәрежесі бірдей емес. Өмірінде сыбайлас жемқорлық фактілерімен ұшырасқан әрбір адам оны азамат пен мемлекет өкілі арасындағы өзара қарым-қатынаста, азаматтардың өз арасында және бизнес саласында орын алмауы тиіс қоғамдық зұлымдық ретінде бағалайды.

Моральдық нормалар мен олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудағы рөлі

Адамзат өркениеті тарихында діни ілімге негізделген мораль нормалары тұлғаның қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Адамның моральдық қағидаттарды саналы түрде сақтауы оның сыбайлас жемқорлыққа деген қатынасы бойынша ұстанымына байланысты. Ол оны кез келген мемлекеттік құрылыстың мәңгі жолсерігі немесе нақты қарсы тұра алатын және қарсы тұру қажет жағымсыз қоғамдық құбылыс ретінде қабылдайды. Сыбайлас жемқорлық қоғамдық зұлымдық ретінде қоғамға ыдыратушы ықпал етеді. Әсіресе бұл адамдардың қылмыстық мінезқұлқын, сыбайлас жемқорлық фактілерін интернет желісіне қол жеткізетін тіпті оқушылардан жасыра алмайтын қазіргі ақпараттық технологиялар ғасырында қауіпті. Жастарды тәрбиелеудегі кемшіліктер мен қателіктер, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық ықпал үшін әлсіз санаттарына тиісті көңіл бөлмеу аса жағымсыз салдарға әкеледі. Сыбайлас жемқорлық дендеген адамдардың адуындығы мен арсыздығы, олардың қылмыстық қызметінің нәтижелері адамгершілік құндылықтарының құнын жояды және қоғамның адамгершілік ұстанымдарын әлсіретуі мүмкін. Адамгершілік, әділдікке сену, этикалық мінез-құлық нормаларын сақтау қажетті жағдайлар кешенін білдіреді. Осы құрамдас бөліктерсіз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптаса алмайды және мемлекеттік жазалау саясаты пәрменді бола алмайды.

Адамгершілік бастаулары тамыр жайған қоғамда заңдар сақталады, жемқор өзін қолайсыз сезінеді, оның іс-әрекеті шектелген және өзінің қылмыстық мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмайды. Басқаша айтқанда, мораль (қолданыстағы мінез-құлық ережелерінің жиынтығы ретінде) және жоғары өнегелі орта жемқордың қылмыстық іс-әрекетін аса қиындатады. Өзі байқаған нәрседен адам сыбайлас жемқорлыққа және оның қоғам өмірі мен өзінің өмірлік қағидаттарына жағымсыз ықпалына қатысты өз тұжырымын жасайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жазалау тетіктеріне немесе ғылыми зерттеулерге ғана сүйенбеуі тиіс. Адамдардың сыбайлас жемқорлық туралы моральдық құндылықтар негізінде қалыптасатын түсінігін басты мәселе қойған жөн.

Ақзада МАДАЛИЕВА,

з.ғ.к, ақпараттық-ағартушылық штаб құрамының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: