Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шетелдік көліктерді заңдастыру шешімін тапты

13.01.2023, 15:56 505

Бұған дейін мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру жайында шешім шығарды. Ол заң елімізде шетелден келген көліктердің шетелдік нөмірін мемлекеттік нөмірге алмастыру қажет деген қағида бойынша жүзеге асады. Осы бойынша облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрмахан Пазылов және облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Процессингтік орталығының бастығы, полиция майоры Нұркен Бахтияров   өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг беріп, көлікті заңдастыру бойынша қандай қадамдардан өту керектігін айтты.

Үкімет биылғы жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын алғашқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті. Ережелер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, яғни бүгін жарияланғанын ескере отырып, олар 2023 жылдың 23 қаңтарында (дүйсенбіде) күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз, – деді Нұрмахан Сансызбайұлы

Көрсетілген Қағидаларда автокөліктер төмендегідей жағдайларда 200 000 теңге алымын төлей отырып және утиль алымынан босатыла отырып, заңдастыруға жататын нақты өлшемшарттар белгіленген. Олар:

         біріншісі – көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек;

         екіншісі – іздеуде болмауы қажет;

         үшіншісі – басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болу тиіс;

         төртінші – кедендік тазартудан өтуі керек.

         Ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін)және шағын жүк автомобильдеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде оңжақты басқару органдары бар автокөліктерге қолданылады. Және бастапқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жасына және экологиялық сыныбына талап қойылмайды.

           – Автоколікті заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы Авто ХҚО-ға жеке жүгіну арқылы беруге болады. Сондай-ақ, Авто ХҚО-да тіркеу барысында Әкімшілік полиция қызметкері болады. Олар заңдастырудан өту тәртібін түсіндіріп береді. Одан бөлек, Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де қажетті кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіретін болады, – деді Нұркен Бахтияров.

           Қызмет алуға мынадай 4 құжат қажет болады. Олар:

1) өтініш;

2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

3) көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік;

4) көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (оларға: осы мүлікті сатып алу-сату, бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген жағдайда, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болып табылады).

    – Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралы Авто ХҚО-ның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі жүргізеді. Азаматтар ағыны ұлғайған кезде олардың санын көбейтеміз. Біз салыстырып тексеруден өткеннен кейін екі күн ішінде көлік құралын заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығаруымыз керек, – деді Н.Пазылов.

Көрсетілген мерзім ішінде көлік құралы Қағидаларда айқындалған өлшем шарттарға сәйкестігі тексеріледі. Яғни, елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінгені, іздестіруде болуы, кедендік тазартудан өтуі, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығару мәніне тексеріліп, қаралады.

Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған және автокөліктің шекарадан өту есебі оның ВИН-коды бойынша жүргізіледі.

Сонымен қатар, шекара қызметінде немесе Мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған кезде (мысалы, егер автомобиль Қазақстан аумағында жеткілікті ұзақ уақыт болса), автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болған күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша анықталатын болады.

Көлік құралын тіркеуге арнайы Авто ХҚО-ға қайта келген кезде көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмір (9 660 теңге) мөлшерінде алым төлейді және құжаттардың түпнұсқаларын Авто ХҚО қызметкеріне тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі. Айта кеткен жөн, шетелдік автокөліктерді осы кездегі заңдастыру жұмыстары – бір реттік жұмыс. Заңдастырудан өтпейтін немесе 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автокөліктер және Қазақстан азаматтарымен жалпы тәртіппен тіркемейтін автокөліктер ел аумағында заңсыз пайдалануда жүр деген сөз. Сондықтан, шетел нөмірін тағынған, тіркеуде жоқ көлігіңіз болса, аталған шарттарды орындап, заңбұзушылықтың алдын алғаныңыз жөн.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: